Бүгін Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне байланысты «Қадыр жолымен...» жобасы аясында «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Доданың ашылу салтанатында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман мен облыс әкімі Алтай Көлгінов сөйлеп, айтыскер ақындарға сәттілік тіледі, баршаны бүгінгі мерекемен құттықтады.
Жүрсіннің жүйріктерінің арасындағы алғашқы майдан Айнабек Бисенғалиев (Орал) пен Дархан Әбдіманаповтың (Тараз) сөз қағысуынан басталды.
Одан кейінгі шыққан айтыскерлер де жекпе-жек алаңында әдемі әзіл, орамды ой өрбітіп, көрермендерді жалықтырмады, әлеуметтік мәселелерді де кеңінен көтерді.
Айтыс аяқталған соң, сахнаға қазылар алқасы көтерілді.
Алқа төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов облыс басшысына кезінде Ақ Жайық өңірінде туған, белгілі өнер майталманы Хадиша Бөкееваның есімін облыстық қазақ драма театрына беру мәселесі көтерілгенін, кейін аяқсыз қалуына байланысты аталған бастаманың жандануына ықпал етуін ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен, тараздық Дархан Әбдіманаповқа, оралдық Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиевке 350 мың теңгеден облыс әкімінің ынталандыру сыйлығы берілді.
Атыраулық Сырымбек Сәрсенбаев, оралдық Бауыржан Ширмединұлы, тараздық Нұрлыбек Құрманов, павлодарлық Нұрқанат Қайратқа ІІІ орын берілді.
Оралдық Жансая Мусина, астаналық Айдана Қайсарбек, семейлік Әсем Ережеқызы ІІ орын алды.
Шымкенттік Дәурен Ақсақалов І орынға қол жеткізді.
Бас бәйгеге тігілген 1 миллион теңге қаражатты астаналық Нұрмат Мансұров иеленді.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов әдемі айтыс жасаған Жансая Мусина мен Дәурен Ақсақаловқа қосымша 500 мың теңгені, барлық айтыскер ақынға бөлісіп алуға 1 млн. теңге қаражатты сыйға тартқанын салтанатты түрде хабарлады.
Нұртай Текебаев
www.zhaikpress.kz