7 мамыр — Қазақстан Республикасындағы айрықша маңызы бар мемлекеттік мерекелердің бірі — Отан қорғаушылар күні. Бұл күн 1992 жылы еліміздің Қарулы Күштері құрылған тарихи сәтпен тығыз байланысты. Аталған шешім тәуелсіз Қазақстанның әскери негізін қалап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа кезеңін бастаған еді. Содан бері бұл мереке батырлық пен ерліктің, отансүйгіштік пен жауапкершіліктің символына айналды.

Отан қорғаушылар күні — тек әскери қызметкерлердің ғана емес, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген барша азаматтардың мерекесі. Олар — отбасының қорғаны, мемлекеттің сенімді тірегі.
Әскерилермен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, құтқарушылар мен өзге де күштік құрылым өкілдері де осы күні ерекше құрметке ие болады.
Осы атаулы мерекеге орай Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде «Ел қорғаны – ер намысы» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын еліміздің Мемлекеттік Туын салтанатты түрде алып шығумен басталып, Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен жалғасты.
Бұл көрініс қатысушылардың жүрегіне патриоттық сезім ұялатып, мерекенің маңызын айқындай түсті.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы Отан қорғаушылар күні — елге деген сүйіспеншілік пен патриотизмді дәріптейтін ерекше күн екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Мереке аясында қызметінде ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылғы 26 желтоқсандағы №855 бұйрығына сәйкес, 2-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі Шыңғырлау аудандық төтенше жағдайлар бөлімі №23 өрт сөндіру бекетінің бастығы Наурызғалиев Донат Серікұлына табысталды. Ал 3-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі аталған бөлімшенің командирі Ерғалиев Әлішер Маратұлына және қызметкері Дарисов Сәкен Бітімбайұлына берілді.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Бұл — ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген лайықты құрметтің белгісі.

Салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Ән мен күй, сахналық би қойылымдары арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйланып, мерекенің рухы одан әрі асқақтай түсті.
Отан қорғаушылар күні өткенге тағзым етіп, бүгінгі батырларды ұлықтайтын, келешек ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін маңызды мереке. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға деген құрмет әрдайым жоғары болмақ. Бұл күн — ерлік пен елдік рухты дәріптейтін, ұлттың бірлігі мен беріктігін айқындайтын ерекше мейрам.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы