6.05.2026, 18:00
Оқылды: 0

Әскерге барудан жастар неге жалтарады?

7 мамыр – Отан қорғаушылар  күні

 

Шекарасын шегендеген әр мемлекеттің айбыны, халқының  қорғаны  – әскер.  Бүгінде қазақ-стандық сарбаздар мен сардарлар елдің тыныштығы мен бейбітшілігін күзетіп жүр.  Жуырда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке барғанда, көктемгі әскерге шақыру науқанына куә болдық.  Онда 18-27 жас аралығындағы жігіттер медициналық тексеруден өтуде.

 WhatsApp Image 2026-04-30 at 17.47.29 (3)

Кабинеттердегі дәрігерлердің қабылдауына кезек күтіп тұрған жастардың арасында Мерлан Сайман кесек бітімімен көзге түсті. Жас жігіт  Қаратөбе ауданының тумасы боп шықты.

Мерлан

– Кең байтақ елімізді, туған жерімізді қорғау – біздің басты міндетіміз. Тепсе, темір үзетін әр азамат сарбаз болып, сапқа тұруы қажет деп санаймын. Мен жуырда медициналық колледжді бітірдім. Аудандық деңгейде медициналық куәландырудан өткен соң, облыстық дәрігерлік комиссияға келдім. Қазір Ақтау қаласындағы әскери-теңіз күштерінің қатарына сарбаздар іріктеп жатыр. Медтексерістен өтсем, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанамын, – деді Мерлан Нұрболатұлы (суретте).

Елімізде әскерге шақыру науқаны жылына екі рет, яғни сәуір-маусым және қазан-желтоқсан аралығында өтеді. Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Алмат Жақыповтың айтуынша, биыл біздің өңірден 1300-ге жуық жас жігіт мерзімді әскери қызметке шақырылады. Департаменттің әскери-патриоттық тәрбие мәселесіне жауапты орынбасардан сарбаздарды әскерге шақыру, медициналық тексерістен өткізудің жай-жапсары жөнінде сұрадық.

Әскерге шақырылатын азаматтарды жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің мамандарынан құралған дәрігерлік комиссиялар медициналық тексеруден өткізеді. Жастардың әскери қызметке жарамдылығын анықтайды. Заң бойынша медициналық тексеру екі кезеңнен тұрады. Олар  – қорғаныс істері жөніндегі басқармалар жанындағы аудандық деңгейде медициналық куәландыру және департаменттердің құрама пункттеріндегі медициналық тексеру.

Жақыпов

Подполковник Алмат Жақыповтың (суретте) айтуынша, 2023 жылы облыста 2079 азамат медициналық куәландырудан өткен. Олардың 710-ы әскерге жарамсыз боп шыққан. 2024 жылы дәрігерлік тексеруден өткен 2088 азаматтың 625-і әскер қатарына қабылданбаған. Ал былтыр 2636 азаматтың 1200-і азаматтық борышын өтеуге жарамсыз екені анықталған. Биыл әскерге шақыру науқаны басталғалы медициналық тексеруден өткен 446 жастың 226-сы денсаулығына байланысты ҚР Қарулы күштері қатарына алынбапты.

– Өкінішке қарай, әскерге жарамсыз азаматтардың саны жылдан-жылға көбеюде. Бұған көбінесе олардың физикалық даярлығының төмендеуі себеп болып отыр. Спортпен шұғылданбау, цифрлық технологияларға, телефон-смартфондарға тәуелділік теріс әсер етуде. Күндіз-түні қимылсыз телефонға немесе компьютерге телміріп отыру көзді ауыртады. Фастфуд өнімдерін, тез дайындалатын тағамдарды жиі тұтыну да зиянын тигізеді. Көзі нашар көретіндер мен артық салмақ қосқан жастар жиі ұшырасады. Жалындаған жастардың денсаулығындағы кінәрат өз алдына, олардың психологиялық-моральдық жай-күйі де жіті тексеріледі. Психологиялық тест барысында әке мен ананың арасындағы өзара байланыс, отбасының материалдық-әлеуметтік жағдайы да жастардың бітім-болмысына қалай әсер ететіні анық көрінеді. Мәселен, ата-аналардың ажырасуының өзі қиындық тудырады. Жастардың көпшілігі «Анамның қиналып жүргенін білемін, оған көмектесу үшін қандай жұмысты да істеуге дайынмын» дейді. Бұл да әскерге барудан бас тартуға себеп болады деп ойлаймын. Жастардың бір-бірімен сөйлесуі, қарым-қатынас жасауы сиреп кеткен. Олардың көбі достаса білмейді. «Досың бар ма?» деп сұрасақ, «Жаныма жақын тұтатын досым жоқ» дейді. Ал жан-жағымен араласпай, тұйық өскен адамға қоғамда қарым-қатынас қалыптастыру қиын. Психологиялық тестіден сүрінгендер әскерге қабылданбайды. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте арнайы  әскери-патриоттық жұмыс жүргізіледі. Мамандар Отан қорғауға шақырылушыларға  әскери өмір мен әскери оқу орындарын насихаттап, қызметке шақырады. Әрине, қазіргі ең көкейкесті мәселе – ата-ананың әскердегі баласының қауіпсіздігіне алаңдауы. Мен өз арамыздағы қызметіне немқұрайлы қарайтын азаматтардың орнын әскерге енді барған жастармен алмастырсақ, бәрі жақсы болар еді деп ойлаймын. Тек ол үшін балаға жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие, білім беру керек, –  деді Алмат Алмасұлы.

Подполковник айтып өткендей, 18-27 жас аралығындағы жігіттер әскери шақырудан босатылуы және шақыру мерзімі кейінге қалдырылуы мүмкін. Оған отбасы жағдайлары, білім алуды жалғастыруы, денсаулығы және басқа да себептер болуы кәдік. Бір айта кететін жайт, бір оқу орнын бітіріп, екіншісіне түсетін болса, әскерге шақыру кейінге қалдырылмайды.

Алмат Жақыповтың айтуынша, облыста әскерден жалтарып жүрген жігіттер саны жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, былтыр олардың саны 2009-дай болса, биыл 3000-ға жуықтап отыр. Бұл жастардың көпшілігі қалалықтар екен. Олардың бұлай істеуіне тұрғылықты мекенжайда тұрмауы, жұмыс барысымен басқа қалаларға кетіп қалуы себеп болуда. Әскерге шақырту қағазын апарғанда олардың ақпараттық жүйеде көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталады екен. Шақырудың бірнеше әдісі бар. Қағазға қол қойғызады немесе жұмыс берушіге әлде оқу орнына хабарланады. Сонымен қатар eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және ұялы телефонға SMS арқылы хабарламалар жіберіледі. Құжатта баратын күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Егер азамат үш шақырту қағазын немесе үш SMS-тен көп хабарлама алған соң, көрсетілген мекенжайға бармаса, полиция қызметкерлері іздестіреді.

Әскерден жалтарған азаматтар заң алдында жауапты. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 647-бабы («Азаматтардың әскери есепке алу жөнiндегi мiндеттерді орындамауы»), 648-бабы («Медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтару») және 649-бабы («Әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдiру немесе жоғалту») бойынша ескерту беріледі немесе айыппұл салынады. Әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмай, қызметке шақырылудан жалтарғандарға қылмыстық іс қозғалады.  ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына («Әскери қызметке шақырылудан жалтару») сәйкес айыппұл салу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Облыста биыл әскерден жалтарғаны үшін 8 азаматқа 647-бап бойынша 118 973 теңге айыппұл салынған. Соның  86 500 теңгесі төленбеген. Ал 5 азаматқа ескерту берілген.

Қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдердің, департаменттің қызметкерлері ғана емес, ауған соғысының, Тәжік-ауған шекара қақтығысының және Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері де жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу іс-шараларына атсалысып жүр. Мектептер мен колледж-университеттерде кездесулер, «ерлік сабақтары» өткізіледі. Білім ошақтары мен оқу орындарының басшылығы да насихатқа үлес қосып келеді. Олар ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге баратын азаматтарға ұсынатын жеңілдіктерді айтып, әскери қызметтің маңыздылығын насихаттайды.

– Жуырда ғана бір колледжге бардық. Жастардан «Сіздер мерзімді әскери қызметін өтеп келген азаматтардың ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер ме?» деп сұрасам, көпшілігі білмейтін боп шықты. Мәселен, әскери борышын өтеп жүргенде өзін жақсы жағынан көрсетіп, осында оқытатын 5-6 пәнді үздік аяқтаса, тегін грант иеленуге болады. Айта кету керек, қазір 20-21 жастағы кейбір бойдақ жігіттердің өзінде 2-3 несие бар. Олар  әскерге барса, несиені төлеу мерзімі 14 айға шегеріледі. Әскери қызметкерлер үшін де бірталай жеңілдік бар.

Орал қаласындағы көшелерде әскери қызметті, Отан қорғауды насихаттайтын үлкен баннерлер ілініп, лед-экрандар қосылып тұр. Соларды көрген сайын әскери қызметкер ретінде қуанамын. Жігерлендіре түседі. Қалалық әкімдік қорғаныс істері жөніндегі басқармаға осылай көмек көрсетіп отыр, – деп ағынан жарылды Алмат Алмасұлы.

Подполковник Жақыпов баланың патриоттық ұғым-түсінігін қалыптастыруды бес жастан бастау керек деп санайды.

– Қазір баласымен «Сабағыңды жақсы оқысаң, телефон алып беремін» деген сияқты «келісімшартпен» сөйлесетін әкелерді жиі көріп жүрмін. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әкенің мысы болуы керек. Бұл қатыгездік емес, керісінше әкенің отбасындағы беделін, оның айбынын және талапшылдығын білдіреді. Баланың жауапкершілігін арттырып, отбасындағы береке мен тәртіпті сақтау үшін қажет. Мысалы, біз әкемізді қас-қабағынан түсінетінбіз. Дастарқан басына әкемізден бұрын отырмайтынбыз. Осының өзі тәрбие еді. Халқымыз «Баланы жастан...» деп бекер айтпаған. Өзімнің бір ұл, үш қызым бар. Ұлым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да химия факультетінде оқиды. Үлкен қызым былтыр Ақтөбе қаласындағы Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының әскери медицина мамандығына түсті.

Әскер – өмір мектебі. Онда әр сарбаздың тәртібі мен төзімділігі, батылдығы шыңдалады. Шекарада талай сарбаз біздің тыныш ұйықтап, алаңсыз жүріп-тұруымызды кірпік қақпай күзетіп тұрғанын ұмытпауымыз керек, – деді подполковник Жақыпов.

 Ералин

Хамит Ералин, жоғары санатты хирург-дәрігер, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің дәрігерлік комиссиясының төрағасы:

–  Наурыз айында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Күні бүгін облыста 525 әскерге шақырылушы дәрігерлік тексерістен өтті. Олардың 30 пайызы денсаулығына байланысты ҚР Қарулы күштері қатарына алуға жарамсыз екені анықталды. Жастардың арасында жоғары қан қысымы, жүрек аурулары, астма, скалиоз бен қазтабан ауруы жиі кездеседі. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша ауруына байланысты емделу қажет болса, шақыру мерзімін 6 айға немесе аурудың сипатына қарай одан да көп уақытқа кейінге қалдырамыз. Былтырға қарағанда биыл әскери борышын өтейтін жастағы азаматтардың арасында денсаулығында кінәраты барлар көбейген. Қазір жастардың физикалық белсенділігі төмен. Жалаң аяқ жүрмегесін жалпақ табан болады. Мектеп жасында партада дұрыс отырмаған соң, омыртқа жотасы қисаяды. Сондықтан әр ата-ана баласының жүріс-тұрысына дейін қаршадайынан мән беруі тиіс.

Сисекенова

Ғалия-Бану Сисекенова, көз дәрігері, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің дәрігерлік комиссиясының мүшесі:

– Әскерге шақыртылатын жастардың арасында көздері нашар көретіндер бар. Оған негізінен көпшілігінің телефонмен, компьютермен ұзақ жұмыс істеуі себеп деп ойлаймын. Көздің ішін егжей-тегжейлі зерттейтін жоғары дәлдіктегі циклоскопия әдісімен тексереміз. Егер көздің ішіндегі торқабақта өзгеріс анықталса, әскерге жарамсыз болады. Ал ешқандай өзгеріс байқалмаса, көздің көруі – 6 және – 5,5 болса, әскер қатарына жарайды. Бұл жағдайда да терең зерттеледі. Биылғы әскерге көктемгі шақыру кезінде 4-5 бала көзі нашар көретіндіктен әскерден босатылды.

  

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале