6.05.2026, 21:00
Оқылды: 5

Сырым ауданында Шаден көрмесі ашылды

Сырым ауданындағы музей қоры соңғы жылдары жақсы толықты. ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлердің мәліметтері мен тұтынған бұйымдары, киілген киімдері – бүгінде тарихи жәдігер.

WhatsApp Image 2026-05-06 at 17.02.11

Биыл от кешкен асыл ер Шаден Ажмағамбетовтың туғанына – 100 жыл. Ажмағамбетов Шаден 1926 жылы Аралтөбе ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскерге алынып, Орынбор қаласында алғашқы дайындықтан өтіп барып, әрі қарай майдан даласынан табылады. Уфа қаласындағы тұтқынға түскендерді де күзеткен. Сол кеткеннен елге 1950 жылы ғана оралады. 1952 жылдары Жымпиты кеңшарында бухгалтер болып еңбекке араласып, бастап, жұмысшылар кооперативінің Жымпитыдағы кейін Тасқұдықтағы бөлімнің басшылық қызметтерін атқарады. Майдан марапаттарынан бөлек кеңестік кезеңнің «Үздік кооператив қызметкері» атағын алған.
Ардагердің аманаты ретінде тұтынған бұйымдары мен негізгі өмірдерегін музей қорына марқұм баласы Бауыржан Шәденұлы тапсырып кеткен еді. Бүгінде Шаден Ажмағамбетовтың толық тектік қоры сақталып, өмірбаяны, тұтынған құжаттары, суреттер топтамасы, жол сөмке, гинастерка, тұлып, қойын дәптерлері, мандаттық қағаздары, марапаттары көненің көзіндей сақтаулы тұр. Уақыт өткен сайын әр мұра музей құндылығын арттыра бермек. Себебі, адамдар өткенмен, сол іздер, еңбектер, жәдігерлер кейінгі өскелең ұрпақ үшін таптырмас мәдени мұраға айналады.

Өткеннің ізін музей мен архивтен іздеп келетіндер бар. Олар дер кезіндегі ұрпағы жанашырлық танытпаса, сақталымға берілмесе, біздің қорымызда болмауы заңдылық. Әр жәдігер құжаттандырылғанда ғана музей қорындағы құнды экспонатқа айналады. Кезінде Жымпиты өңірінен алты мыңнан астам адам осы соғысқа кеткен болса, олардың тең жартысынан көбі майданнан оралмады, қаншамасы, із - түзсіз жоғалды. Ұрпағы қалмағандары қаншама?!

Бізде елу майдангердің ғана тектік қоры сақталымға берілген. Ол дегеніңіз өте аз.
Шәден атамыздың 14 қараша 1959 жылы бастаған қойын дәптеріндегі төгілген жазулары оның аудандық кооперациядағы нағыз есептің мұқият жиналған тарихын көрсетіп қана қоймайды, өз қызметіне адал маманның жауапкершілігінен сыр шерткендей әсер сыйлайды. Сонымен қатар, мектеп музейлері де өздеріне біраз дүниені жинап отыр, мысалы Тоғанас мектебінде В.Шубиннің 4 бірдей “Алтын жұлдызы” кітапшасымен сақтаулы тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Музейлер үлкен кіші болса да, тарихты тірнектеп жинап, қолда бар дүниелерді жәдігерлерге айналдырып отыратын жалғыз орталық. Бүгінде туғанына ғасыр толған Шәден ағайдың жәдігерлерінен арнайы көрме жасақтап шығарып қойдық. Қайталанбас қаншама жәдігерлерді көреміз дегендерге, мамырдағы мереке қарсаңында музей есігі ашық, мархаббат.

А.Ойшыбай
Сырым Датұлы атындағы тарихи
өлкетану музей меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале