8.06.2025, 16:30
Оқылды: 145

Ұлттық спорт түрлерінен сырымдықтар үздік болды

Егіндібұлақ ауылында Құрбан айт мерекесіне орай  ұлттық спорт түрлерінен аудандық ашық  турнирі өтті.

IMG-20250608-WA0011

Оған Орал қаласы, Сырым ауданы және Бәйтерек ауданының Белес, Байқоныс, Мичурин, Егіндібұлақ ауылдарының командалары қатысты.

Турнирді ашқан Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіров жиналғандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, қонақтарға «қош келдіңіздер» деп айтып, алғаш рет ауылда өткізіліп отырған ауқымды спорттық шараға келген командаларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар батысқазақстандық UFS чемпионы Сұлтан Шәріповке құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.

 «Сүндетқалиев» шаруа қожалығының (басшысы Айбар Сүндетқалиев) демеушілігімен өткен жарысқа қатысушылар қол күресі, аударыспақ және арқан тарту сынды спорт түрлерінен сынға түсті. Нәтижесінде Сырым ауданының командасы турнир жеңімпазы атанып, 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Екінші орын «алаң иелеріне», яғни егіндібұлақтықтарға бұйырып, олар 70 мың теңгеге ие болса, Белес ауылының спортшылары қола медаль және 50 мың теңгелік сертификат алды. Барлық жеңімпаздарға арнайы естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Ал "Жас спортшы" аталымын Сырым ауданынан Арман Өмір иеленсе, "Ұлттық спорт үздігі" аталымы байқоныстық Ердәулет Амантайға бұйырды.

IMG-20250608-WA0014

- Біз Егіндібұлақта ұлттық спорт түрлерінен болатын турнир туралы хабарламаны бір күн бұрын көріп, тез арада команда жинап, жолға шықтық. Жаман ойын көрсетпеген сияқтымыз, бағымыз жанып бас жүлдені алып отырмыз. Ауданымыздың намысын абыроймен қорғай білгенімізге қуаныштымыз. Жалпы турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға зор серпін берді деп айта алмамын. Мұндай жарыстар ұрпаққа өнеге, елге мерей,-дейді Сырым ауданы командасын бастап келген Әспенбет Қайыржанов.

Айта кетейік, жарыс барысында жәрмеңке ұйымдастырылып, қонақтарға тағамдар мен түрлі сусындар ұсынылды. Егіндібұлақ тұрғындары өздерінің қонақжайлығын көрсетіп, мерекеге орай арнайы ыстық тамақ  пісіріп, келген қонақтарға киіз үйде жайылған дастарханнан дәм татуға үсынды.

Дина Ахметова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале