ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы төрт айда 206 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (179) 15,1 пайызға көп.
БҚО полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Артур Мұсағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, келтірілген жалпы залал көлемі 429 млн 231 мың теңгеден асты.

Сурет: istockphoto
Артур Ғайсаұлының сөзіне қарағанда, алаяқтық салдарынан ең көп зардап шеккендер: жұмыссыздар — 90, зейнеткерлер — 32, жеке компанияда жұмыс істейтіндер — 52, білім беру саласындағылар — 16, медицина қызметкерлері — 12 және студенттер — 4 адам.
— Талдау жасау кезінде анықталғанындай, 206 қылмыстық істің 62-сі өткен жылдардағы оқиғалар бойынша тіркелген. Қылмыстық істердің 88-і — өзін банк қызметкерімін деп таныстырғандар, 28-і — жалған инвестиция, 10-ы — онлайн тауарды сатып алу, 61-і — қызмет көрсету, 11-і — онлайн несие, біреуі — қолма-қол ақшаға айналдыру, бесеуі –«WhatsApp» желісін бұзу және екеуі басқа деректер бойынша қозғалған. Зейнеткерлердің көбі жалған инвестицияға ақша салу түрімен алданып отыр, ал олардың кейбіреулерін алаяқтар «салған ақшаңыздың өсімі» деп дроппер ретінде пайдаланған, — дейді А.Мұсағалиев.
Оның айтуынша, алаяқтар зейнеткерлерге бұрынғы жұмыс орнында тергеу жүріп жатқанын сылтауратып, алдап, қаржысын жымқырған. Солардың ішінде біреуі өзінің пәтерін арзан бағаға сатып, ақшасын алаяқтарға беріп жіберген.
Бүгінгі таңда цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы кезеңінде тұрғындар өте сақ болуы керек. Себебі алаяқтар осы жаңа технологияларды өз пайдасына қолданып, айлаларын іске асыруда.
— Өткен жылдың 4 айында 81 қылмыстық істі өндіріспен аяқтасақ, бұл көрсеткіш биыл (116) 35-ке өсті. Қазіргі таңда интернет-алаяқтық жасаған қылмыскерлермен қатар оларға жәрдемдескен адамдар (курьерлер, активаторлар және басқалар) жауапқа тартылуда. Сонымен қатар жыл басынан бері 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енген ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының талаптарын бұзғаны үшін 7 дроппер мен 1 дроповод қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жауапкерлерден 61 млн теңгеден астам келтірілген шығынды жәбірленушілерге қайтару туралы шешімдер қабылданды, — деп қосты басқарма бастығы.