23.05.2025, 10:45
Оқылды: 188

37-нің ызғары атамызға да тиіпті...

31 мамыр  – Саяси  қуғын-сүргін  және  аштық  құрбандарын  еске  алу  күні. Қазақтың әр  баласы  өзінің  ата-тегін,  руын  бес  саусақтай  білгені  абзал.  Арғы аталарының,  бабаларының  кім  болғаны,  нендей  кәсіппен  шұғылданғаны,  қандай  қызмет  атқарғаны  да  жетелі  ұрпақты  қызықтыруы  тиіс.  Әрине,  оны  бізге  жеткізетін,  айтатын  қазір  алдымызда  жүрген,  Жасаған  Ие  оларға  ұзақ  ғұмыр  берсін,    аталарымыз  ғой.  Біздің  атамыз  да  арғы  аталарымыз  туралы  бізге  ылғи  әңгімелеп  отырады.  Мынау,  ағамыз  екеуміздің  мақаламыз  – сол  атамыздан  естіген  әңгімелердің  бірі  ғана.  Оны өзіміздің сүйікті  газетіміз  –            «Орал  өңіріне»  жолдап  отырмыз.

4c6f663470d7970e44cda92228ced18a_1280x720

Сурет: gov.kz

Сонымен әлқиса, біздің атамыздың атасы Хайретдин Танауов өз тұсында Орда өңіріне, Орал губерниясына есімі жақсы таныс, қызмет-лауазымы белгілі еңбеккер, қайраткер болыпты. Ол 1900 жылы 15 наурызда қасиетті Нарынның Азғыр өңірінде дүниеге келген. Руы – Беріш, Себек тайпасы. Жанбай-Саржала атасынан тараған. Сол кездің өлшемімен алғанда Хайретдин атамыздың білімі мықты болған, Орда қаласындағы жоғары бастауыш 4-сыныптық училищені үздік бітірген. Оған қоса, Орда қалалық мешітінің имамы, мүфтиі Юсуп Тажетдиновтің үйінде тәрбиеленіп, діни білім алғаны ол кісінің жан-жақты адам болғанын көрсетпей ме?

Біздің қолымызда атамыздың 1921 жылдың 14 қыркүйегінде Бөкей губерниялық РКП(б)-ге өз қолымен толтырып, тапсырған анкетасының көшірмесі бар. Бұл өзі сол уақыттың адамдарының (коммунистердің) өз қолымен толтыратын, бұлтақ-сұлтақ ақпараттан ада, тек шындықтан тұратын ресми құжат екені тарихтан белгілі. Сонда атамыз большевиктер партиясының мүшелігіне кандидат екенін жазады. Тап сол тұста  Чапчачи болыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүр екен. (Чапчачи – қазіргі кезде Ресей Федерациясы, Астрахань губерниясына қарайтын теміржол стансасы. Үлкен ауыл. Бұрыңғы Бөкей губерниясының жері). Сонда атамыздың жасы бар болғаны 21-де екен. Бұл атамыздың ел басқару ісіне ерте араласқанын, халық, ел алдында жүретін өз заманының тұлғасы  болғанын көрсетеді. Ел басқару ісіне ерте араласқаны, орысшаға жетік, сауатты, қазақшасы одан да асып түскенінің арқасында  көп кешікпей губерния, облыс, уезд орталығы болған Орда қаласына жауапты қызметке ауыстырылады. Әртүрлі мекемеде маман, басшы болып қызмет атқарады. Сол кездегі елде өткізілген әкімшілік реформаларға сай Орда қаласы губерния, облыс, уезд орталығынан аудан орталығына айналады. Орда ауданы Орал облысына қарайтын болады. Сол реформалар жүріп жатқан уақытта білікті қаржыгер маман, басшы атамыз Хайретдин Танауов облыс орталығы Орал қаласына ауыстырылып, мемлекеттік банк жүйесіне қызметке тағайындалады. Қызметтік пәтер беріліп, көп ұзамай, жанұясын қалаға көшіріп алады. Атамыз қызметін ұршықша үйіріп, қалалықтарға да аты мәлім бола бастаған. Міне, осы тұста қабағына қар, кірпігіне мұз қатып, әйгілі 1937-1938 жылдардың ойраны жақындап қалған еді. Құрыққа сырық жалғаған, саптыаяқтың сабына қарауыл қойған сол жылдарда арызқойлардың да айы оңынан туғаны белгілі. Атамыздың облыс орталығында абыроймен қызмет атқарып жүргенін, беделі мен лауазымының жыл санап өсіп бара жатқанын көре алмаған елдегі бір адамдар ұйымдасып, арыз жазады. Сондағы таққан кінәлары: «Өзі коммунист бола тұрып, байдың қызына үйленген, қайын-жұртына кезінде көмектескен» деген сияқты негізсіз әңгімелер. Бірақ мұндай арыздар дәл сол кезде небір азаматтарды оққа байлап жіберуге, қала берді қуғын-сүргінге, түрмеге салуға жарай беретін еді.  Атамыздың соңына түсіп, елден жеткен «фактілерге» сүйеніп, БҚО УНКВД «үштігі» 1937 жылы 5 желтоқсанда Харетдин Танауовты РСФСР ҚК 58-10 бабымен 10 жылға соттайды. Оқыған-тоқыған, білімді кісі ғой, сол кезде 37 жаста болса керек. Түбі осылай болатынын біліп, М. Калининнің атына алдын ала хат (кассациялық өтініш дегенге де келеді) жазып қойған екен. Оны ескі галоштың ұлтарағының астына жасырып жүреді. Үкім шығып, айдауылдар алып кетіп бара жатқанда, әжемізге беріп, түсіндіріп үлгереді. Атамыз сол кеткеннен кете барады. Әжеміз Сарқыз Жанғалиқызы хатты алып, Мәскеудің Кремліне, Калинин ақсақалдың атына поштамен салады. Солай істейді де, сол кездегі  7 жасар ұлы Рашидті жетектеп, елге, Ордаға қайтады.  Өйткені анау Оралдағы қызметтік үйді шұғыл босатып беру керек болған. Арада екі жыл өтеді. М. Калининге жазған хаттың көмегі тисе керек, атамыз 1939 жылы 23 қазанда «ісінде қылмыстық белгілері жоқ» деген өкіммен түрмеден босатылады. Ордасына аман-есен  жетеді.

Тағы бір айта кететіні, Хайретдин атамыз лагерьде жүргенде көп адамдарға көмектеседі. Сауаты жоқ, оның үстіне орысша білмейтін қарапайым колхозшылар нақақтан-нақақ сотталып, түрмеде көптеп отырған заман ғой. Ол кезде жас, қырыққа да жетпеген атамыздың жалындап тұрған қайратты кезі. Өзі сауатты, ештеңеден қорықпайды екен. Анау колхозшыларға қорған болады. Жоғарыға арыздарын жазып береді. Алда-жалда қайтыс болып кеткендерін өз қолымен жерлеген. Олардың ұрпақтары атамызға ризашылық сезімдерін күні кешеге дейін  айтып  жүріпті.

Хайретдин атамыз елге келгесін мамандығы бойынша қаржы саласындағы қызметін жалғастырды. Аудандық салық, қаржы бөлімдерінде басшылық қызмет атқарады.

Сол баяғы турашылдығы мен адалдығынан бір айнымапты. 1952 жылы жерлері әскери полигонға берілуіне байланысты Орда ауданы жұртшылығы тағы қуғын-сүргінге ұшырайды. Республикамыздың түкпір-түкпіріне еріксіз көшіріледі. Қайран, Орда жері қаңырап, бос қалады. Сол кезде Ордадан көшпей, елде қалған аудан басшыларының бірі және бірегейі – біздің атамыз. Иесіз қалған елге бас-көз болып, қиындықты бірге көру үшін қалады. Осылайша, аңырай көшкен аудан жұртында қалған аз ғана халқымен бірге бес жылдай болып, атамыз 1957 жылы көз жұмды. Іргелі елді тоз-тоз қылып жіберген Кеңес үкіметінің саясатына жүрегі шыдамады. Іргесін 200 жыл бұрын Жәңгір хан қалаған Хан ордасында жаны жай тапты. Аллаға шүкір, ұрпағы бар. Бүгін олар елімізге қызмет жасап жүр. Ортасы толып келеді. Атамыздың атын тегі етіп алған тұңғыш немересі, біздің атамыз Лавр Рашидұлы ата жолын қуып, елге белгілі тұлға болып қалыптасты. Әжеміз Дариға екеуі –  ұрпақ қызығын кө-ріп отырған зейнеткерлер. Біз  Хайретдин атамыздың есімін тегіміз арқылы, ісін  оқу, қызметіміз арқылы жалғастырамыз.

Осы күні ойлаймыз, егер қазан төңкерісі болмаса, мамыражай отырған ел күштеп ұжымдастырылмаса, аштық, қуғын-сүргін, соғыс болмаса, біздің Қазақстан қай қиырда жүрер еді?  Полигон деген тажал шықпағанда, Орда жері кемеліне келген өлке болар ма еді-ау деген сұрақ бізді жиі мазалайды... Бізді алаңдататын, өкіндіретін мәселе, жауабы жоқ бір сұрақ – егер қазан төңкерісі, еріксіз ұжымдастыру, аштық, қуғын-сүргін, соғыс, полигон т. б. Кеңес дәуірінің біздің ұлтқа алып келген халықты құрту саясаты болмағанда не болар еді? Сіздер қалай ойлайсыздар,  «Орал өңірінің» оқырмандары?..

Ерасыл  Хайретдин,

Орал  қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев  зияткерлік  мектептің 11-сынып  оқушысы,

Нарын  Хайретдин,

Д. Қонаев  атындағы №44 мектеп-гимназияның  4-сынып  оқушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале