23.05.2025, 9:30
Оқылды: 323

Агробизнеске  мемлекеттен қолдау бар

Сәуір айының басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин өңірімізде жұмыс сапарымен келіп, шаруашылық және мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен, сала мамандарымен кездесті. Сол жиында саладағы көкейтесті мәселелер көтеріліп, қойылған сұрақтарға вице-министр, облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жауап берді.

М Салык

 

сабанов

Бауыржан Сабанов, «ECO Club» ЖШС жетекшісі, Жәнібек ауданынан:

– Өңір шаруалары киіктен зардап шегіп, шығынға батты. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі киік таптаған жайылымның шығынын өтеу үшін жайылымдарды тормен қоршау шығындарын субсидиялайтын болды. Оның ережесі жасақталды. Онда топсалы торлардың биіктігі 1,6 метр болуы керек делінген. Мұны 1,2 метр қылып төмендеткен дұрыс. Өйткені  ақбөкендер 1,6 метр биіктікке секіре алмайды. Сымның қалыңдығы 2 мм-ден басталса, сым да, қаржы да үнемделеді. Темірбетон бағаналардың орнына мұнай кәсіпшілігінде қолданылатын мықты пластикалық тұрбаларды орнату тиімді. Бағасы арзан. Осындай өзгертулер енгізсеңіздер.  Министрліктің киікке қатысты қандай жоба-жоспары бар? Биыл киік саны 5 млн басқа жетеді деп күтілуде. Киіктерді реттеу жұмыстары басталатын күз айларында оңтүстік аудандарда киік төшкісін тапсыратын ет комбинаттары жоқ. Сонау 500 шақырым жерден «Кублей» кәсіпорнына немесе Жаңақаладағы комбинатқа апаруға жер шалғай, ет сасып кетеді. Осының барлығын облыс бюджетінің мойнына қамыт қылып кигізу мүмкін емес. Киік тек БҚО-ның меншігі емес, сондықтан республикалық бағдарлама дайындалғаны дұрыс.

Екінші сұрағым, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жасалған «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары» қолданыста. Былтыр сүт тауарлы фермаларға, басқа да жобаларға кепілзат шамасы 20-30%-дан басталды. Биыл кепілзат шамасы 100%-ға жетті. Осыншама өскені несі? Бұрынғы шамада неге қалдырмасқа? 5 млрд теңге несие ірі бизнеске қолайлы болғанымен, орта кәсіпкерлікке күш түседі.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биылдан бастап кооперативтерге 30 млн теңгеге дейін беріледі. Ережеге жұмыс орнын толтыру үшін бір кооперативте 25 адам мүше болу керек деген талап енгізілген.  Халықты бір коопертивке біріктіру қиын. Өйткені 30 млн теңге беріп, 25 адамды жалақымен қамту мүмкін емес. Кооперацияға арнайы жеңілдіктер (салық, жер телімі, т. б.) берілгені жөн. Мал азығы дақылдарын өсіремін.  Германиядан жоңышқаның сұрпын сатып әкелдік, келісі – 5130 теңгеден. Оның бір тоннасы – 5 млн 130 мың теңге. Бағдарламада тұқым сатып алу шығыны 70%-ға дейін жеңілдетіледі, бірақ гектарына 30%-дан кем емес делінген. Соны алып тастап, субсидияны сомасына қарай неге 50%-бен бермеске?

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Ел Президенті киіктерге қатысты Бурабайда өткен Құрылтайда мүмкіншілгіне қарай шешімін тауып беріңіздер деп тапсырма берді. Тұжырымдама дайындалады. Содан кейін министрлік шешімін айтады. Бұрын киік төшкесі туралы стандарт жоқтұғын.  2023 жылы қараша айында төшке мен қалбырдағы ет (тушенка)  стандарты бекітілді. Сондықтан бұған дейін өңірдегі ірі ет өңдеуші кәсіпорындар киік етін өңдеумен айналыса алмады. Енді жағдай өзгерді, ақбөкен еті өнімдерін саудаға, экспортқа шығаруға болады. Экология министрлігі  4 млн киік бар деп отыр. Нақты бір шешімге келуге тиіспіз. Эпизоотияны қадағайлайтын болғандықтан, киіктің малмен араласа жайылатыны қорқытады. Киік пастереллез ауруына бейімделген, соған сәйкес 2011-2012 жылдары эпидемия орын алды. Содан да зардап шегеміз бе деп ұстанымымызды нық айтудамыз. Киікті құрал-жабдығы бар, ірі кәсіпорындарда союымыз керек. Егістікке ақбөкендерден зиян келеді деп ережесін бекіттік. Шығын өтеледі. Оның технологиялық картасы бар. Темір торлы қоршауға байланысты ережені қабылдар болсақ, өзгерістерді енгізуге болады деп есептеймін.

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес қаржыландыруды жеңілдету мақсатында несиелендіруді әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға бердік. Корпорацияларды жергілікті билік басқарады. Оған қажетті кепілзат шамасы жергілікті атқарушы құрылыммен шешіледі.

Кооперативтер туралы заңға сәйкес шаруа қожалықтарына қарағанда кооперативтерге біраз жеңілдіктер қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасында 2,5%-бен шаруа қожалықтарына
8 млн теңге, ал кооперативтерге 34 млн теңге несие бе-ріледі. Кооперативтерге бір
емес, екі техника алуға болады. Оны мемлекет 30%-бен өтейді. Кооперативтерге барлық жағдай жасалды. Бір салада кооператив құру қиын болса, екінші салада аса қажет болуы мүмкін. Мысалға, сүт дайындау кооперативіне әркім өзінің сауған сүтін өткізеді. Сүт сапасына жауапкершілікті кооператив мойнына алуы тиіс. Жеке қожалық сүтке субсидия ала алмайды, оны кооператив алады. Сондықтан халық кооперативке қосыла ма, жоқ па оны өзі шешеді. Салық реформасы жүруде, онда ауыл шаруашылығы құрылымдары төлемей-ақ қойсын деген ұсыныстар айтылды.

Тұқым мәселесіне келсек, Президенттің тапсырмасы бойынша 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін тауарлық арнайы субсидиядан арылуға тиіспіз. Оның орнына жеңілдетілген несие беруге көшу керек. 2024 жылдан бастап 5%-бен несиелеудеміз. Бұрын «Кең дала» бағдарламасы бойынша  140 млрд теңге қаржы бөлінді. Биыл жалпы 700 млрд теңгеге жетті. Лизингке 5%-бен несие беретін бағдарлама болмаған. Қазір 200 млрд теңге қаржыны лизингке техника алуға берудеміз. Субсидиялаудың пайыздық мөлшерлемесінен кетіп, тікелей 5%-бен беруге көшудеміз.

Бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыруға 5%-бен несие берілуде. Өздеріне мал семіртіп алуға 15 ай мүмкіншілік беріп, 85%-ына «Даму» қоры кепілдік береді. Бұрын мұндай жеңілдік болмады. Ет комбинаттарына айналым қаражатын толықтыруға 5%-бен несие ұсынылуда. Бұған Үкімет өңдеу саласына  48 млрд теңге қаржы бөлді.  Соның есебінен ет комбинаттары несиеленуде.  Шаруалардан сатып алған малға, шаруа қожалықтарға төлесін, келісін 200 теңгеден емес, 300 теңгеге көтерсін. Бұл күндері ауыл шаруашылығын Үкімет барынша қолдауда. Тұқымды сырттан алып келіп, әрі қарай өзіміз көбейтуіміз керек.

Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:

– Кооперативтерге қатысты бағдарламаны бастағанда кепілзат 30% болды. Сонымен екі транш 30%-бен берілді. Тексеру комиссиясының ұсынбасына сәйкес және Үкіметтің нұсқауы бойынша кепілзат 100% болуы тиіс деген талап қойылды. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде 25 адам болуы тиіс деген кретерийді қолдаймын. Өйткені әр кооперативтің артында ауыл халқының мүддесі тұруы керек. Кооператив үш, шаруа қожалықтары бір кісіден құралатын болса, онда одан қандай пайда болады? Бір кісіден кооперативтер құрыла берсе, не ұтамыз?

Голоухов

Владимир Голоухов, шаруашылық басшысы:

– Күнбағыс басым бағыттағы өсімдік болғандықтан, оны өңдеу кәсіпорнына тапсырғандарға демеуқаржы төленеді. Ал тапсырмаған шаруаларға ештеңе жоқ. Олар өнімін трейдерлерге өткізеді. Олар дақылды май өндіретін зауыттарға тапсырады не шетелге шығарады. Экспортқа шығарғанда қосымша құн салығын төлейді. Бұдан мемлекет ұтылмайды. Май зауыттарын қолдау керек. Сауда орындарындағы сөрелерді қарасаңыз, тазартылған шемекі майдың 50%-ы  Ресейде өндірілген.  Өңірдегі жалғыз май зауыты майлы дақылдардың барлық көлемін қабылдауға әлеуеті жетпейді. Осы дақылды өсіріп, шаруалар жағдайларын түзей бастады.  Ақтөбеде, Қостанайда өздерінің күнбағысы жеткілікті, Шымкентке апаруға жол ұзақ. Трейдерлерге өнімін өткізетін шаруашылықтарға да демеуқаржы төлеуді шешіп берсеңіздер.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Онсызда өсірілген дақылдың барлығына субсидия төлеп отырмыз. Тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер, дизель отыны және техника лизингі шығындары өтеледі. Сонда кім не екті, кім нені орды, соның барлығына бірдей демеуқаржы беруіміз керек пе? Бұлай болмайды.  Терең өңдеуге демеуқаржы береміз. Өйткені бұл сөредегі азық-түлік бағасына әсер етеді.  Өнімді өткізетін трейдерге не деп демеуқаржы бермекпіз? Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түркіменстанда, Тәжікстанда біздегідей субсидия ешкімге төленбейді.

Берік Жұмин, «АлемАгро Холдинг» ЖШС батыс дирекциясының басшысы:

– Құмай дақылын өсіретін үлкен аумақтар бар. Оны сыртқа шығарайық десек, Қазақстан бойынша бірде-бір элеваторда лицензия жоқ. Лицензия болғанымен, өнім шығаратын елдегілермен жұмыстану керек екен. Қытайда сұраныс бар. Осы мәселені шешуге көмектессеңіздер.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Мәселе элеваторлардың лицензиясында емес. Өнімді экспортқа шығаратын ел оны қабылдай ма деген сұрақ маңызды. Алдымен, сол елдегілермен келісім жасалуы керек. Сол мемлекеттің қоятын талаптарына сай келуіміз қажет. Сондай-ақ сол елдегі субъектіге, яғни қай компанияға тапсырасыз соны шешіп алғандарыңыз жөн. Содан кейін ғана министрлікке тапсырыс бересіздер. Одан әрі мәселені министрлік қарастырады.

Жаркеев

Мұрат Жаркеев, «Фермер агроорталығы» ҚҚ төрағасы:

– Аграрлық несие корпорациясының несиелерін алудамыз. Батыс Қазақстанда күздік дақылдар өсіріледі. Оны егу, жинау шығындары бағдарламаларда қарастырылмаған. Күздік дақылдарды егу көктемнен күзге дейін созылады. Алқап дайындалады, жер қопарылады, агротехникалық шаралар жүргізіледі, тамыз айында егіледі. Бағдарлама бойынша қаржыны тамыздың 10-ына дейін игеруіміз керек. Науқан қызып тұрған кезде шаруалардың уақыттары болмайды. Осы мерзімді әрі қарай созуға болмай ма? Бұрын қазан айының аяғына дейін қаржыны игеретінбіз.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– «Кең дала - 1», «Кең дала - 2» деген бағдарламалар бойынша бөлінген қаржыны көрсетілген мерзім ішінде пайдалану керек. Игерілмеген жағдайда қаржы басқа жаққа бағытталады. Қарашада кері келіп тұрса, оны бағыттай алмаймыз. Сондықтан тамыз айында қаржы игерілді ме, жоқ па соны білуіміз керек. Әр тиынның сұрауы бар.

Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары:

– Күзгі дақылдарға қатысты мәселені солтүстіктегі, шығыстағы шаруалар да көтеруде. Еліміздің оңтүстігінде де күздік өсіретін құрылымдар баршылық. Бірінші мәселе, «Кең дала - 1», «Кең дала - 2»
бағдарламалары бойынша қаражат бөлінген кезде осы жылдың егіс және жиын-терім науқанына бөлінген деп көрсетіледі. Ал күздік егіс 2026 жылдың науқанына жатады. Екінші мәселе, бизнес-циклде. Дәнді дақылдарды әдетте көктемде егіп, күзде жинайтын болсаңыздар, күздік дақылдарды жазда егесіздер де, келесі жылы жинайсыздар, оның несиені өтеу кестесі бөлек құрылуы тиіс.

Күздік дақылдарға қатысты тағы бір бағдарлама жасақтауымыз қажет. Бюджетіне бөлек қаржат қарастырылғаны дұрыс. Корпорацияда «Агробизнес» деген бағдарлама бар. Ол 22%-бен беріліп, 16%-ы субсидияланады. Әзірге осы бағдарламаға қатысуға болады.

Бисенғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Бұл мәселе Үкіметтің тарапынан қолдау табуы керек. Оған бөлек қаражат қарастырылуы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігінде талқылап, таразылап көреміз.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале