Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық жеңіл атлет Елизавета Матвеева күміс жүлдеге ие болды.
Отандасымыз спорттық мансабында құрлықтық біріншілікте екінші мәрте жеңіс тұғырының екінші сатысына көтеріліп отыр. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті жазды.

Фото: olympic.kz
- Азия жарыс ұйымдастыруы жағынан өте жоғары деңгейде. Әрдайым барлығы керемет өтеді. Корея қонақжайлылығы және мейірімді халқымен есте қалады.
Көңіл күйім тамаша болды. Қысқы маусымдағы кейбір қиындықтардан кейін секіру мүмкіндігінің өзін бағалай білуді үйрендім. Маған жанкүйер болған баршаңызға алғыс айтқым келеді: қасымда болғандарға да, жарысты тікелей эфир арқылы тамашалағандарға да.
Қиындық тек Кореяда менің жеке бапкерімнің болмауында ғана болды. 186 сантиметр биіктікті алғашқы талпыныстан-ақ бағындырған соң, жүлделі орын алатынымды түсіндім. Бірақ 189-ды бағындыра алмағаннан кейін, нәтижеге толық қанағаттану сезімі болмады. Мен алтын үшін күресемін деп ниеттенген едім, әрі бұл мүмкін болды деп есептеймін. Сондықтан алдағы уақытта бапкеріммен бірге қателіктермен жұмыс істейміз.
Менің медалім – елімнің намысын лайықты қорғағанымның және өз бабымда екенімнің дәлелі деп білемін, – деді спортшы Федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында.