Отан қорғаушылар күні қарсаңында Бәйтерек ауданы орталығында Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан бәйтеректіктерге құрмет көрсетілді.

Іс-шара «Жеңіс» саябағында тал-терек отырғызумен басталды. Чернобыльдіктер атынан сөз алған Махамбет ауылдық округінің тұрғыны Василий Исмагилов мұнда олар Жеңіс күніне орай ҰОС ардагердерінің рухына тағзым еткендерін айтты. Сондай-ақ, «ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады» деген қағиданы мықтап ұстанған халқымыз үшін ағаш егу – маңызды істің бірі екеніне тоқталып, сол игі іске олар да үлестерін қосқандарын жеткізді.

Содан соң аудандық орталықтандырылған кітапханада мектеп оқушыларымен өткен кездесу Чернобыль апатына байланысты бейнероликпен ашылды.

- Бұл апаттың салдарын жоюға бірінші кезекте әскерилер тартылды. Артынан азаматтық борышын өтеп келгендер де шақырылды. Отан қорғау тек соғыс кезінде емес, бейбіт өмірде де болатынын Чернобыль оқиғасы тағы бір мәрте көрсеткені белгілі. Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзімен айтқанда, ерлік дегеніміз - табиғаттың сыйы емес, отандастарыңды қауiпсiз етуге ұмтылу, саналы түрде қауiп-қатерге бас тiгу. Сол себепті кезінде апаттың салдарын жою үшін Украинаға барған отандастарымыз ерлік жасағаны анық. Бейбіт күннің батырлары атанған бұл азаматтар қазір арамызда жүр. Олардың сол кезде адамзатқа жасаған жақсылықтары үшін алғыс айтып, Отан қорғаушылар күнімен, Жеңіс күнімен құттықтаймыз,-деген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев Чернобыль ардагерлеріне алғысхат табыстады.

Марапатталғандардың бірі – переметныйлық Ғұмар Лұқпанов. 1956 жылы дүниеге келген ол саналы ғұмырын темір жол саласына арнаған. 1989 жылы оны жергілікті әскери комиссарат арқылы апат салдарын залалсыздандыру жұмыстарына шақырылып, атом станциясының төртінші реакторында үш ай жұмыс істеп келген. Ол өз сөзінде көрсетіліп жатқан осындай құрмет үшін аудан басшылығына, мәдениет саласы өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ Чернобыль ардагерлері, атқарған істері туралы насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе деген пікірін жеткізді.

Іс-шара барысында «Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарт әскерінің тобы» РҚБ БҚО филиалының төрағасы Қадырбай Абдушев те осынау атаулы күннің мән-маңызына тоқталды. Содан соң ол ауданда еңбек еткен, артынан ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Марат Есқалиевке «Қазақстан патриоты» медалін табыстады.
Мәди Ықылас
Бәйтерек ауданы