2.05.2025, 11:45
Оқылды: 288

Жеңіс рухына тағзым

Бүгінгі таңда экологиялық тәрбие мен табиғатты аялау – әр азаматтың басты борышы. Осы мақсатта таяуда облыс орталығында ерекше шара өтті. «AQ JOL» Қазақстан демократиялық партиясы БҚО филиалы және оның жанындағы «AQ JOL JASTARY» жастар қанаты республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай  80 түп жасыл желек отырғызды.

PHOTO-2025-04-24-12-02-25

Ауқымды шара «Евразия» туристік лагері аумағында өтті. Бұл – экологияны жақсартуға бағытталған нақты қадам ғана емес, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған символдық тарту болды. 80 түп жасыл ағаш – ардагерлерге деген тағзым мен болашақ ұрпаққа экологиялық жауапкершілікті аманаттаудың жарқын үлгісі.

Игі іске партияның жастар қанатының өкілдерімен қатар, Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің белсенді студенттері, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық ұйымының мүшелері, «Әйелдер күші альянсы» атсалысты.

Бұл экоакция тек ағаш егу шарасымен шектелген жоқ. Жастардың санасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту –  шараның басты мақсаты болды. Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың 4 сәуірінде «AQ JOL» ҚДП БҚОФ, жастар қанаты және «Әйелдер күші альянсы» бірлесе отырып, «Самал» туристік лагері аумағында сенбілік ұйымдастырған болатын. Аталған сенбілік барысында аумақ тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстан тазартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

«AQ JOL» партиясының бастамасымен өткен мұндай шаралар – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы нақты қадам. Сонымен қатар жастарға табиғатқа жанашырлық пен белсенді азаматтық ұстанымды үлгі етуге бағытталған маңызды тәжірибе.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале