19.05.2025, 23:30
Оқылды: 193

Жәнібек ауданында бірінші жартыжылдықтың есебі беріле бастады

Бүгін Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязовтың ауылдық округ тұрғындарының алдында есептік кездесуі басталды.

image-19-05-25-11-06-2

Ақоба және Ұзынкөл ауылдық  округтерінде өткен жиынға аудандық мәслихат төрағасы Тахир Кадимов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мейрамхан Бапахов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешов, білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рустам Аманғалиев, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрдәулет Қыдырғалиев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділет Жапақов, мансап орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Зухра Давлетчина қатысты.

image-19-05-25-11-06-4

Жиын басында Ақоба және Ұщынкөл ауылдық округтерінің әкімдері Нұрлыбек Жакин мен Назар Шәріпов ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар хақында баяндады.

Мысалы, Нұрлыбек Тұрымтайұлы берген ақпарға сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласына деп жалпы құны 182 млн 178 мың теңгені құрайтын мемлекеттік субсидия берілмек. Соның ішінде ең көлемдісі ірі қара малы шаруашылығына 158 млн 86 мың теңге бөлінген-ді. Округте 47 шаруа қожалығы бар болса, соның ішінде асыл тұқымды аналық мал алып, бабын тауып отырғандар жоқ емес. Биылдың өзінде «Абзал», «Айдын» сынды шаруа қожалықтары осы бағытта шаруаларын дамытуға ниет білдіріп отыр. Ал аталмыш сала бойынша техникалық базаны жаңарту бағытында үш шаруа қожалығы жалпы құны 45 млн 900 мың теңгені құрайтын көлемді қаражатқа ең қажетті техникаларды сатып алған. Сонымен бірге абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беріп, орталық саябақ пен бір ғана Х.Халиуллин көшесінің өзіне биыл 90 тал-терек отырғызылыпты. Ауылдың су тоғандарын толтыру үшін су бөгейтін қақпа орнатылса, Абай, Гайсин, Т.Жароков, Т.Әубекеров, А.Иманов, Қ.Мусин көшелерінің жарық шамдары лед шамдарына ауыстырылған.

Ұзынкөл ауылының әкімі Назар Амангелдіұлы: «Биылғы округ бюджетінің кіріс бөлігі 5 млн 861 мың теңгені құрады»,-деді. «Сәуір-мамыр айларын қамтыған санитарлық-экологиялық айлық барысында 4 рет сенбілік өткізіліп, ауылдан 15 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Округ орталығынан 2 млн 311 мың теңге көлеміндегі қаражатқа балалар ойын алаңы салынған».

Ауыл әкімдерінің есебінен соң мінбеге аудан әкімі шығып өз баяндамасын тұрғындар назарына ұсынды. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап күні бүгінге дейінгі аралықта аудан бойынша атқарылған негізгі жұмыстар мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырылып бастаған бірқатар маңызды жобаларға тоқталып өтті. Аудан көлемінде жүзеге асып жатқан игі істер ұшан-теңіз. Дегенмен, ауыл тұрғыны бұндай жиындарды пайдаланып, өз ауылдарының мәселесін қаузайтыны хақ.

image-19-05-25-11-06-3

Мысалы, ақобалық Ғиният Хасенов мектепке қатынайтын Қ.Мусин көшесіне жаяу жүргінші жолын салып беруді сұрады. Сонымен бірге әлеуметтік көмектер мен төлемдерге қатысты жаңа заңнамалар мен өзгерістер хақында көбірек мәліметтер беріліп, түсінік жұмыстары жүргізілсе деген ниетін де ортаға салған болса, Мұрат Мұхамбетқалиев көңілін күпті етіп жүрген аудандық саз мектебіне дәл осы Қапан Мусин есімінің берілмегендігін айтты.

Ал ұзынкөлдік ағайын болса, 680 мың теңгеге ауыл шаруашылық малын қамайтын айыппұл алаңы жасалып, жауапты адам бекітілгенмен, осы бағыттағы жұмыстардың көңіл көншітпей, әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату қажеттігі туындап тұрғандығын жеткізді.

Сонымен бірге ауыл халқы айта-айта жауырыны тесілген тұрғындардың адал малын тапсыруда туындайтын қиындықтар жөніндегі мәселені бұл жолы да айналып өтпеді.

Кездесу соңында Тимур Серікұлы мәселелердің шешімін жауапты басшылармен бірлесе отырып қарастыратындығын жеткізді. Кей сұрақтардың жауабы облысқа тікелей ұжымдық хат жолдау арқылы шешілуі мүмкін десе, кейбірін тікелей басшылығына алатындығын айтты.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале