Елімізде лудомания дерті ушығып тұр. Мыңдаған адам бәс тігеді. Барлығы ұтып жатыр деуге болмайды. Бәс тіккеннің кесірінен біраз отбасының ойраны шыққанын да ел біледі. Бұрын көбіне ер-азаматтар осы іске құмар болса, соңғы кездері нәзік жандардың да дертке шалдыққанын естіп-біліп жүрміз. Лудомания нәсіл, ұлт, жыныс талғамайды. Бір сәтте байытып жіберсе, бір-ақ сәтте барыңнан айырады. Осы «ауруға» шалдығып, несие алған азаматтардың бары да рас. Айналаға қарыз болып, ақыр соңында абыройсыз қалғандар да жетерлік. Ойынқұмарлығын тоқтата алмай, қарызға белшеден батып, одан құтыла алмай, өз-өзіне қол салған отандастарымыздың да саны аз емес. Тапқанын букмекерге салып, абыройдан жұрдай болған. Ақыры соңғы қадамға барған отандастарымыз жайында дерек іздеудің де қажеті жоқ. Осы жолдар ауторының да біраз танысы бәс тігуге құмар. Бірақ ешқайсысы пікір беруге құлықты емес. Айтатындары: «Мен жай ғана 1000-2000 теңге тігем. Соның арқасында футбол не басқа да спорттық сайыстарды көруге деген қызығушылығым артады». Бірақ лудомандардың көбі алғашында бәс тігуді аз ақшадан бастаған.

Белгілі спортшы, ауыр атлетикадан әлем шемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешев тәуелділігі бар азаматтарды емдеу мекемесінен шыққан соң берген сұхбатында өзімен бірге ем алған жігіттердің көбі ойынқұмарлықтан арыла алмай жүргендер екенін айтты. Спортшы өз сөзінде лудоманияға шалдыққандардың жартысынан көбі жасы жиырмадан жаңа шыққан жас жігіттер екенін еске алды.
Букмекерге бәс тігетін таныстарымды сөзге тартып, өзінің пікірін білдіруін сұрағанымда, барлығы бастарын ала қашты. Мессенджердегі тума-туыс, дос-жарандардың тобына сұрау салғанымда, досым өзінің көршісі қызын ойынқұмарлықтан арылту үшін үйінде қамап отырғанын айтты. Сұрастыра келе, көршісінің телефон нөмірін берді. Қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірген соң, аты мен тегін жазбаған жағдайда, өзі де, қызы да басынан өткерген оқиғаларымен бөлісуге дайын деген жауабын берді.
Облысқа қарасты аудандардың бірінде тұратын Андрей мен Наталья бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қызы Юлия мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматы қаласына оқуға түскен. Отбасы аса бай да емес. Сол себепті Юлия алғашында оқумен қатар жұмыс істеп жүрген. Сол жақта Павел есімді жігітпен танысып, көңілі жарасқан. Екеуі Орал жаққа келіп, ата-анасымен танысқан. Алматыда пәтер жалдап, бірге тұруға бекініпті. Бірақ соңғы екі жылдан бері Юлия қатты өзгеріп, үйден анасының алтынын ұрлаған сәттері де болған. 20 жасына дейін ата-анасының айтқанын екі етпеген қызының мұндай қылық жасауына оның ойын-құмарлығы себеп болыпты. Алғашында қыздарының жағымсыз қылығына кешіріммен қараған ата-ана осы күні Юлияны үйінде қамап ұстауға мәжбүр. Андрей мен Наталья менің осы тақырыпты зерттеп, ізденіп жүргенімді естіген кезде басқа адамдар мұндай жағдайға түспесін деген ниетпен қызын басынан өткергенін толықтай айтып беруге көндірді.
Шынымды айтайын, кездесуге бара жатқанымда әдеттегідей аздаған мөлшердегі ақшаны ұтысқа салдым, кейін бәс құнын өсірдім, қарызға ақша алдым, қайтарам деп тағы ұтылдым. Ақыр соңында үйдегі анамның алтындарын саттым. Қазір өкініп жүрмін деген сыңайдағы әңгіме естимін деген ойда болдым. Бірақ Юлияның оқиғасы мені таңғалдырды.
Юлияның оқиғасы
– Әкем мен анама, ініме және Павелге алғысым шексіз. Олар менің дерттен арылуыма күш салып жүр, – деп бастады әңгімесін Юлия. Оның да оқиғасы жарнамадан басталған. Бірде үйінде телефон ақтарып отырған Юлия букмекерлік кеңсе жарнамасына тап болады. Сілтеме арқылы өтіп, тіркеген соң банк картасындағы 1500 теңгесін салып, бәс тігеді. Көп ұзамай 1500 теңгесі 5000 болады. Қуанып кеткен ол жігіті Пашаға хабарласып, ақша ұтып алғанын айтады. Сүйіктісінің жолы болғанына қуанған Павел сәттілік тілеп, бәс тігудің қыр-сырын айтып жібереді. Осылайша, кешке дейін Юлия 1500 теңгені 30 мыңға дейін жеткізеді. «Ұтқан ақшаның жартысын картама аудардым. Паша келген соң ұтысымды көрсеттім. Ол «экспресс», яғни бірнеше бәсті біріктіріп тіккен жағдайда көбірек ақша ұтуға болатынын айтты. Екеулеп отырып, 15 мың теңгемізді футболға қойдық. Тағы жолымыз болды. Есепшоттағы ақша 45 мың теңгеге көбейді. Содан кейін мені тоқтату мүмкін болмады», – дейді Юлия.
Жас қыз қосымша жұмыстан тапқан жалақысын да, шәкіртақысын да букмекерге салатынды шығарған. Ұтысынан ұтылысы көбейсе де, жаман әдетінен арыла алмаған. Ақша жоқ кезде Павелдің қымбат сағатын ломбардқа өткізген, бірақ одан пайда таппаған.
– Пашаның әпкесі сыйлаған қымбат сағатын ломбардқа өткізгенімде, ол қатты ренжіді. Менің ойынқұмар екенімді ата-анама айтуға бекініп еді. Соңғы сөзімді айтып, ойынан қайтардым. Сенімге селкеу түсті. Бірақ мен оның сенімінен айырылғаныма емес, енді одан бәс тігуге ақша сұрай алмайтыныма өкініп отырдым, – деді ойынқұмар қыз.

– Паша таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Арада болған оқиғаны қалай да ұмыттыру керек. «Ауылыма біраз уақытқа кетіп қалсам, жігітім өзі іздей бастайды» деген оймен оқуынан әжем қайтыс болды деп сұранып, ауылға кетеді. Үйінде де тыныш жата алмаған кейіпкеріміз қалтасындағы бар ақшасынан айырылады. Бірнеше күн ойнамаған. Бірақ азарт Юлияны жеңеді. Әке-шешесінен ақша сұрай алмаған ол анасының алтындарын ұрлап алып, қалаға тартып отырады. Одан түскен ақшаның бір бөлігін бәске салып, қалғанына билет алады. Пойызға дейін әлі бір күн бар. Үйіне келіп, ата-анасымен қоштасып, Алматыға тартады.
– Анамның алтындарынан тапқан ақшаның бәрінен ұтылғанымды жолда білдім. Қатты ұялдым. Бірақ ештеңені кері қайтара алмасымды түсіндім. Жолда анам хабарласып, алтындары жоғалғанын айтты. Осы екі арада Паша хабарласып, менің ойынқұмар екенімді айтқан. Әке-шешем менен теріс айналды. Жігітім де көргісі келмейтінін айтты. Бірге оқитын достарыма да баратын бет жоқ. Алматыға жеткен бойда қалтамда бар болғаны 3500 теңге болды. Оны да бәске салып, 30 мыңдай ұтып алдым. Ол ақшаға пәтер жалдап, бірнеше күн тұрдым, – дейді Юлия.
Барар жер, басар тауы қалмаған жас қыз ақша табудың бір ғана жолы – тәнін сатуға шешім қабылдайды. Әлеуметтік желіге кіріп, арнайы сайтқа және тағы бір желіге еркектерге арналған қызмет көрсететіні жайында хабарлама жазады.
– Бірнеше күнге жалдаған пәтерімді тапсырардан бір күн бұрын алғашқы клиент хабарласты. Ақысына келісіп, оның айтқан жеріне баратын болдым. Ақшаны беріп, ойындағысын жүзеге асырды. Сол күні үш жігіт менің қызметімді пайдаланды. Пәтер жалдау күнін ұзарттым. Бірақ өзімнен өзім жиіркеніп, түнімен ауырдым. Ертесіне клиенттен түскен ақшаның барлығынан айырылғанымды көрдім де, жаңа кәсібіммен айналыса беруге бекіндім, – деді Юлия.
Бірнеше ай өзін саудаға салған қыз қатты өкінген. Қарыз беретін жерлерден алған несиелерінен оңайлықпен құтыла алмайтынын түсінеді. Бірнеше рет өз-өзіне қол салсам ба екен деген ойы болғанын да Юлия жасырмады. Бірақ ата-анасына хабарласып, кешірім сұрап, барлық жайтты айтпаққа бекінеді.
– Анама телефон шалып, жылағаным әлі есімде. Олай жылап көрмедім. Қалайша ойынқұмар болғанымды, қазіргі лас тірлігімді, барлығын жайып салдым. Анам ренжіді. Бірақ әкем көп ұзамай алып кететінін айтты. Сонда әкемнің жылағанын алғаш көрдім, – дейді Юлия.
Осы кезге дейін қанша хабарласса да, пәтерде бірге тұрған сүйіктісі телефон қоңырауын қабылдамаған. Юлия әке-шешесімен сөйлескен соң, жігітіне хабарласып, онымен кездесіп, жағдайын айтып, кешірімін алған.
– Паша менің оқиғамды естіген кезде көпке дейін үндемей отырды. Одан соң үйден шығып кетті. Екі-үш күн хабарласпады. Әкем Пашаның үйіне келетінін айтты. Жүгімді жиып, ауылыма қайтқалы жатқан кезде Паша келді де, барлығын түсінуге тырысатынын жеткізді. Ойынқұмарлығымнан арылуға көмектесуге дайын екенін де білдірді, – деген Юлия осы сәтте көз жасына ерік берді. Әңгімемізді тыңдап отырған анасы Наталья: «Сен оқушы кезіңде де, бірінші курста оқыған кезде де ондай емес едің ғой. Не итермеледі сені осыған? Жоқшылық көрмедің, аздап қиналған да шығарсың, бірақ бізге айтсаң, түсінер едік қой», – деп қызын құшағына алып өксіді. Әкесі Андрей темекісін тұтатып, оны кері күлсалғышқа тықпалап, тыпыршып қалды. Қыздарының оқиғасын әлденеше рет естісе де, оны қабылдау ата-анаға қиын екені көрініп-ақ тұр. Бірақ ата-анасы мен сүйіктісінің қолдауына ие Юлия енді бәс тікпеуге бекініпті. Солардың үмітін ақтасам деген ойы бар. Достары мен бірге оқитын құрбыларына қарыз ақшасының аздаған бөлігін әкесі қайтарып берген. Бір-екі құрбысы да хабарласып, жағдайын біліп тұрады.
– Главное не сорваться, – деді көз жасын сүрткен Юлия. Біз де осы жерде әңгімемізді доғарайық деп шештік.
Бәс тігу тоқтар емес
Кей мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі ойынқұмарлар саны 350 мың адамнан асады делінген. Бұл дерек «Курсив» басылымының сайтында жарияланды (Қазақстанда құмар ойынға тәуелділер 350 мыңнан асады). Сол жолы Оrda.kz сайтында елдегі құмар ойынға құныққандар саны 440 мың деп көрсетілді («Эксперт оценил, сколько в Казахстане может быть людей с лудоманией»). Ал Спорт және туризм вице-министрі Мирас Төлебаев 2024 жылдың маусым айының 18-і күні Tengrinews-ке берген сұхбатында қазіргі таңда лудомандар тізімінде 140 мың азамат тұрғанын айтты («Не отражает реальную картину». Число лудоманов назвали в Казахстане). Қалай болғанда да, бұл жақсы көрсеткіш емес. Мысалы, 2022 жылы ел халқы театрларға 21,2, кино көруге 14,5, цирктерге 1,1, концерттерге 13,5 миллиард теңге жұмсаса, құмар ойындар және бәс тігуді ұйымдастыруға 456 миллиард теңге жұмсаған. Салыстырмалы түрде айта кетейік, 2021 жылы Орал қаласының жылдық бюджеті 42 миллиард теңгені құрады. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпараттық-талдамалық жүйесі сайтында 1998 жылдан 2023 жылға дейін құмар ойындар және бәс тігуді ұйымдастыру қызметінің көлемі жарияланған. Онда ел азаматтары 2023 жылы бәс тігуге 417 миллиард жұмсағаны көрсетілген (Құмар ойындар ұйымдастыру бойынша қызметтердің көлемі.xls).
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияның психикалық ауытқу екенін мойындады. Елімізде лудомандардың бірнеше түрі бар. Ең көбі – спортқа бәс тігушілер. Одан кейін казиноға ақша салатындар. Сондай-ақ онлайн казино ойыншылары да кездеседі. Неге осынша адам бәс тігуге құмар деген сауалдың жауабы сол: ойынқұмарлардың біразы көп күш жұмсамай-ақ, тез байып кеткісі келеді. Соның кесірінен бәс тігуді бір рет бастаған соң тоқтай алмай жатады. Соңы неге алып келетіні түсінікті. Елде ішкіштерді, нашақұмарларды мәжбүрлеп емдейтін орындар бар. Ойынқұмарларды да солай емдейтін уақыт келген сыңайлы.
Ғасыр дертімен күрес
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі екенін және оны реттеуге тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын. Ол заң былтыр күшіне енді.
Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайтын болды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың, бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітті. Енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынды. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей эфир жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынды. Одан бөлек, 21 жасқа дейінгі азаматтар бәс тіге алмайды.
Заң жұмыс істеп тұр ма?
Лудоманияға қарсы күрес мақсатында қабылданған ойын бизнесі және лотерея салаларындағы заңнамалық түзетулер 8 кодекс пен 14 заңға енгізілді. Оның ішінде букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу, мемлекеттік қызметшілер мен борышкерлердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салу, ойын бизнесі субъектілерінің жауапкершілігін күшейту, онлайн казинолар пайдасына транзакцияларды бұғаттау көзделген.
Материалдық берешегі бар азаматтардың жағдайын одан әрі қиындатпау үшін борышкерлердің бірыңғай тізімінде тіркелген 3 миллионға жуық адам құмар ойындардан шеттетілді. Бүгінде аталған тізімге енгізілген 15 мыңға жуық азаматтардың аккаунттары бұғатталды. Қазіргі уақытта Әділет және Цифрландыру министрліктерінің қолдауымен бәс тігушілердің ЖСН-дерін аутоматты түрде борышкерлер тізімімен сәйкестендіру мәселесі жүріп жатыр. Ол туралы ҚР туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев жыл басында өткен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2024 жылғы қызметі мен 2025 жылға қойылған негізгі міндеттері жайында айтылған алқа отырысында мәлімдеді.
– Борышкерлерден бәс қабылдаудың 80 фактісі бойынша бес букмекерлік кеңсеге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бір субъект жауапқа тартылды. Борышкерлерден бөлек, 85 мыңнан астам мемлекеттік, 70 мың әскери қызметшіге, 100 мыңға жуық құқық қорғау және арнайы құрылымдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысып, бәс тігуге тыйым салынды, – деді Мирас Төлебаев.
«Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабы 3-тармағына сәйкес ойынқұмарлығынан арылғысы келген азаматтар құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізуге өтініш бере алады. Ол мүмкіндікті 21 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы пайдаланады.
Ол үшін ойынқұмар уәкілетті құрылымға нысан бойынша «е-Otinish» бірыңғай платформасы арқылы немесе «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы электронды өтініш жолдайды. Өтініш беруші тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектеу мерзімін белгілейді. Бір айта кетерлігі, берілген өтініш қайтарылуға жатпайды, кері қайтарып алынбайды. Мирас Төлебаев өз сөзінде аталған қызметті аутоматтандыру әрі шектеу мерзімін ұзарту нәтижесінде өзін-өзі шектегендердің саны 3 мыңнан 188 мың адамға дейін көбейгенін айтты.
– Азаматтардың өтініштері бойынша өзін-өзі шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. 12 мың азамат жаңа норманы пайдаланып, өздерін бір жылдан астам мерзімге шектеді. Қазіргі уақытта букмекерлік кеңсе клиенттерін өзін-өзі шектегендер тізімімен аутоматты түрде сәйкестендіру ісі пилоттық режімде іске асырылуда, – деді М. Төлебаев.
Қазіргі таңда азаматтардың бәс тігуге қатысуын бақылауды «Бірыңғай есепке алу жүйесі» атты төлем және мониторинг платформасы қамтамасыз етеді. Жүйе мемлекеттік дерекқорлармен және букмекерлердің электронды кассаларымен интеграцияланады. Букмекерлік кеңсенің әр клиенті жүйеде бақылаудан өтеді. 21 жасқа толмаған тұлғалар, өзін-өзі шектегендер, борышкерлер және мемлекеттік қызметшілер бәс тігуге қатыстырылмайды. Сонымен қатар есепке алу жүйесі букмекерлік кеңселердің қаржылық айналымын бақылау арқылы мемлекеттік кірістер мен қаржы мониторингі құрылымдарының жұмысын жеңілдетеді. Бұдан бөлек, есепке алу жүйесі интернетте мониторинг жүргізіп, интернет-казинолар туралы мәліметті аутоматты түрде Ақпарат министрлігіне жолдайды. Аталған жүйе биыл іске қосылмақ.
– Былтыр ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 7 букмекерлік кеңсеге, 3 ойын аутоматтары залына және 1 казиноға, сондай-ақ лотерея операторына тексеріс жүргізді. Тексеріс қорытындысы бойынша 1 букмекер лицензиядан айырылды, 4 букмекерге, 2 ойын аутоматтары залына және лотерея операторына 8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 101 жеке тұлға жауапкершілікке тартылып, 43 млн теңге көлемінде айыппұл төледі. Заңсыз лотереяны ұйымдастырудың 40 фактісі бойынша материалдар жинақталуда. Комитет құрылғанға дейін заңсыз лотереялармен ешкім айналыспағанын атап өту керек. Елімізде лотереяны «Сәтті жұлдыз» компаниясы ғана ұйымдастыруға құқылы. Әлеуметтік желілердегі ұтыстардың барлығы да заңсыз, – деді вице-министр.
Комитеттің тапсырысы бойынша құмар ойындарға құштарлықтың себептері мен ауқымын түсінуге арналған алғаш республикалық әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар педагогтер мен психологтердің қатысуымен лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді, республикалық семинар өткізілді, мұғалімдер мен ата-аналар үшін министрліктің сайтында қолжетімді бейнесабақтар дайындалды. Әзірленген әдістеме негізінде Оқу-ағарту, Ақпарат, Жоғары білім және Қорғаныс министрліктері ауқымды тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Букмекерлер мен казиноларды жауып тастауға бола ма?
Ойын бизнесі қоғамды бұзып жатыр, соның кесірінен көп отбасы ойран болды, біраз адам о дүниелік болды деген сөздің жаны бар. Бірақ ондай бизнестен қыруар пайда барын да айтпай кетуге болмайды. meta-ratings.kz сайты жариялаған талдауда елде тіркелген 12 букмекер спортты дамытуға 14 миллион доллар жұмсағанын жазды («Какие клубы, лиги и федерации спонсируют букмекеры в Казахстане: букмекерские деньги в казахстанском спорте»). Былтыр су тасқыны кезінде елдегі букмекерлер ассоциациясы тасқыннан зардап шеккендерге 30 миллион теңге берді. Осы кезге дейін футболдан ел премьер-лигасы букмекердің атауымен аталып келді. Аймақтардағы спортты қолдау, балалар спортын дамыту, түрлі алаңдар салу ісіне де бетингтік компаниялар қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Тіпті пандемия кезінде елдегі букмекерлер «Дыши.kz» жобасына қолдау көрсетті. Соның арқасында біраз маска, пульсоксиметрлер алынды. Ел қазынасына да букмекерлер қыруар қаржы салып жатыр. Осы мақаланы дайындау барысында қаржы министрлігіне арнайы сұрау салғанбыз. Құзыретті құрылым берген мәліметте ойын бизнесі субъектілерінің салықтық түсім сомасы 2023 жылы 97 млрд 471 млн 700 мың теңге болса, 2024 жылы 86 млрд 699 млн 900 мың теңгені құрағаны жазылған. Ел қазынасына мұнша көп салықты кез келген мекеме салып жатқан жоқ. Әрине, букмекерлік кеңселердің қоғамдағы жағымсыз жағын жоққа шығар алмаймыз. Бірақ үзілді-кесілді ондай бизнес субьектілерін жауып тастауға тағы болмайды. Себеп – олардың төлеген салығында ғана емес, адам психологиясында. Ал лудомания – психологиялық ауытқушылық. Букмекерлерді жауып тастасақ, казинолар мен фриспиндер бар, одан құтылсақ, неше түрлі ойын аутоматы шығады. Ең сорақысы ойын бизнесі көлеңкелі кәсіпке айналып, жасырын катраналар қаптайды. Ал ол дегеніміз – жылына жоғарыда көрсетілген 86 699,9 млн теңге қазынаға түспей қалады деген сөз.
Қорыта айтқанда, букмекерлік кеңселер мен казиноларды жауып тастау көлеңкелі бизнестің белең алуына себеп болатынын айттық. Лудоманияның «ауру» екенін мойындап, оған тәуелді азаматтарды емдеудің жолын табу қажет. Осы кезге дейін ойын бизнесі компанияларының жарнамасы қала архитектурасының бір бөлігіндей болып келді. Сол мәселені шешкен абзал. Әрине, ешбір букмекер ойыншыны қолынан жетектеп, мәжбүрлеп ойнатып жатқан жоқ. Лудоман – таңдауын жасаған адам. Сондықтан одан құтылудың жалғыз жолы – жаппай бас тарту…
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»
Сурет: Ашық дереккөздерден