Қазақ елі халықтар достығын, ынтымақ пен бірлігін кеңінен насихаттап, адам құқығын ту етіп биікке көтеріп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанымыз достық мекенінің киелі шаңырағына айналып отыр. Қазақ елін қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барлық этнос өкілдері сол шаңыраққа шаншылған уықтар болып есептелетіні сөзсіз.

Сондықтан ортақ Отанымыз Қазақстан Республикасының босағасын берік, шаңырағын биік ұстау бүгінгі жастардың қасиетті борышы деп білемін.
Өзім, киелі Жалпақтал ауылының тумасымын. Ата-бабаларымыз ертеден осы өңірді мекендеп, Жалпақтал елін атамекеніне балаған. Біздер де қазір сол үрдісті жалғап, Жалпақтал ауылында өмір сүрудеміз. Ұлтым — орыс. Әкем Владимир, анам Татьяна. Мен ата-әжемнің қолында Жалпақтал ауылында тұрамын. Мектепте оқу озатымын. Қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатысып жүлделі І орын алып жүрмін. Жақында Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі базасында «Кондитер» құзыреттілігі бойынша 9 сынып оқушылары арасында өткен аудандық «JuniorSkills Jalpaktal – 2025» чемпионатында ІІ орын алдым.

Ауыл жастары үшін ұлттық игілігімізге айналған азаматтық татулықты сақтау – басты міндетім деп есептеймін. Өзімді елімнің болашақ патриоты санаймын. Сондықтан, жас болсам да, жергілікті жердегі орыс ұлты өкілдері атынан барша ауылдастарымды 1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық, шаңырақтарына шаттық, береке, бірлік тілеймін! Халықтар арасындағы бірлік пен ынтымағымыз нығая берсін!
Екатерина Терехова
Ғинаят Молдашев атындағы ЖОББМ оқушысы,
Казталов ауданы