Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Заң мен тәртіп: өзара іс-қимыл басымдықтары және қоғамдық қауіпсіздік» атты форум өтті.
Облыстық прокуратураның бастамасымен ұйымдастырылған форум жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, сот жүйесі, азаматтық қоғам институттары, білім беру ұйымдарының басшылары мен студенттер, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты. Аталмыш іс-шара Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

80 мыңнан астам адамның құқығы қорғалды
Облыс прокуроры Серік Шалабаев құқықтық мәдениетті арттыру, ауыр қылмыстар мен алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды баяндап, мұндай кең көлемді, ашық пікір алмасу алаңы облысымызда алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтті.
«Бүгінгі форум – бұл – қоғаммен ашық диалог орнату, қауіпсіздік пен әділеттілікке негізделген тұрақты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс», – деген еді. Бұл – ұлт қауіпсіздігі мен ел болашағының кепілі. Қоғамда заңға бағыну дәстүрі ежелден бар. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», билер соты – соның дәлелі. Бүгінгі міндет – сол дәстүрді жаңаша жалғастыру. 2025-2030 жылдарға арналған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы бекітіліп, нақты мақсаттар белгіленді: құқық-бұзушылықты азайту, мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығы, цифрлық шешімдерді енгізу, қауіпсіз орта құру. Прокуратура жыл басынан бері 80 мыңнан астам адамның құқығын қорғады. Алимент төлемегендерге 5 қылмыстық, 111 әкімшілік іс қозғалып, 400 млн теңге өндірілді. Есірткімен күресте «STRIT of DOGs» интернет-дүкені жабылып, 552 сайт пен 812 есепшот бұғатталды. Екі өңіраралық есірткі арнасы тоқтатылды. Киберқылмыстар да өзекті. Биыл интернет-алаяқтық бойынша 426 іс тіркелді. Көбіне зейнеткерлер мен әлеуметтік әлсіз топтар зардап шегуде. Сондықтан IT мамандардың рөлі ерекше. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін «Қауіпсіз өңір» жобасы жүзеге асуда. Бұл – «сынған терезе» теориясына негізделген. Көшелерді жарықтандыру, абаттандыру арқылы құқықбұзушылықтар азайғаны байқалады. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет. Заң мен тәртіп – тек құқық қорғау құрылымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ұстанымы болуы тиіс», – деді облыс прокуроры Серік Шалабаев.

Ішімдік сатылмайтын ауылдарда қылмыс тіркелмеген
Қазіргі уақытта алаяқтық, есірткі саудасы, лудомания сияқты келеңсіз құбылыстар қоғамды алаңдатып отыр. Осы келеңсіздіктермен белсенді күресу мақсатында «2025-2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жоспар құрып, халық арасында өз жұмысын бастап кетті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев заң мен тәртіп – азаматтық қоғамның кемел болашағы екендігін алға тартып, тұжырымдама негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Осы тұжырымдама бойынша, біздің айрықша мән беретін үш бағытымыз бар. Біріншіден, сыбайлас жемқорлық және лауазымды тұлғалардың теріс әрекеттеріне тосқауыл қою. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды күшейте беруіміз керек. Екіншіден, әлеуметтік-экономикалық мәселелер – жұмыссыздық, табыстың аздығы және білім деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар. Облыста ресми жұмыссыз ретінде 17 838 адам тіркелген, олардың 10 688-іне мемлекеттен қолдау көрсетіледі. Білім деңгейін жоғарылату, оның ішінде жастарға сапалы құқықтық тәрбие берудің рөлі ерекше. Атап айтқанда, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыс көлемінде жастармен 27 кездесу өткізілді. Үшіншіден, мәдени ерекшеліктер мен дәстүрлік түсініктерді кеңінен қолдану. Көптеген ауылдық жерлерде дау-жанжалдарды ақсақалдар кеңесі және қоғамдық ұйымдардың көмегімен шешу дәстүрі сақталған. Бұл – өте дұрыс үрдіс. Кей сұрақтарды сотқа дейінгі медиация сатысында шешуді белсенді қолдануымыз қажет. Мәселен, ақсақалдар кеңесі институтының көмегімен, облысымызда алкоголь өнімдерін саудалаудан 22 елді мекен бас тартқан. Оның ішінде Сырым ауданының Жетікөл, Жәнібек ауданының Тегісшіл, Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылдарында соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл – елге үлгі боларлықтай көрсеткіш, – деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Облыста қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына 374 азамат араласып, белсенділік танытқан. Олардың көмегімен 36 қылмыс ашылып, 465 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
2024 жылы 113 қоғамдық көмекші ақшалай сыйақымен марапатталған. 2025 жылға бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,9 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, шалғайда жүрген ауыл тұрғындарына құқықтық көмек беру мақсатында әр ауданда құқықтық кабинеттер жұмыс істейді. Жыл сайын әкімшілік және құзырлы құрылымдар тарапынан ұйымдастырылатын «Халық заңгері» жобасы да азаматтарға үлкен септігін тигізуде. Тұрғындар жер, үй мәселесінен бастап, нотариус, сот мәселелеріне байланысты өз сұрақтарына жауап алуда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының өңірлерде азаматтарды қабылдау орталықтарын кеңейту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылдан бастап, облыс орталығында, Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Шыңғырлау және Тасқала ауданы әкімдері аппараттары жанынан азаматтарды қабылдау орталықтары құрылған. Қарапайым тұрғындардың мәселесін шешу, оларға құқықтық бағытта көмек көрсету мақсатында ашылған орталық жұмысының нәтижесінде ағымдағы жылдың бес айында 12 мыңнан астам азамат өз сұрақтарына жауап алған.
Балалар қараусыз қалмасын!
Облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, соңғы кездері балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары алаңдаушылық туғызуда. Биыл бес айда өңірде 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 173 бала әртүрлі дене жарақатын алып, 4 бала жол бойында қаза тапты.
– 2025–2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасының» негізгі бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу. Кәмелетке толмаған жасайтын қылмыс саны 30%-ға, яғни 30-дан 39%-ға дейін өсіп отыр. Жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз тұрғынжайдан тыс жерлерде жүруі көбейеді. Жыл басынан бері дәл осындай 2774 дерек анықталып, заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 35 кәсіпкерлік субъектісіне балалардың ойын-сауық орындарына кіруіне жол бергені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция департаменті тарапынан жұмыстар күшейтіліп, барлық лагерьлерде, су айдындарында, демалыс саябақтарында, ойынсауық орталықтарында, көшелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдануда. Баланың қауіпсіздігі – әр ата-ананың тікелей міндеті!, – деген облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Молдиярұлы ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.
Форумда қылмысты азайтуға бағытталған ауылдық бастамалар үлгі ретінде ұсынылды. Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округінің әкімі Зинхар Бақтығалиев алкогольден өз еркімен бас тартқан елді мекендер тәжірибесімен бөліссе, «Алтын алма» базарының басшысы Александр Елькин бет-әлпетті тану жүйелері орнатылған интеллектуалды бейнебақылау құралдарының тиімділігін атап өтті. Алқалы жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Шахзада Әлібекова «Қауіпсіз өңір», Эстетикалық бағыттағы қалалық гимназия түлегі Марат Есенов «Мектеп медиациясы» жобасын көпшілік назарына ұсынса, «Komek Stop Bullying» жобасының жетекшісі Айжан Сабурова балалар арасындағы буллингке қарсы іс-шаралар туралы айтып берді.
Форум аясында қоғамдағы қауіпсіздікті нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жүрген бірқатар азамат облыс әкімі, облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментінің алғысхаттарына ие болды. Олардың қатарында «Жайық Пресс» ақпараттық агенттігінің тілшісі Жанат Кайырғожина, «Таза Қазақстан» жобасының белсенді қатысушысы Асхат Рамазанов, Жәнібек ауданы, Борсы ауылдық округінің әкімі Зинхар Бақтығалиев, «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алтынай Есқалиева және басқалар бар.

Ел ішінде заң мен тәртіпті нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды диалог алаңына айналған форумның соңында қатысушылар шынайы оқиғаларға негізделген «Набат операциясы» көркем фильмін тамашалады.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»,
Ақбота Қапиет