7 мамыр – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері және Отан қорғаушылар күніне орай Бөрлі аудандық мәдениет үйінде «Ұландарымыз ұлы елдің!» атты салтанатты мерекелік концерт өтті.

Аталған шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды. Әрі қарай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Рамазан Бақытжан Қазақстан Республикасы мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің антын қабылдады.

Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері және Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, сөз сөйледі.
- Құрметті жерлестер, сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн елін, жерін қорғауды қасиетті парыз деп білген азаматтардың ерлігі мен адалдығын дәріптейтін ерекше мереке. Ата Заңымызда айқындалғандай, мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғау әрбір азаматтың қасиетті міндеті, әрі абыройлы борышы. Бұл тек әскери қызметкерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз бейбіт өмірдің қадірін терең түсініп, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайту жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Отанға деген сүйіспеншілік, заңға құрмет және азаматтық жауапкершілік мықты мемлекеттің негізі. Осы құндылықтарды берік ұстана отырып, біз 9 мамыр Жеңіс күнінің маңызын терең түсінеміз. Бұл күн бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін еске салатын тарихи сабақ. Біз өткеннен тағылым алып, мұндай қақтығыстардың ешқашан қайталанылуына жол бермей, ең қымбат құндылығымыз бейбітшілік пен келісімді сақтау жолында күш жігерімізді біріктіруіміз керек. Әрқашанда аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын. Еліміздің қалқаны мықты, шекарасы берік болсын, - деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Мерекелік шара барысында Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов «Қауіпсіз өңір» жобасы шеңберінде құқық қорғау органдарымен тығыз іс-қимыл орнатып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындармен құқықтық түсіндіру жұмысына қосқан үлесі үшін Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының Алғыс хатымен марапатталды. Және де Достық ауылдық округінің әкімі Азат Қожаниязов құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде өзара ынтымақтастықта қызмет етіп, полиция қызметіне қолдау көрсеткені үшін Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиевтің алғысхаты табысталды.
Сонымен қатар 1979-1880 жылдары әскери борышын өтеген Ауған соғысының ардагері Ришат Насыров, 1986-1987 жылдары Ауғанстанда байланысшы қызметін атқарған, Ауған соғысының ардагері Қайша Абдрахманова, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметі Батыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті «Ақсай» шекара бөлімшесінің 3-ші мобильдік тобының бастығы кіші сержант Нариман Тлеуов, Ақсай қаласының №4 ЖОББМ-нің Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Асқар Даулетқалиев, 2021 жылдан бері Бөрлі ауданының қорғаныс істері жөніндегі инспекторы Тагир Есенжановтар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. Аудан әкімінің алғысхатына ие болғандар қатарында №29 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті, азаматтық қорғау кіші сержанты Рената Тажиева, Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп келген Ануаров Ардаби Мадиұлының анасы Тұрсын Ахметова, республикалық "Айбын-2026" әскери-патриоттық жастар жиынының аудандық және облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері және тағы да басқалар да болды.
Әрі қарай шара аудандық демалу орталығы өнерпаздарының дайындаған мерекелік концертімен жалғасты.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы