7 мамыр - ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні. Бұл күнді ел азаматтары Отан қорғаушылар күні ретінде жыл сайын атап өтеді. Бұл елін, жерін қорғайтын азаматтарға деген зор құрметтің белгісі. Отан алдындағы борыш пен ерлікті, отансүйгіштік пен жауапкершілікті дәріптейтін бұл күн әскери қызметшілер мен барша азаматтар үшін ерекше маңызға ие. Осы күнді атап өту арқылы Қазақстан халқы өз елінің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі үшін күрескен батырлар мен қазіргі уақытта да Отан қорғау қызметін атқарып жүрген әскери қызметшілерге алғыс білдіреді.
Осы ретте біз де мереке қарсаңында, баласы әскерден келген анамен, дәл қазір әскерде жүрген сарбаздармен әңгімелескен едік. Мүмкін бұл жазбамыз көп жастарға серпін, күш берер, отанға деген патриоттық сезімдерін одан әрі оятар...
Себебі бүгінгі бейбіт күнде Отан алдындағы парызын өтеуге көп жастар аса асыға қоймайды. Ол жасырын да емес. Бәлкім жасыратыны жоқ, ара тұра әлеуметтік желіден әскерден жетіп жатқан жайсыз хабарларды көрген соң да, олардың да көңілдерінің алабұртуы орынды болар.
Бүгінгі таңда Бөрлі ауданы бойынша 25 сарбаз отан алдындағы борышын өтеуде. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шекара күзетінде 7 сарбаз, мемлекеттік күзет қызметінде 1, ҚР Қарулы күштері қатарында 17 сарбаз қызмет етуде. Алдағы маусым айында кезектегі болашақ сарбаздар әскер қатарына қабылданатын болады.
Шынар Омарова: «Ұлдарым өздері сұранып барды»
- Менің 2 балам Бекзат пен Бейбарыс бірінен кейін бірі әскерге барып келді. Алматы қаласында болды екеуі де.Үлкенім сондай барғысы кеп, өзі сұранып барды. Кейін барған соң екеуі де, әр сәт хабарласқан сайын: «Мама, келгенім жақсы болды. Нағыз өз уақытымда, өз қатарластарыммен бірге өтеп жатырмын. Анау айтқандай жаман ештеңе көріп жатқаным жоқ. Енді қанша дегенмен бұл әскер ғой, басыңнан сипап, жылы сөз айтып, ешкім асқа шақырмайды әрине. Қиындығы да бар. Бірақ мұның бәрі бізге керек дүниелер, уайымдама!» деп қоятын. Осылайша 1 жыл зулап өте шықты. Үлкенімді өзім және 2 қарындасы 1 інісі боп қарсы алдық. Жолдасым одан бірер жыл бұрын өмірден озып кеткен еді. Үлкен ұлым әскерден үйге келгенде, үйде үлкен бір ер азаматтың жүргені шындап сезіліп, өзімнің де өмірге деген құлшынысым оянып, баламның сондай тұлғасын көргендігімнен бе, әйтеуір басқаша керемет сезімде болдым. Көп ұзамай, екінші ұлым Бейбарысты әскерге шығарып салдық. Бір қызығы үлкен ұлым, яғни ағасы барған қалаға, сол әскери бөлімге түсті. Бүгін де екеуі де жанымда, жұмысқа орналасып, қазір өзіме қолқанат, қарындастарына қамқор аға. Ұлдарым өте жауапкершілікті, әскерден сондай бір ер азамат болып қалыптасып келді деп толық айта аламын. Басында әрине қобалжу, қорқыныш болды. Кейін әр хабарласқан сайын сенімді, батыл жауаптарынан кейін, мен де өз өзімді қолыма алып, жақсы ойлармен, тек балаларымның тілеуін тілеп жүрдім. Аналарға айтарым: «Балаңыздың жолын қорқынышпен өзіңіз бөгей бермеңіз, жіберіңіз. Тек тілекші болыңыз. Ананың дұғасы қашанда қабыл» деп айтар едім.

Дат Табылдиев: «Әскер қорқатын жер емес»
- Мен Қарағанды қаласындағы құрлық әскерінде, яғни Астана өңірлік қолбасшылығына қарасты 97/647 әскери бөлімінде отан алдындағы азаматтық боршымды өтеудемін. Көзді ашып-жұмғанша 1 жыл зулап өте шықты. Санаулы күннен соң, әскерді аяқтап, ата-ана, бауырларыма қарай жолға шығамын. Әскерге келгеніме қуанбасам, еш өкінбеймін. 1 Жыл ішінде өзімді жақсы жағынан көрсетіп, құрмет грамотасын да иелендім. Әскер – мен үшін тек міндет емес, бұл- жауапкершіліктің мектебі. Мұнда мен шыдамдылыққа, тәртіпке, және нағыз ер азаматқа тән, былайша айтқанда нағыз ер азамат болуды үйрендім. Қандай қиындық болса да, шешімін шығаруға, шыдауға бәріне дайынмын. Бұл тек жай айтылған әдемі сөз емес. Себебі әскер мені осыған дайындады.Сонымен қоса мен әскерде, достықтың, бауырдың қадірін жете түсіндім дер едім. Әскердегі кезең менің өмірімде ерекше орын алады. Алдағы уақытта мен- ата-анама көмекші болып, қуантып, өз сара жолымды қалыптастырған азамат болсам, еңбек етсем деген арман- мақсаттарым бар.
Әскерден «қашып» жүрген жігіттерге айтарым: «Қашу- ештеңені жеңілдетпейді, мәселені шешпейді. Абзалы, ер азаматқа тән шешім қабылдап, денсаулығы жарап тұрған азамат деп сені іздеп тұрғанда, әскерге бару керек, көру керек. Бәрі өзіңе байланысты. Қазір әлеуметтік желіден түрлі нәрсені көріп алып, әскерге күйе жағудың қажеті жоқ. Егер сенің ішкі азаматтық ұстанымың бар болса, тәртіпке бағына алсаң, ұжыммен қарым-қатынасың, өз-өзіңді ұстауың жақсы болса, бәрі жақсы. Көбі шыны керек, үйдегі, ауылындағы еркіндікті күтеді де, шыдамай жатады. Жасыратыны жоқ, күнделікті әскери тәртіпке бағына алмай, қол жұмсауы тб болады. Бұл үй, ауыл, тума-туыс ортасы емес, әскер ғой.

Рафик Амангелді: «Әскер – мен үшін өмір мектебі»
- Ақтау қаласы, Форт Щевченко ауданы, Түпқараған шекара бөлімшесінде әскери боршымды өтеп жатырмын. Бәрі жақсы. Әскерге дейін көп барып келген жігіттерден негатив жағын естігенде, ойланып қалғаным рас. Кейін өзім ойлана келе, азаматтық боршты қашып жүргеннен гөрі, барып, көріп өтеп келгенім жөн болар деп шештім. Ата-анамның, әжемнің ақ батасымен әскерге аттандым. Әскери ант қабылдарда ата-анам, достарым келді. Олар келгенде бойымда бір жігіттік намыс па, бір ерекше сезім пайда болды. Сөзімді нықтап, бойымды тіктеп, әскери антты оқыдым. Олар да маған өздерінің қасынан ұзаған аз күннің ішінде , бұрынғыдан да есейген азаматпен сөйлесіп тұрғандай әсер қалдырды, сенім білдірді. Қазір әскерде күнделікті қалыпты тәртіп, жауапкершілік. Бәрі де орнымен болып жатыр. Ел шекарасында жауапкершілікпен өз отан алдындағы азаматтық боршымды ойдағыдай атқарып жатырмын. Достар таптым. Кеште ата-анамызды, ауылда қалған достарымызды еске алып, гитарамен әндер айтамыз. Отбасымызбен үнемі байланыстамыз. Командирлеріміз де жақсы. Бір сөзбен айтқанда, әскер – мен үшін өмір мектебі. Әскерге жасы таяп қалған бауырларыма, еш қорықпай, өзіңе сеніп, әскерге кел дер едім.
P/S: Отан қорғаушылар күні – тек әскери қызметтегі азаматтардың ғана емес, барлық азаматтардың ел алдындағы борышын еске түсіретін ерекше күн. Бұл күн патриоттық рухты күшейтетін, ұлттың бірлігін нығайтатын мереке. Отанды қорғау – әрбір адамның ар-намысы мен парызы екенін еске салады.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы