6.05.2025, 16:15
Оқылды: 199

Басқұр тоқудан шеберлік сағаты

Жуырда Орал қаласында ұлттық қолөнерге қызығушылығы  бар  жандар  үшін  ерекше  шара өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің  Жастар  мәдениет  сарайына  қарасты көрме  залында  еуразиялық  дизайнерлер  одағының мүшесі, «КИНЭС» Қазақстан  рекордтар  кітабына  енген  қолөнер  шебері,  құрақшы  Нұргүл Сисенованың  қатысуымен  басқұр  тоқу  бойынша  шеберлік сағаты  ұйымдастырылды.

WhatsApp Image 2025-04-18 at 21.13.13

Басқұр – киіз үйдің ішкі сәнін келтіріп қана қоймай, керегелерді біріктіріп, үйдің беріктігін қамтамасыз ететін ұлттық бұйым. Оның бойында қазақ халқының дүниетанымы, эстетикалық талғамы, ою-өрнекке деген ерекше көзқарасы мен рухани мәдениеті жатыр. Бұл өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Нұргүл Сисенова.

Нұргүл Құдагелдіқызы 1959 жылы Сарыағаш ауданының Жылға ауылында дүниеге келген. Бала кезінен кілем тоқу, киіз басу, өрмек тоқу сынды қолөнер түрлерін меңгеріп өскен. Жарты ғасырға жуық уақыт қызметте болған ол бүгінде зейнет демалысында жүрсе де, сүйікті ісін жалғастырып келеді. 2020 жылдан бастап Орал қаласына қоныс аударып, көрмелерге қатысып, 2021 жылы құрақ құрау бойынша кәсіби білімін жетілдірген. Бүгінде ұлттық өнерді насихаттап, өз білгенін өзгелерге үйретіп жүрген жан.

Іс-шара барысында шебер басқұр тоқудың қыр-сырын түсіндіріп, қатысушылармен бірге іс жүзінде жасап көрсетті. Қолөнерге қызығушылық танытқан тұрғындар шебермен еркін тілдесіп, сұрақтар қойып, ұлттық мұраны ұрпаққа жеткізудің жолдарын талқылады.

Жастар мәдениет сарайы директорының шығармашылық істер жөніндегі орынбасары Қанағат Жанболатұлы құттықтаусөз сөйлеп, кеш иесіне мекеме атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

Шараны әсем әнмен әрлеген вокалды-аспаптық ансамбль әншілері Алтынбек Базаров пен Елжас Мағзом көрерменнің көңілін көтеріп, кешке ерекше сән берді.

Іс-шара соңында қатысушылар шеберге ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта осындай тағылымды шаралар жиі өтсе деген тілектерін жеткізді.

Жанерке  Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале