Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблінің есеп беру концерті өтті.

Жалпы 53 жылдық тарихы бар би ансамблінің кеші аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршиновтың құттықтауымен бастауын алды.

Кенесары Бекболатұлы үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблінің жетекшісі Сәуле Сүндетоваға алғысын білдірді.

Сонау 1993 жылы өз еңбек жолын осы ансамбльдің хореографы қызметінен бастаған Сәуле Қасымқызы 30 жылдан астам осы салада еңбек етіп келе жатқанын баса айтып, аудан басшысы Нұрлыбек Даумовтың алғысхатын табыстады.

Жалпы үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблінің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, соңғы жетістіктеріне тоқталар болсақ, 2023 жылы Халықаралық би күніне және «Салтанат» би ансамблінің құрылғанына 5 жыл толуына арналған республикалық байқауда III орын, «Биле, Ақжайық» би байқауында «Қазақ биінің стилизациясы» аталымы бойынша «Тұран» биімен бас жүлде, «Қарлығаш» биімен II дәрежелі лауреат атанған. Ал 2024 жылы VI Халықаралық «Golden Talantes» өнер байқауында үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблі бас жүлдеге ие болып, Лиза Ерланқызы «Үздік хореограф» аталымымен марапатталса, Сәуле Қасымқызы «Құрмет грамотасына» ие болған екен.

Ал ансамбл жетекшісі биыл мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Зал толы жиналған көрермендер бишілердің өнеріне тәнті боп, толассыз қол шапалақтаумен болды.

Концерт соңында аудан әкімі атынан ықылас гүлі табысталды.

Еркебұлан Рахметолла
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы