Ертең Орал қаласында «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтетіні мәлім. Осыған орай бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов елдің түкпір-түкпірінен келген айтыскер ақындарымен және қазылар алқасымен кездесті.
– Айтыс өнері – ата-бабаларымыздан қалған мәдени мұра. Сөз құдіретін қастерлеген халықпыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне арнап айтыс өткізуді көптен бері жоспарлап жүр едік. Тұрғындар мұндай аламанды асыға тосып жүр. Сіздердің келгендеріңіз – біз үшін мәртебе. Бәріңізге сәттілік тілейміз. Қош келдіңіздер, – деді жылы шырай таныта сөйлеген облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман облыс басшысына айтысқа жанашырлық танытып жатқанына алғыс айтты. Ресейдің бес облысымен шектесетін өңірдің әлеуетін геосаяси тұрғыда нығайта түсу оңай емес екенін атап өтіп, ақындарға Ақжайық өңірінде атқарылған игі іс-шараларды халыққа құлағдар қылуға, Орал шаһарының көркін жырға қосуға кеңес берді. Бас жүлде иеленген ақын жыл сайын «Алтын домбыра» тігілетін дәстүрлі аламанға қатыса алатынын да жеткізді. Биыл басты сыйлыққа 5 миллион теңге тігілмек.
Басқосуда өңір жетекшісі облыс бойынша мәдени, экономикалық, әлеуметтік салаларда атқарылған іс-шаралардың бірқатарын баяндады.
Ертең Орал қаласында өтетін айтысқа 20-ға тарта ақын қатыспақ. Көпшілігі – жас ақындар. Қазылар алқасының құрамында қоғам қайраткері Жүрсін Ерман, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбев, танымал журналист Берік Уәли, айтыс тарландары Дәулеткерей Кәпұлы мен Серік Қалиев болмақ.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz