Аудан әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, бірқатар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Жиынды аудан әкімі, комиссия төрағасы Жұмагелді Батырниязов жүргізді.

Күн тәртібінде табиғи өрт қаупі кезеңіне дайындық, суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балалардың терезеден құлауының алдын алу, су тасқыны мен жылыту маусымының қорытындылары, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың дайындығы қаралды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ғабит Жасталап табиғи өрт кезеңіне дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Аудан әкімі жауапты мекемелердің жұмысына сын айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе өрт қауіпсіздігіне байланысты дайындық жұмыстарының жүйесіздігіне тоқталды.

– Сарой, Бұлдырты, Алғабас, бес округтен басқасын қашан қарайсыңдар? Алдағы аптада бітіріңдер. Өртке қарсы арқалық сөмкелер жасай ма, жасамай ма – тексердіңдер ме? Неге сөмкелер мен гидрантты бірге уақытылы қарап шықпайсыңдар? Екі жұмыс жасамаңдар», – деп ескерту жасады аудан басшысы.
Сонымен қатар, өрт сөндіру құралдарын пайдалану мәселесіне де назар аударып, қарапайым тұрғындардың дайындық деңгейін арттыру қажеттігін айтты. Өрт сөндіру ранцімен жұмыс істеу кәсіби маман мен тұрғын үшін әртүрлі екенін атап өтіп, халықты оқыту, түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиында суға шомылу маусымына дайындық та кеңінен сөз болды. Мамыр айының 5-іне дейін барлық ауылдық округтерде «Суға түсуге болмайды» деген ескерту белгілерін орнату тапсырылды. Белгі орнатылмаса, заң жүзінде айыппұл салу мүмкін еместігі де атап өтілді.
Балалардың қауіпсіздігі – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. Көпқабатты үйлерде балалардың терезеден құлау оқиғаларын болдырмау үшін терезелерге арнайы бұғаттағыштар орнату ұсынылды. Аудан әкімі құрылыс бөліміне екінші және үшінші қабаттағы пәтерлерге мұндай құрылғыларды міндетті түрде орнатуды тапсырды. Сонымен қатар, жаңа салынатын үйлерде мердігерлер бұғаттағыш орнатуға арналған орындарды алдын ала қарастыруы қажет екені айтылды.
Жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесі бойынша аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов баяндама жасап, балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуге бағытталған шараларды атап өтті. Оның айтуынша, «Достық» жазғы лагері Сарой ауылында ұйымдастырылады.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ғабит Жасталап көктемгі су тасқынына қарсы атқарылған жұмыстарға тоқталып, қар шығару, мұз жару шараларының нәтижесін баяндады. Сондай-ақ хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын жеткізіп, кейбір округтердің тапсырмаларды уақытылы орындамағанын атап өтті.
Инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев ауыл шаруашылығы техникаларын техникалық байқаудан өткізу үшін арнайы маман бекіту қажеттігін көтерді. Бұл бағытта аудан әкімдігі мен полиция бөлімі бірлесіп жұмыс істеуі тиіс екені айтылды.
Әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерлан Бекқожин баяндады. Аудан әкімі бу қазандықтарының жай-күйін тексеру жұмыстарын жеделдетіп, 20 мамырға дейін толық тексеріп шығуды тапсырды. Сонымен қатар, жылу жүйесіне берешек тұрғындар мәселесі де сынға алынды.
Жиында демалыс инфрақұрылымын дамыту мәселесі де көтерілді. Жерлестер форумы аясында жағажай ұйымдастыру, Тоғанас аумағында демалыс орнын ашу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Отырыс соңында аудан әкімі барлық бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріп, қауіпсіздік пен инфрақұрылым мәселелерін жүйелі түрде бақылауда ұстау керектігін атап өтті. Комиссия отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты тұлғаларға мерзімдер белгіленді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы