21.05.2025, 0:00
Оқылды: 208

Бәйтерек аудандық балалар музыка мектебінің 60 жылдығы аталып өтті

Қазақстан Композиторлар одағының 85 жылдығы және Бәйтерек аудандық балалар музыка мектебінің 60 жылдығына орай аталмыш білім ұясының директоры Ләззат Қажығалиеваның бастамасымен республикалық деңгейдегі ауқымды фестиваль өтті.

IMG-20250520-WA0024

Шара Қазақстан Композиторлар одағымен бірлесе ұйымдастырылып, қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғаларды ұлықтауға арналды. Айрықша назар қазақтың тұңғыш кәсіби пианисі, композитор, профессор Нағым Меңдіғалиевтің шығармашылығына бағытталды.
Фестивальге Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Астана Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан Әбдінұров, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория профессоры, күйші, еңбек сіңірген қайраткер Ермұрат Үсенов, композитор Аманжол Ысмағұлов, сондай-ақ Нағым Меңдіғалиевтің ұлы Қайрат, жұбайы Алиса және немересі Алан қатысты.

IMG-20250520-WA0025
Мектеп ұжымы қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алып, оқу орны мен аудан тарихына арналған кітап көрмесін ұсынды. Шара ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Онда қатысушылар Нағым Меңдіғалиевтің өмір жолы мен шығармашылығы туралы тебірене сөз сөйледі.
Композитор 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген. Балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін Оралдағы алғашқы музыка мектебінде, Чайковский атындағы музыка колледжінде және Алматы консерваториясында білім алған.
Нағым Меңдіғалиевтің ұлттық нақыштағы фортепианолық миниатюралары, сюиталары, концерттік туындылары мен спектакльдерге арналған музыкалары – құнды мұра. «Домбыра туралы аңыз» поэмасы – оның шығармашылығындағы шоқтығы биік туынды.
Конференция барысында ұлы Қайрат Меңдіғалиев әкесінің қарапайымдылығы мен биік болмысын тебірене еске алды. Серікжан Абдинұров мектеп басшысы Ләззат Қажығалиеваға Одақтың 85 жылдық мерейтойлық медалін табыстап, композитордың шығармашылығы туралы ой бөлісті. Ол студент кезінде Нағым Меңдіғалиевтен дәріс алғанын, оның шығармасы фортепианоға арналған ең шоқтығы биік туынды екенін атап өтті.
Күйші Ермұрат Үсенов те композитордың адами қасиеттері мен кәсіби шеберлігі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ол Нағым ағаның әр студентке қамқор, әділ, әрі талантты ұстаз болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, композитордың «Домбыра туралы аңыз» шығармасының Корей еліндегі концертте көрерменді ерекше әсерге бөлегенін айтты.

Шара барысында Ләззат Қажығалиева қонақтарға «Туған ел, берерім көп менің саған!» атты кітапшаны тарту етті. Конференция соңында делегация жаңадан ашылған Нағым Меңдіғалиев атындағы фортепиано класын аралап, жас өнерпаздардың өнерін тамашалады. Қонақтар композитордың рухына Құран бағыштап, аудандық мешітке де арнайы барды.
Фестиваль облыстық және аудандық көркемөнерпаздардың композиторлар туындыларын орындаған мерекелік концертімен қорытындыланды. Кеш көрермендерге рухани серпіліс пен ерекше әсер сыйлады.

Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале