21.05.2025, 12:30
Оқылды: 161

Еңбек қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлінбейді...  

 

Өңірлік  коммуникациялар  алаңында  өткен  кезекті  баспасөз  мәслихатында  ҚР  Еңбек  және  халықты  әлеуметтік  қорғау  министрлігі  Мемлекеттік  еңбек  инспекциясы  комитеті  БҚО  бойынша  департаментінің  басшысы  Асылұлан  Досжанов  еңбекті  қорғау  және  еңбек  қызметі  барысында  сақтық  шараларының  жүйесі  тақырыбында  баяндама  жасады

WhatsApp Image 2025-05-12 at 10.02.39

Еңбек адамы – мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Оны қорғау – тек әлеуметтік міндет емес, ұлт болашағына деген инвестиция. Бұл ретте департамент басшысы жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларды алдын ала болжау, цифрлық бақылау, жасанды интеллект арқылы қатерді азайту мәселесіне басым көңіл бөлетінін айтты.

– ҚР Конституциясының 24-бабында айтылғандай, әрбір азамат қауіпсіз еңбек жағдайына құқылы. Бұл қағиданы жүзеге асыру жолында мемлекет жыл сайын маңызды реформалар жасап келеді. Мысалы, 2024 жылы елімізде «Қауіпсіз еңбек» акциясы өткізілді. Оның аясында 50-ден астам өндірістік және құрылыс мекемелерінде еңбек шарттары тексеріліп, заңбұзушылықтарға тосқауыл қойылды. 800-ден аса қызметкер еңбек қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар облысымызда 500-ге жуық өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олар тексеру мен алдын алу шараларын тұрақты жүргізіп, қауіптің алдын алуға атсалысуда. Президент бастамасымен қолға алынған «Халықтық бақылау» жобасы да қауіпсіздікке көңіл бөлу мәдениетін арттыруға бағытталған. Бұл жоба инклюзивті еңбекке жол ашып, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік беруде. Деректерге көз жүгіртсек, 2024 жылы облысымызда 87 жазатайым оқиға арнайы тергелді. Олардың 64%-ы өндірістік сипатта болған. Жарақат алғандардың саны 68-ге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға жоғары. Әсіресе, топтық жарақаттар екі есеге жуық артты – 8 жағдай тіркеліп, 20 адам зардап шекті, – деді Асылұлан Тұрсынұлы.

Оның сөзінше, көп жағдайда жол-көлік оқиғалары мен биіктен құлау, құрал-жабдықтың осал болуы, заттардың құлауы сынды себептер алдыңғы орында. Әсіресе, «Жедел жәрдем» қызметкерлері жиі зардап шеккен. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жарақаттар да артқан. Бюджеттік ұйымдарда, яғни мектеп, балабақша, аурухана салаларында жарақат алу жағдайлары жиілеген. Бұл кей жағдайда еңбек тәртібінің бұзылуынан, кейде жұмыс аймағының дұрыс жабдықталмауынан туындаған.

– Бұған қоса қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында облыстың 183 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды (OHSAS 18001, ХЕҰ-СУОТ) енгізді, 25 кәсіпорында еңбек жағдайлары бойынша өндірістік нысандарға аттестаттау жүргізілді, Vision Zero тұжырымдамасын қолдау аясында өңірдің 89 ұйымы ресми сайтта «компания» ретінде тіркелді. Еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша басшылар мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың білімін тексеруге үнемі қатысады. Бұл тексерулер кадрлардың біліктілігін арттырумен айналысатын ұйымдарда өткізіледі. 2024 жылы 3000-нан астам басшы және жауапты қызметкерлер білімін тексерді, – деді спикер.

Асылұлан Досжановтың айтуынша, тіркелген жазатайым оқиғалардың басым бөлігі техногендік сипатта емес, адами факторлардың салдарынан. Яғни өндірістегі жазатайым жағдайлар – көбіне алдын алуға болатын оқиғалар. Олар мынадай себептерден туындап отыр: жұмыс берушілер тарапынан бақылаудың әлсіздігі, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі ережелерін елемеуі, жеке қорғаныс құралдары мен арнайы киімнің жетіспеуі, қауіпсіздік бойынша нұсқамалардың мүлдем жүргізілмеуі. Өндірістік жабдықтар мен технологиялардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, жұмыскерлерді үздіксіз оқыту мен қауіпсіздік бойынша нұсқамалар жүргізу, персоналдың кәсіби біліктілігін арттыру, еңбек жағдайларын уақтылы және сапалы аттестаттау, қызметкерлерді жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз ету шаралары жүйелі іске асырылса, әрбір жазатайым оқиғаның алдын алуға болатыны белгілі. Жаңа замандағы еңбек қауіпсіздігі – адам өміріне деген жауапкершілік. Осы жауапкершілікті мемлекет қана емес, әрбір жұмыс беруші мен жұмыскер тең бөлісуі тиіс.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале