БҚО әкімдігі жанынан арнайы құрылған делегация Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласына іссапармен барды. Ондағы мақсат – әскери-теңіз күштері бөлімшелерінің қару-жарағымен және техникаларымен танысу. Сонымен қатар әскери қызметкерлер Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздармен жүздесіп қайтты.

Делегация мүшелері алдымен су асты диверсияға қарсы күштер мен минадан тазалау бөлімшелерінің жабдықтарын көрді. Сондай-ақ десанттық шабуыл батальонының пулеметтері мен снай-перлік мылтығы, «Калашников» аутоматы да қонақтардың назарынан тыс қалмады.
– Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Каспий толқынында сап түзеген «Орал» кемесінің жай-күйін көріп, әскери қызметшілердің жұмыс барысымен танысып, екі жақты келісім бойынша тиісті жұмыстар атқаруға тапсырма берген еді. Біздің мақсатымыз – әскери-теңіз күштерінің жұмысымен танысып, кейін батысқазақстандық жастарды осы әскери-теңіз флоты қатарына әскерге шақыруға ықпал ету. Болашақта бірлескен жобаларды абыроймен атқарып, ынтымақтастықпен жұмыстана береміз, – деп атап өтті облыс әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі Мақсат Мұқанов.
ҚР әскери-теңіз күштері 1993 жылы құрылды. Сол уақыттан бері ол теңіздегі қауіпсіздік мәселесіне жауапты күштік құрылым саналады. Әскери-теңіз күштері мемлекеттік шекараны және Ақтау, Баутино, Құрық порттары сияқты стратегиялық нысандарды, жасанды аралдарды, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы құбырлар мен кен орындарын қорғау жөніндегі міндеттерді орындайды. Қазіргі кезде әскери-теңіз күштері қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жауынгерлер азаматтық борышын адал өтеп жүр. Солардың бірі – батысқазақстандық Әділет Бұрхан.

– Орал шаһарынан былтыр қазан айында әскери-теңіз күштері қатарына әскери борышымды өтеуге келдім. «Орал» кемесінде техник-мотористпін. Осы кемеге тап болғаныма қуаныштымын. Мемлекеттің қалқаны – әскер екені белгілі. Сондықтан сол әскердегі жауынгерлер де мықты болуы тиіс. Біз әскери тәртіпке үйрендік, әлі де шыңдалудамыз, көріп-біліп, үйренеріміз де көп. Теңізге де шығамыз. Бала кезімнен әскерилерге қызығатынмын. Енді өзімнің әскерде жүргеніме қуаныштымын. Болашағымды осы әскери қызметпен байланыстырғым келеді, – деді матрос Әділет.
Жауынгерлермен кездесуден кейін делегация «Орал» зымыран-артиллериялық кемесіне барып, басқару орталығының жұмысымен танысты. Оралдағы «Зенит» зауытынан шыққан қуатты су құралы озық үлгідегі заманауи қару-жарақтармен және навигациялық байланыс құралдарымен жабдықталған. Шекарашылардың жүйрік көліктерінің ұшқырлығы, су ығыстырымдылығы, жалпы сапалық қасиеттері мен жауынгерлік қуаты қазақстандық жағалаудың тыныштығын қадағалауға жарап-ақ тұр.

Іс-шара соңында бірқатар әскери қызметшіге Батыс Қазақстан облысы әкімі атынан алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Мұның өзі жауынгерлер мен сарбаздардың рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілікті арттыратын тағылымды сәттердің бірі болды.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»