6.05.2026, 16:45
Оқылды: 7

Жомарт Жымпитылықтар қайда?! 

Жымпиты ауылының тұрғындары көшесіне өз күштерімен спорт алаңын салып жатыр. 

IMG_0739

Әрине, әркім өз көшесінде балалар ойнайтын қауіпсіз орынның, қыдырып, тіпті тер шығарып, доп теуіп қайтатын алаңның болғанын қалайды. 2024 жылы дәл осындай нысан аудандық бюджеттің есебінен С. Сейфуллиннің бойынан салынды. Бас-басына бір ожау құйып беретіндей, ауданның қаражат қазаны асы -тасып жатқан жоқ. Сондықтан, Мұхит, Қажымұқан және Әбілқайыр хан көшесінің тұрғындары тәуекел деп тас жұтып, спорт алаңын өз күштерімен салуға кірісті. Бір жағынан “Мемлекет маған не береді!?”- дегеннің уақыты өтті. Ағалық қона бастаған ауылдың азаматы “Елге қалай пайда тигіземіз?! Ұрпағым мақтанатын не іс тындырдым?!” - деп ойланбай ма?!

Іс басталды. Былтыр көлемі 20х40 алаңның табаны құйылып, бағаналары тұрғызылды. Биыл дуалы орнатылуда. Жұмыстың басы - қасында жүрген Ғалымжан Қуанышқалиевтің айтуынша, нысанның құрылыс материалына 15 млн теңге қаражат жұмсалған. Ауыл көшесінде жалаңаяқ жүгірген ізі қалған азаматтар - “СК Алаш” құрылыс компаниясының басшысы Исатай Темірбаев пен “Айтемір - Құрылыс” ЖШС басшысы Ербол Шоқанов қомақты жәрдемдер беріпті. Қалған қаражатты халықтың өзі жетістіріп жатыр.

Құрылысты да халықтың өз күшімен жүргізуде.

Бүгінгі таңда жұмыстың қарқыны сәл суығандай. Бәрін қаражат шешеді. Темірді талдай иген шебер жігіттер торлап, дуалдарды тағуда. Алаңды жағалай өрнектас төселді. Бірақ, еденге төселетін жасанды жамылғы мен резеңке қиыршық жоқтығы қолды байлайын деп тұр. Міне, осы жерде ауылға жанашыр жандардың көмегі керек.

Жымпитыдан шыққан жақсылар мен жайсаңдар, жаны жомарт, мәрт азаматтар қайда?! “Бұл шаруаны маған қалдыр!” - деп елдің ісі жолында таласатын ерлер бар ма?! 2 млн - нің жұмысын халық әупірімдіп жүріп өзі де бітірер. Бірақ, азамат не үшін жер басып жүр сонда?! “Әуп!” - деп алаңның бір қабырғасын ұстасып кете баратын жымпитылық бар ма?!

IMG_0737

Болса, хабар берсін! Біз аманатын жеткізуге дайынбыз!

Көшенің балалары шыдасын ба?! Цемент еденнің үстінде доп ойнап жүр. “Сәл шыдаңдар, ел десе елжіреген бір аға табылып, жасыл кілем  төсеп берер!” - деп жұбатып кеттік оларды.

 

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале