7.05.2026, 20:22
Оқылды: 5

Ауыл шаруашылығына қауіп төндірген киік мәселесі

Сəуір айы басталғалы Казталов ауданы аумағындағы эпизоотиялық жағдай алаңдаушылық туғызуда. Əсіресе Бірік, Бостандық, Қараоба, Қарасу, Қошанкөл, Көктерек жəне Тереңкөл ауылдық округтерінде мал ауруы тіркеліп отыр. Шаруалар мен ауыл тұрғындары бұл жағдайды киіктің көктемгі миграциясымен байланыстырып, «Қыстан əлсіреп шыққан малға сырттан келген індет жұғуда» деген алаңдаушылық білдіруде.

FB_IMG_1777981430501

Аталған мəселенің мəн-жайын зерделеу жəне жағдайды тікелей бақылау мақсатымен ауданға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау жəне қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Ташимов бастаған жұмыс тобы арнайы сапармен келді. Құрамында облыс əкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, облыстық ветеринариялық бақылау жəне қадағалау инспекциясының басшысы Марат Отаралиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, сондай-ақ облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Қадешов болды.

FB_IMG_1777981462039

Іссапар барысында сала өкілдері «Береке», «Талпын», «Багисов» шаруа қожалықтары жетекшілері мен Тереңкөл ауылдық округінің Нұрсай ауылында мал ұстап отырған тұрғындармен кездесті.

Жалпы шаруалар киік миграциясымен келген ауру салдарынан мал шығыны бар екенін айтуда. Олардың айтуынша, алдын ала вакцинация жүргізілгенімен, індеттің таралуын толық тежеу мүмкін болмай отыр. Соған қарамастан шаруалар қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, малды емдеу жұмыстарын жалғастыруда.

– Менің өзімнен 70-тен аса бас мал ауырды. Ветеринарлар хабарлы. Қазір бірнеше бас мал емделіп жатыр. Ветеринарлардың нұсқауымен барлық ем-дом шараларын жасап жатырмыз. Бұл енді киік миграциясынан, киіктен жұққан ауру деп білемін. Киік санын азайтып, тиісті шаралар қабылданса, игі болар еді. Киіктің өздері де ауырып жүр, далада өлекселері көп, – деді «Кеңдала» шаруа қожалығының жетекшісі Əбуғали Ғұмаров.

Ал «Еңбек» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмагерей Құсанов ауылға кірген киікті атуға, өлексесін жинауға рұқсат берілсе деген пікірін жеткізді.

– Малды вакцинацияладық. Алайда далаға өріске кеткен мал ауырып отыр. Төрт басты қамап отырмын. Тұз бен марганцовка арқылы аузын шайып, дəрісін егіп жатырмыз. Ветеринарлар да хабарлаған уақытта келіп қарады, вакцинация жасады. Дегенмен ауру айтып келмейді. Өңірдің оңтүстіктегі төрт ауданы киіктің зардабын көріп отырғаны мəлім. Киіктер биыл жылдағыдан ерте туып жатыр. Қазір іш тастап жатқандары да кездеседі. Кейде малмен бірге жайылып жүреді. Ауыл мен шаруа қожалығы маңындағы киікті атуға, киік өлекселерін жинауға рұқсат берілсе, алдын алуға мүмкіндік болар еді. Киікті қорғауға жауапты мекеме «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты киікті өз аумағында бақса, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, киік санын азайту қажет, – деді ол.

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ветеринариялық қызмет тарапынан қолға алынған жедел əрі кешенді шаралар туралы баяндаған еді. Айтуынша, Бөкей ордасы, Жəнібек, Жаңақала жəне Казталов аудандарының 22 ауылдық округінде 5484 бас ірі қарадан ауру белгілері анықталған. Бүгінгі күнге олардың 68 пайызы (3732 бас) емделіп шыққан. Жалпы, эпизоотиялық жағдай ветеринариялық қызметтің тұрақты бақылауында, қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының бақылау-тексеру басқармасын басшысы Бисебай Төлеповтің айтуынша, 2026 жылғы 1020 сəуір аралығында санақ жұмыстары жүргізілген, алайда қорытындысы əлі шықпаған. Сонымен қатар ауру киіктерден сынамалар алынып, аса қауіпті аурулардың бар-жоғын анықтау үшін «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РМК-ға жолданған. Қазіргі уақытта 3120 бас киік өлексесі жиналып, бұл жұмыстар үздіксіз жалғасуда.

Мал сиыр Казталов жп

Аудан əкімі Асланбек Сарқұлов комитет төрағасына салалық құрылымдардың мерзімдік жұмыс барысында киіктерді жинау ісіне тартылатын адам санын арттыру қажеттігін және қосымша техника бөлуді ұсынды. Комитет төрағасы бастаған жұмыс тобы киіктер шоғырланған аумақтарды аралап, киік өлекселерін жою орындарымен де танысты. Мамандар табиғи факторлар мен ветеринариялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, алдағы уақытта нақты іс-шаралар жоспарын əзірлеу қажеттігін атап өтті. Жергілікті өкілді билік те мəселені назарда ұстап отыр.

– Киік популяциясы арасында тіркеліп отырған аурудың ауыл шаруашылығы жануарларына жұғуы тек ветеринариялық мəселе емес, бұл індет салдарынан шаруалар да, жеке тұрғындар да нақты шығынға ұшырап отыр. Салалық мекемелер тарапынан өлекселерді жинау жұмысы жүргізіліп жатқанымен, олардың көлемі азаймай отыр, керісінше, кей аумақта күрделене түскені байқалады. Ауданымыз негізінен мал шаруашылығына сүйенетінін ескерсек, қалыптасқан жағдай əлеуметтікэкономикалық ахуалға салмақ түсірмей қоймайды. Сондықтан мəселені созбалаңға салмай, нақты əрі жүйелі шешім қабылдау қажет. Бұл бағытта жауапты органдардың үйлесімді əрі жедел əрекеті аса маңызды. Аудандық мəслихат депутаты ретінде аталған мəселені құзырлы мемлекеттік органдар алдына қойып, нақты шаралар қабылдауды талап етіп отырмыз, – деді аудандық мəслихат депутаты Қуаныш Ермеков.

Мəселені тек салдарымен күресу арқылы емес, оның алдын алу тетіктерін күшейту арқылы шешу қажет. Ең алдымен, ветеринариялық бақылауды күшейтіп, ауылдық округтерде күнделікті мониторинг жүргізу, дер кезінде диагноз қою жəне оқшаулау шараларын қатаң сақтау маңызды. Вакцинациялау жұмысы толық əрі сапалы орындалып, шаруаларға түсіндіру жұмысы жүйелі жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар мал өлекселерін дер кезінде жою, залалсыздандыру талаптарын сақтамау індеттің таралуына жол ашатынын естен шығармаған жөн.

FB_IMG_1777981466179

Ал киік популяциясына қатысты мəселе ғылыми негізделген, салмақты шешімді қажет етеді. Табиғи тепетеңдікті сақтай отырып, олардың санын реттеу, көші-қон жолдарын бақылау – уақыт күттірмейтін міндет!

Мəселенің түйіні, бүгінгі жағдай барлық жауапты құрылымның бірлескен, нақты əрі батыл əрекетін талап етеді. Мал – ауылдағы ағайынның күнкөріс көзі. Сондықтан оның амандығы – тек бір саланың емес, тұтас өңірдің тұрақтылығының кепілі. Кешенді əрі үйлесімді шаралар ғана індеттің бетін қайтарып, ел ішіндегі алаңдаушылықты сейілтері сөзсіз.

Асылбек Нәсіпқалиұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале