2.05.2025, 10:15
Оқылды: 704

Саид  Алиев, педагог-шебер: «Ауыл мектептерінің мұғалімдерін кәсіби тұрғыда дамытуға көп көңіл бөлу қажет»

Ол мені күліп қарсы алды. Жүзінен нұр төгілген педагогтің ішкі мәдениетінің жоғары екендігі бірден байқалады. Әпдегеннен әңгімеміз жарасып, сонау жылдарға бойлап кеттік. 

11d4d3c3-86fb-4bc3-9147-895ebaa7ced8

Бүгінгі кейіпкеріміз Саид Зохрабұлы Алиев 1975 жылы Жаңақала ауданының орталығында, педагогтер отбасында дүниеге келген.  Әкесі – әзербайжан, анасы – қазақ. Кішкентай кезінен анасы Римма Сапарқызының мектеп пен үй арасындағы тынымсыз тірлігін көріп өскен Саид Зохрабұлы мұғалім болуды бала кезден армандайды.

– Анам Римма өз ісіне берілген педагог еді. Кітапты өте жақсы көрді. Біздің үйде үлкен кітапхана болды. Ол еңбекақысына толтырып кітап сатып әкелетін еді. Үлкен ағам Рамиль екеуі кітапты жарысып оқитын. Анамның әкесі – қазақ, анасы татар ұлтының өкілдері болған. Түпкі нағашы әжелерім Бөкей ордасына Жәңгір ханның жары Фатимамен бірге көшіп келген деседі. Сондықтан ататек сұрасқан кезде «Жәңгір хан жездем болған» деп әзілдейтінім бар. Отбасында үш ұл өстік. Өкініштісі, үлкен ағам 2015 жылы өмірден өтті.

Өзім егіздің сыңарымын. Сыңарым Муслим Шымкент қаласында тұрады, өз кәсібі бар. Мен анамның оқушылардың үй жұмысын тексергенін, келесі күнге жоспар жазғанын көріп өскендіктен, мұғалім болуды жаныммен қалап, 1993 жылы Орал қаласындағы педагогикалық университетке оқуға түстім, –  деп әңгімесін  бастады  кейіпкерім.

1997 жылы оқу бітірген соң, Саид Алиев Жаңақала орта  мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын  бастайды. Еңбек жолында ол шығармашыл, бастамашыл педагог ретінде танылып, оқытуда заманауи тәсілдерді енгізумен ерекшеленеді. Сол жылы ол ауыл мектебінде «Прометей» атты интернационалдық достық клубын ұйымдастырады. Бұл клуб оқушылар арасында толеранттылық, түрлі ұлт арасындағы  өзара түсіністік пен ынтымақтастықты насихаттауға бағытталды. Аудандағы орыс, татар, башқұрт, шешен ұлтының өкілдері бас қосып,  «Прометей» клубы 2023 жылға дейін белсенді қызмет атқарады. Білікті ұстаз клуб аясында түрлі мәдени-білім беру шаралары, достық фестивальдерін өткізіп, оқушыларды ұлтаралық достық пен патриотизм рухында  тәрбиелеуге  аса  мән  береді.

Ширек ғасырдан астам педагогикалық қызметте жүрген Саид Зохрабұлы кәсіби дамуға ұмтылыс танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Ол 2008 жылдан бастап  RWST бағдарламасы бойынша сыни ойлауды дамытуға бағытталған сертификатталған мұғалім атанды. Бұл бағытта педагог сыни ойлау дағдыларын қалыптастырудың озық әдістерін енгізіп, оқушылардың танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін арттыруға ерекше көңіл бөледі. RWST бағдарламасы бойынша жұмыс істей жүріп, Саид Зохрабұлы оқыту сапасын жақсартуға және білім беру процесіне инновациялық тәсілдерді енгізуге зор үлес қосты.  2015 жылы ол бірінші  деңгейдегі мұғалім атанып, әріптестері арасында көшбасшы болып танылады. 2017 жылы мектеп тренері мәртебесіне ие болып, мұғалімдерді «Тиімді оқыту» курстарында оқытып, өз тәжірибесі мен инновациялық әдістемелерімен бөлісе бастайды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін педагогтің  «Ең үздік сабақтар», «Менің зерттеуім», «Көшбасшының ізімен», «Мұғалімнің алтын жүрегі» атты жобалары оқушылардың да, әріптестерінің де білім алуға деген қызығушылығын арттырып, алға жетеледі.

Біз бар ғұмырын шәкірттерге білім беруге арнап, нәтижелі еңбек етіп жүрген тәжірибелі педагогтен «Қазіргі балалар оқығысы келмейді, олармен жұмыс істеу өте қиын, шаршадық» деген әңгімені мұғалімдерден жиі еститінімізді алға тартып, бұл сұраққа қатысты  пікірін   сұрадық.

– Бұл ағымға ілесе алмай қалған мұғалімдердің әңгімесі болар. Қазіргі балалардың ойлау қабілеті, дүниетанымы бөлек. Олардың сұранысына жауап беру үшін бізге көп іздену қажет. Бұрынғы тақта, бормен жұмыс істеп, сол жүйеде қалып қоймаған жөн. Халықаралық зерттеулерді қарап, нейропсихология, нейропедагогиканы оқып, қазіргі балалардың психологиясын өзіміз зерттеуіміз керек. Бүгінгі оқушылар сабақ сайын жігерлендіріп алғанды жақсы көреді. Қазіргі балаларды бағамен, балмен қорқытсаң, олар сені кешірмейді. Сондықтан оқушыларға тек рух беріп, жұмыс істеу керек.  Әр сабақты бастар алдында «Ал, балалар, бүгінгі күннің көшбасшысы немесе алтын адамы кім болады екен?» деп айтамын. Балалар «мен, мен» деп шулай жөнеледі. Әрі сабаққа белсене қатысады. Сабақ аяғында олар  кімді айтар екен деп күтеді. Тек оларды қызықтыра білу керек. Тағы бір маңызды нәрсе, алдыңда отырған оқушылардың бәрін шынайы жақсы көр.

Олар оны бірден  сезеді. Сонда оқушы мен мұғалімнің арасында көзге көрінбейтін нәзік байланыс пайда болады. Балалар өзін жақсы көрген мұғалімге еріксіз тартылады. Сабаққа белсене қатысып, тапсырманы орындайды. Тағы бір қасиетім, оқушылардан ешқашан баға аяған емеспін. Үшке  оқитын оқушым сабақты сәл жақсы оқып келсе, оның бағасын кішкене көтеріп қоямын. Сонда ол  екінші күні, үшінші күні тағы да жақсы оқып келіп, белсенділік таныта бастайды. Бұл – үлкен психология,    – дейді  Саид  Зохрабұлы.

Ол  өзінің балалық шағы өткен, алғаш еңбек жолын бастаған Жаңақала орта мектебінде табан аудармастан 25 жыл еңбек етті. Мектеп қабырғасында талай шәкірттің жүрегінен жол тауып, жігерін жанып, қанатын қатайтып, алға жетеледі. Оқушыларымен бірге армандап, олардың өз мақсатына жетуіне  темірқазық  бола білді. Саид Зохрабұлы мектептің тәрбие жұмысын ілгерілетуге де елеулі үлес қосты. Ол сынып жетекшісі ретінде оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға және ұлтаралық достықты дамытуға ерекше назар аударды. Оның ұйымдастыруымен құрылған мектеп мұражайы оқушыларға туған жер мен ел тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін мәдени орталыққа айналды. 2007 жылы кейіпкеріміз жетекшілік еткен 11-сыныптағы 19 оқушының 16-сы жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, алғашқы «Алтын белгі» иегері  де осы сыныптан шығады.  «Бұл – үлкен жетістік. Бірақ жалғыз менің еңбегім емес. Сол балаларға сабақ берген барлық педагогтің, әсіресе бастауыш сыныпта білімнің негізгі іргетасын қалап берген бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі дер едім», – дейді Жаңақала орта мектебінде еңбек еткен кездерін  еске  алған  педагог.

Кейіпкеріміздің шәкірттерге білім мен тәрбие берудегі жетістіктері жоғары бағаланып, 2019 жылы ол «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын иеленсе, 2022 жылы «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы  атанды.

Педагог-шебер санатын жоғары деңгейде қорғаған Саид Зохрабұлы 2023 жылдан бастап Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясында жұмыс істейді. Еңбек жолында өсіп, өрлеп, жоғары жетістіктерге жетуіне жол ашқан алтын ұясы Жаңақала орта мектебімен қимай қоштасқанын жасырмайды. Бірақ ол жайлы аймақта отыра бермей, заман ағымына ілесіп,  өзгеріп, алға даму қажеттігін ұғынады. Бірнеше жыл ауыл мектебінде еңбек еткен кейіпкеріміз ауыл мектебі мен қала мектебінің арасында едәуір алшақтық барын жасырмайды.

– Қала мектептерінде ата-аналар оқушының сабаққа қатысуына, үй тапсырмасын орындауына көп көңіл бөледі екен. Ауыл мектебінде  бұл жағы кемшін. Жалпы ауыл мектептерінің мұғалімдерін кәсіби тұрғыда дамытуға көп көңіл  бөлу  қажет, – дейді ол.

Жақында кейіпкеріміздің шәкірті Орал қаласындағы Д. Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ильнара Базарбай республикалық олимпиададан құқық негіздері пәні бойынша І орын иеленді. Бұл жетістікте де педагогтің  маңдай тері, мазасыз күндері мен ұйқысыз түндері  бар  екені  анық.

– Республикалық олимпиададан шәкіртінің бірінші орын алғанын  әрбір педагог армандайды. Бұл – менің де арманым еді. Оқушыны үлкен білім бәсекесіне дайындау оңай емес. Осы жолда оқушымның ата-анасы, әріптестерім қолдау көрсетіп, топтық жұмыс жасадық. Бұл жетістік – бірлескен еңбектің нәтижесі.  Біздің пәнде (Тарих, Құқық негіздері) бәсекелестер өте көп. Көбіне облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушылары оқ бойы алда тұрады. Ең бастысы, шәкірттеріме сенім артамын, – деп ой бөлісті тәжірибелі педагог.

086672cb-5d8a-4b6d-8eb0-abe7b3adc04b

Бүгіндері  кейіпкеріміздің шәкірттері өзінің достарына айналған. Кейіпкеріміз әңгіме арасында достарының көп екенін мақтаныш сезіммен айтып қалды. Ол өзі оқытқан оқушыларын ұмытқан емес. Студент шәкірттері үйіне келіп, қонақ болып, кейде қонып кетіп жатады. Саид Зохрабұлы бұрын орыс сыныптарына сабақ бергендіктен, көбіне орыс тілінде сөйлеген. Бүгіндері қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, өз ойын еркін жеткізетін педагог өзіне қазақ тілін үйреткен жаңақалалық әріптесін  сағынышпен  еске  алды.

– Жаңақала орта мектебіндегі әріптесім, досым Ринат Дияр маған қазақ тілін бес жылдың ішінде үйретті.  Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Екеуміз бірге жұмыс істедік. Мен мектептегі іс-шаралардың сценарийін, анықтамалар жазамын. Сонда ол қызыл қаламмен  қатемді бояп, көзіме шұқып көрсететін. Ол маған тек қазақ тілін  ғана емес, қазақ ұлтын сүюді үйретті. Қазір мен қазақ тілінде сауатты сөйлеп қана қоймай, сауатты жазуға тырысамын. Қазақ мектебінде сабақ беріп жүрмін. Өзімді бақытты педагогпін деп санаймын,  – дейді талай шәкірттің ықыласына  бөленген  кейіпкеріміз.

Біз де өз тарапымыздан денсаулығының дымкәстігіне қарамастан, елеулі еңбек етіп, шәкірттері мен ата-аналардың сый-құрметіне бөленіп жүрген ізденімпаз ұстазға сәттілік тілейміз!

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале