Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов күні кеше ғана аяқталған оқу жылында түрлі білім додаларында жеңімпаз болған оқушылармен табиғат аясында жүздесті. Ашық форматтағы кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақпен білім мен ғылым турасында ой бөлісу, сондай-ақ олардың түрлі қиындықтарды еңсерулері жайлы ойларын тыңдау болды.

Кездесуге республикалық және облыстық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында топ жарған ауданымыздың 23 оқушысы қатысты.
– Білім мен ғылымда биік белестерді қол созған озат оқушыларымен кездесу бізде дәстүрге айналды. Бұл — оқу жылының соңында жас жеткіншектердің жыл бойғы еңбегін бағалау, оларды қолдап, шабыт беру үшін маңызды. Осындай жетістіктің артында тұрған ұстаздар мен ата-аналардың да еңбегі зор. Бұрын мұндай жүздесулерді мектеп немесе мәдениет үйлерінде өткізсек, биыл табиғат аясында ұйымдастыруды жөн көрдік. Табиғат адамға еркіндік сезімін сыйлайды. Еркіндік болған жерде ашық диалог орнайды, оқушылар ойын бүкпесіз жеткізеді. Сондықтан бүгінгі басқосу – шынайы әрі жылы кездесу болады деп сенемін.
Дарынды оқушылардың қиындыққа мойымай, табандылықпен алға ұмтылуы — олардың бойындағы қайсарлықтың дәлелі. Бұл — біздің аудан үшін үлкен мақтаныш. Жыл сайын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауындағы жетістіктеріміз артып келеді. Бұл – білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Мұның бәрі – шәкірттің жүрегіне жол таба білген ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Ұстаз бен ата-ананың өзара бірлігі оқушының сенімін арттырып, мақсатқа нық қадам басуына жол ашады.

Сендер - ауданымыздың ғана емес, облысымыздың да үміт күтер жастарысыңдар. Арман мен мақсат жолында аянбай еңбек етіп, кездескен қиындыққа тайсалмай білім алуға ұмтылу – бойларыңдағы ең жақсы қасиет. Мұның бәрі өздеріңнің маңдай терлеріңмен келген жетістік. Адамға кейде біреудің өмірі жеңіл көрінеді, бірақ еңбексіз оңай өмір болмайды. Керісінше, қиындық көрген адам шыңдалып, тәжірибе жинайды. Бүгінде кей адамдар өз «жайлылық аймағынан» шыққысы келмейді, бірақ даму да, өсу де сол аймақтан шығудан басталады. Еңбекпен келген жетістік – ең тәтті жеміс. Сондықтан мектеп кезінен қиындықпен бетпе-бет келіп, оны жеңе білгендер ертең бұдан да биік белестерді бағындырады. Білім сапасының артуы – білімді оқушылар мен білікті ұстаздардың ортақ еңбегі. Қазақта "Жетекке көнбеген адам оңбайды" дейді. Яғни, бағыт-бағдар берілсе де, өз бетімен ұмтылмаған адам алысқа бара алмайды. Ал сендер қамшы салдырмай, мақсат жолында табандылықпен алға ұмтылып келесіңдер. Мыңның ішінен суырылып шығу – оңай емес, бірақ сендер соны дәлелдедіңдер. Еш мойымаңдар. Кездескен қиындықты тәжірибе деп қабылдап, алға жүре беріңдер, – деді Марат Лұқпанұлы.

Кездесуде оқушылар ашық микрофон арқылы өз ойларын білдіріп, жетістікке жетудегі ойларын ортаға салды. Мәселен, Щапов ауылындағы Б.Момышұлы атындағы ЖОББМ 10-сынып оқушысы Санжар Романұлы жастар әр салада өздерін сынап көргендері дұрыс екенін айтты. Өз ағылшын тіліне қызығушылық танытып, бірнеше ғылыми жобалармен айналысуда. Білім болашаққа салынған инвестиция екенін екеніне сенеді. Ал Перметныйдағы Камен мектебінің 11-сынып оқушысы, жас геологтар жарысының республикалық кезеңінің жеңімпазы Аяна Өтебаева Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ грантын жеңіп алған. «Геология – маңызды сала. Мектептерде бұл бағытқа назар аударылып, оқушылардың практикалық білімін дамытуға мән берген жөн, - деді ол. "Тек жарыстарға жолдама беріп қоймай, арнайы үйірмелер ашу – өте өзекті мәселе. Жарыс алдында тәжірибе жинақтау мүмкіндігі көбірек болса, нәтиже де жоғары болары сөзсіз".
Аудан орталығындағы Қ.Аманжолов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы, республикалық пән олимпиадасының, ақындық мүшәйралардың, сондай-ақ каратэден өткен жарыстардың жүлдегері Махаббат Шаймардан осындай жүздесуге қатысқаны үшін қуанышты екенін жеткізді.

– Бүгінгі ашық әрі әсерлі кездесу – бізге үлкен серпін, болашаққа деген сенім сыйлады. Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса, жастардың қанаты қатайып, алға қойған мақсаттарына батыл қадаммен ұмтылуына мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді ол.

Жалпы алғанда, табиғат аясында өткен бұл ерекше форматтағы кездесу оқушыларды шабыттандырып, олардың келешекте биік белестерді бағындыру жолында рухани серпін бергені анық.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
