2.06.2025, 13:00
Оқылды: 173

Ауыл мектептерінің әлеуеті зор

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті. Мақсат - аудандағы білім алу жұмысының жұмысын талдау, бағыттарды анықтау, жаңа жоспарлар белгілеу. Жиынға Сырым аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Асхат Дүйсенғалиев және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. 

IMG_2899

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловтың айтуынша, ауданда 20 мектеп, (оның ішінде 14 орта, 5 негізгі, 1 бастауыш) 2 мемлекеттік «Балдырған» және «Айналайын» балабақшалары және 3 қосымша білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Білім саласы 2024-2025 оқу жылын 3196 оқушымен аяқтаған.

Баланы тәрбиелеу мектеп қабырғасына басталады десек, асығыс айтқан боламыз. Баланы оқу - білімге құштарландыру, тұлға етіп тәрбиелеу - бірінші бесіктен, содан кейін балабақшадан. Қазақтың “Тәрбие басы - тал бесік!” - дейтіні сол.

IMG_2905

Әкежан мырза да соны айтты:

- “Тәрбиенің ең алғашқы негізі отбасында қаланып, балабақшамен байланыс арқылы одан әрі жалғасын табады. Мектепке дейінгі ұйымдардың желісі ауданда 31 бірлікті құрайды. Нақты айтқанда 2 балабақша, 1 жеке балабақша, 9 мектеп-балабақша, 19 шағын орталық бар. Балабақшалар мен шағын орталықтарға 820 бала барып жүр. Ал, мектепалды даярлық сыныптарында 280 бала білім алуда.” - деді бөлім басшысы.

Ауданымыз бойынша 0-5 жас аралығындағы балалардың жалпы  саны – 2099-ды құрайды екен. Олардың ішінде 280 бала балабақша кезегінде тұр. Алдағы уақытта Алғабас, Аралтөбе ауылдық округтеріндегі шағын орталықтардан осымша топтар ашылмақ. 2024 жылы Сарой ауылдық округі, Абай орта мектебі жанынан 2 жастағы бүлдіршіндерге арналған 20 орындық қосымша топ  жұмысын бастады. Саланы алға сүйрейтін - кадр. Сырым ауданында 609 педагог еңбек етеді, оның 38-і магистр дәрежелі. Жаңа форматтағы педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, біліктілік санаты бар педагогтар үлесі - 43,2% құрап отыр. Серік Тоқмамбетов білім беру ісінің бет - бейнесі мұғалім екенін ерекше атап өтті. Іздену керек, даму керек. Сана көкжиегі кең, өз саласының үздіктері озық шәкірттер тәрбиелей алады. Ауданда білікті педагогтар бар. Олар - біздің байлығымыз. Менің ойымша, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы қашықтық жойылып келеді. Ауыл мұғалімдерінің білім реформасына үлес қосуға шамасы әбден жетеді. Соны көрсету керек. Сырымның оқушылары ішінен тамаша әдебиетшілер, жүйрік математиктер, өнер мен спорт жұлдыздарын шығаруға тиістіміз, - деді Серік Әнуарұлы.

IMG_2911

Әкім орынбасары аудандағы педагогтар құрамына жас мамандарды тарту, округтердегі білім ұйымдары мен спорт мекемелері арасындағы байланысты нығайту, мектеп базасын бұқаралық спортты дамытуға пайдалану туралы бірқатар тапсырмалар берді.  Баспасөзге жазылу туралы басы бөлек әңгіме болды.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале