Бүгін Бөкей ордасы ауданының шалғай ауылдық округтері Саралжын, Ұялы және Бөрліде есептік кездесу өтті. Жергілікті тұрғындармен кездесуге аудан әкімі Нұрлыбек Даумов бастаған бірқатар мекеме басшылары арнайы барып қатысты.

Алдымен округ әкімдері ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Аудан басшысы да биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалынан хабардар етті.
Жарыссөзде сөз алған ауыл тұрғындары көкейде жүрген мәселелерін аудан әкімінің назарына ұсынды. Таратып айтсақ, саралжындық Болат Бекетов тозығы жеткен мектептің назардан тыс қалмауын, Казталовтың Бостандығына апарар жолды тегістеп, қыру керектігін айтса, дәрігер Қуат Дәуренұлы кітапхананың жайына алаңдаушылық білдірді. Ұялылық Жақсылық Базарбаев мәдени-спорттық кешен құрылысының кешеуілдеп жатқанына айтып, себебін сұрады.

Серік Садықов су мұнарасының азып- тозып тұрғанын айтып, дабыл қақты. Ал, Әділет Сәрсенғалиев көше жарықтандыру жұмысына сын айтты. Оның айтуынша, жергілікті кәсіпкер жұмысты талапқа сай орындамаған. Дамир Бегишанов су бөгеттерінің жағдайына назар аудару керектігін айтса, Елеу Марданов киік мәселесін көтерді. Бөрлілік Нағым Тәжімұратов құрылыс жүріп жатқан аумақта жол белгілері талапқа сай қойылмайтынын, Тереңөзекке қарай мобильдік байланыстың жоғалып кететінін айтты.

Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша толыққанды жауап беріліп, хаттамаға енгізілді.
Есептік кездесуден соң аудан әкімі Нұрлыбек Даумов бастаған жекелеген мекеме басшылары жеке қабылдау өткізді.

Кездесу өтіп, есеп берілген үш округтің ішінде бөрліліктер жеке қабылдауға көп жазылыпты.
Жалпылай айтсақ әкім алдына келген ауыл тұрғындарының басым көпшілігі тұрақты жұмыс сұрайды. Ал, шаруа ағайынға жайылым жер тапшы. Жеке қабылдауға жазылған қожалық иелері уакытша болса да шабындық жер бөлуді өтінді.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы