11.06.2025, 11:45
Оқылды: 310

Алма мектебі: Жаңару жолындағы жаңа бастама

Казталов ауданындағы білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан білім ошағының бірі – 150 жылдан астам тарихы бар Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі.

WhatsApp Image 2025-06-11 at 12.23.39 (1)

Бүгінде білім ұясы жаңа ғимаратқа көшіп, Алма мектебінің жаңа тарауы басталды. Жаңарған мектеп 2023 жылы 13 қарашада есігін айқара ашып, зор сеніммен алға қадам басқан заманауи білім ордасына айналып келеді. Алма мектебі кейінгі жылда бірқатар істі жүзеге асырып, жарқын жобаларға жол ашты.

Алма Оразбаева мектебінде әр баланың қабілетіне қарай дарынын дамытып, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару жолында 87 педагог еңбек етіп жүр. Мектепте 18 педагог-зерттеуші, 17 педагог-сарапшы, екі педагог-модератор қызмет етеді. Ал үш мұғалімнің магистр дәрежесі бар.

Кейінгі үш жылда оқушы санының өсуі байқалады. 2023 жылы – 568, 2024 жылы 573 оқушы болса, осы оқу жылында мектепте 34 сынып жиынтығында 583 шәкірт білім алды. Білім сапасы 71 пайызды көрсетіп отыр. Сондай-ақ «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін шығаруда да Алма мектебі алдыңғы қатарда. Өткен оқу жылында бір түлек «Алтын белгі» иеленсе, биыл алты шәкірт «Алтын белгіге» үміткер.

WhatsApp Image 2025-06-11 at 12.34.14

Мектептің жаңа ғимаратқа көшуі оқушылар мен педагогтерге жаңа шабыт бергендей. Білім мен тәрбие саласында жаңа жобалар бастау алып, жетістікке жол ашылды. Айта кететін болсақ, ауыл олимпиадасы мектеп үшін табысқа толы болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Дана Талапова 2-орын, химия пәнінен Айзере Нұрахунова 3-орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Республикалық кезеңде де жүлделі орынға ие болып, мектеп, аудан, облыс мерейін асқақтатты.

2024-2025 оқу жылында пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне төрт оқушы жолданды. Облыстық кезеңде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жеңімпаз атанған 10-сынып оқушысы Дана Талапова республикалық кезеңде де топ жарып, жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботагөз Сармалаева.

Мектеп педагогтері де әртүрлі байқау мен фестивальдерге қатысып, біліктілігін арттырды. 2024 жылы облыстық «Табыс синергиясы: білім беру көшбасшылары» жетекші мектептердің VІІ аймақтық форумын аясында өткен «Startup Guest» байқауының «Функционалдық сауаттылық» бағыты бойынша құрамында М. Төлекенова, Б. Мырзағалиева, Б. Төлегенова, С. Сармалаева, Г. Малаева бар мектеп командасы қатысып, ІІІ орынға ие болды. Абайдың 180 жылдығына арналған «Абайдың «Толық адам» ілімі  – қазақ руханиятының темірқазығы» тақырыбында Астана қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Осы семинарға мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Б. Мырзағалиева өзінің авторлық бағдарламасымен қатысты.

Мектепте оқушылардың шығармашылық, интеллектуалдық құзыретін дамыту мақсатымен бірнеше жоба қолға алынды. Атап өтсек: «Бояулар сыры» – Art studio, «Зияткер» – олимпиада мен ғылыми жобаларға дайындық орталығы жұмыс істейді. «Бояулар сыры» орталығында оқушылар бос уақытын тиімді өткізіп, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар Абай шығармаларын насихаттауға арналған «Абай тағылымы» кабинеті жұмыс істейді.

WhatsApp Image 2025-06-11 at 12.33.24

Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында НЗМ дербес білім беру ұйымының даму стратегиясы негізінде А. Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде 2023-2024 оқу жылынан бастап «ШАҢЫРАҚ» жобасы жұмыс істеп келе жатыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасындағы ынтымақты арттырып, құқық бұзудың алдын алу.

Оқушылардың білім сапасын көтеру, ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізу, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс аудандық білім беру бөлімі тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып келеді.

Оқу жылы соңында Алма мектебі тағы бір жағымды жаңалығымен қуантты. 2024-2025 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадаға қатысқан мектептер рейтінгісі бойынша «Ең үздік 100 олимпиадалық мектеп» қатарына кірді. Бұл ауыл мектебі үшін әрі үлкен жетістік, әрі жеңіс деуге болады.

WhatsApp Image 2025-06-11 at 12.23.39

Жаңа ғимаратқа көшкен Алма мектебі жарқын жетістікке қол жеткізіп, жаңа істердің жаршысы бола бермек.

 

 Марал Төлекенова,

А. Оразбаева атындағы ЖОББ мектебінің директоры,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале