Жақында қолыма тиіп, оқып шыққан «Сағыныш» жыр жинағы туралы ой-пікірімді оқырмандармен бөлісуді жөн көрдім.

Айтқали Нәріковтің осынау «Сағынышы» оқырманның тұшынып оқитын кітабы десем, қателеспеспін. «Қатар жүрген қаламдас» атты алғысөзді ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек жазып, Айтқалидің жыр жинағы туралы жылы лебіз білдірген. Кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жас ақын Айтқали Нәріковтің топтама өлеңдері шыққанын есіне алып: «Солардың ішіндегі «Мықтылыққа үйретіп..» атты өлеңі маған қатты әсер еткен еді», – деп ағынан жарылады.
Ол қатар жүрген қаламдасының тауып айтқан сөзіне сүйсінгенін жасырмай, өзіне ұнаған жыр жолдарын оқырманның назарына толықтай ұсыныпты. Айтқалиға арнайы хат жазып, өлеңдерінің қолжазбасын сұратып алдырып, кітап етіп шығарған Қадыр Мырза Әлидің ініге қамқорлығы мен өнерге жанашырлығын да Темірхан Медетбектің алғысөзінен оқып білесіздер. Әдебиет әлеміне бір уақытта келген Темірхан ақын замандасы Айтқали шайырдың шығармашылығына қысқаша шолу жасап, оның көңілін тербеткен жайларды қоңыр әуенмен толғап отыратынын атап өтіпті.
Ақын «Сағыныш» атты жыр жинағын ұлы Жігердің рухына арнаған. «Жігерді жоқтау» жырында ақын өмірден тым ерте кеткен ұлын әкелік жан-жүрегі қайғырып, көңілі жасып жоқтайды:
«Арқалаумен келем әлі күйікті,
Ауыр салмақ жаншып жатыр иықты.
Қимасыңды қалайды екен бұл Құдай,
Алады екен адамыңды сүйікті».
Тым ерте жұлынған гүлінің, зор болашақ күткен ұлының рухына арналған бұл жыр жинағы Жігерге орнатылған рухани ескерткіштің ауыр салмағын көтеріп тұр. Ал «Сыртым бүтін» деген өлеңінде:
«Сыртым бүтін, ішім түтін адаммын,
Қайтесіңдер бетін тырнап жарамның.
Менің шашым бір-ақ күнде ағарды,
Қайғысынан қыршын кеткен баламның.
Ешкімге айтпай жүрсем-дағы мұңымды,
Білетіндер білді менің сырымды.
Көп адамдар жағдайымды түсініп,
Қолтығымнан демеу үшін бұрылды...
Қоймас тағдыр дегеніне көндірмей,
Қоймас өмір іштен арман өндірмей.
Сақта, Құдай, енді қалған жалғызды,
Мен жүрейін үміт отын сөндірмей», – деп қатал тағдыр көндірмей қоймайтынын мойындаған ақын, Жаратқаннан енді қалған жалғызының амандығын тілеп, үміт отын сөндірмеуге бекем бел байлайды. Бұл жыр жинағына ақынның әр жылдарда жазылған таңдамалы өлеңдері енгізілген. Замана ағымы, адами ізгі қасиеттер, жастық шақ қызығы, туған елдің бүгіні мен ертеңі жайындағы ойлы өлеңдері – талғамы биік, зерек ойлы оқырманның жүрегінен жол табатын туындылар. Ақынның жыр жинағы – сыр жинағы, ой жинағы, сезім жинағы десек, қателеспеспіз. Қазақ поэзиясының теңізіне бұлақтай сыңғырлап, өз үнін қосып құйылған Айтқали ақынның өлең-жырларының бағасы биік, алатын орны бөлек. Айтқали Нәріковтің жыр сандығын ашып қарағанда, лирикалық сыршыл өлеңдерінен ләззат алып, ақынмен бірге мұңайып, қайғырып, қуанып, шаттанып, күдікті сенімге жеңдіріп, өлең мен өнер құдіретін терең сезінесің. Жыр жинағы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: Адамның кейбір кездері. Екінші бөлім: Дала дауысы. Үшінші бөлім: Алғашқы адым. Бұл үш бөлім ақын шығармашылығының үш кезеңін қамтып, қалыптасуының тарихынан хабардар қылады. Өлеңдерінің тақырыптары әртүрлі: замана ағымы, адами ізгі қасиеттер, жастық шақ қызығы, туған елдің бүгіні мен ертеңі туралы ойлы өлеңдер. Туған жеріне, ауылына, Оралына, Ақ Жайығына, замандастарына, достарына, жерлестеріне, ұлына, ағасына, арналған өлеңдері де, өнердің, өлеңнің, күйдің немесе шабыттың құдіретіне көзіңді жеткізетін жырлары да көңілге қонымды, жаныңа жақын туындылар. «Өнер құдіреті» өлеңінен бір шумақ келтірейін:
«Өш алатын көр кеуде, тас құлақтан,
Өнер – қару.
Ез емес басты баққан.
Қашағанның жырынан жалын шарпып,
Құрманғазы күйінен тасқын аққан».
Құрекеңді тілдеген Былшықкөз байдың сазайын беріп, сөзбен жерлеп, қызыл от көйлек кигізген Қашағаннан сол бай құтқаруын сұрап жылайды. Құрманғазы «Топан» күйін тартқанда, «отырған жұрт шу етіп қалды кенет, керегеден құйылып тасқын қатты». Айтқали ақын сексен жолдан тұратын бұл аңыз-өлеңін де әдемі тұжырымдаған:
«Жетті бізге осы аңыз көне күннен,
Өтті және уақыт елегінен.
Құдіретіне өнердің шек болмайды,
Бұл аңызға сондықтан сенемін мен!»
Өнер құдіретіне сенген ақынның жаман жыр жазуы мүмкін емес. Өлең де, өнер де шабыттан туады, ой мен сезім ұштасқанда, өзара үйлескенде туындайды. Кез келген өнер туындысы – қайғырғанда, мұңайғанда, налығанда, қуанғанда болмаса, шаттанғанда, күйінуден немесе сүйінуден, реніштен, үміттен, кейде күдіктен, ал кейде сенімнен, көңіл толқығанда, жүрек бұлқынғанда ғана көкірегіңді қақ жарып, жарыққа шығатын құдірет. Айтқали ақынның сөзімен айтқанда:
«Отырып қалып едік қатты налып,
Мына күй келе жатыр шаттық алып.
Ұлпадай күйдің жұмсақ алақаны
Жарасын кей жүректің жапты барып...».
Өмірде қасірет пен бақыт, қайғы мен қуаныш, мұң мен шаттық, жылату мен жұбату алма-кезек ауысады. Сондықтан ақын жырынан қайғы мен қуаныш, мұң мен шаттық, күдік пен үміт, төзім мен сенім сезілсе, ол әр кездегі көңіл күйіне байланысты. Қазақ өлеңінде бесік жыры, той жыры, жоқтау мен жұбату, қатар жүретіні осыдан. Айтқали ақын айтқандай, «қатты налып» отырғанда «шаттық алып» келетін өнер деген құдірет. Ол өлең де, күй де болуы, өнердің өзге түрі болуы әбден ықтимал. Айтқали ақынға көпсөзділік тән емес, өлеңдерінің көбін қысқа қайырады, қос шумақ, әрі кетсе 4-5 шумақ өлеңдер жиі кездеседі. Өлеңдері әрі дәмді, әрі мәнді келетіні – олардың әрі қысқа, әрі нұсқа түрде жазылуында. Айтқали Нәріковтің «Ұнатам» деген өлеңі – ақынның азаматтық және шығармашылық кредосы секілді:
«Ізет қылып үлкенге
Тік тұрғанды ұнатам.
Аз сөзбенен көп ойды
Ұқтырғанды ұнатам.
Сыр бүкпейтін досынан
Ашықтықты ұнатам.
Бәрінен де өмірге
Ғашықтықты ұнатам.
Жабырқасам жарым кеп,
Құшақтауын ұнатам.
Албырт жастың арманын
Тұсатпауын ұнатам.
Болсадағы өлеңнің
«Азабы» мың ұнатам.
Бәрінен де арымның
Тазалығын ұнатам».
Ары таза, өмірге ғашық ақын, аз сөзбен көп ойды ұқтырып, өлеңін жүрегін жарып шыққан перзентіне, ұлдарының қарындасына теңейді. Тауып айтылған теңеу. Ақын толғанғанда, толғатқанда ғана жүрегін жарып шыққандай жақсы жыр жарыққа шығады. Сондықтан ақынның «Мен де өзімше толғанамын, толғаймын» дегені жарасады. Ал кейде «Өлең тумай өзегім өртенгенде, Күдік келіп көңілімді жүдетеді» деп жырласа, сенбесіңе шараң жоқ. Өйткені ақын – жырымен ғана ақын. «Сағыныш» жыр жинағын оқырман жылы қабылдап, жұрт жабыла оқып жүр. Ендеше, Айтқали ақынның жақсы жерге қыз ұзатқаны шындық. Әрине, өлең-қыздарын.
«Оқырманым, ойыңда сұрақ қандай?
Болшы риза көңіліңде сызат қалмай.
Жырларымды жабыла оқыса жұрт,
Жақсы жерге болам қыз ұзатқандай».

Айтқали Нәріков – мақсаты биік, мүмкіндігі мол, мақсаты мен мүмкіндігі келісім тапқан, поэзияда өзін-дік үні, өз орны бар, өміршең өлеңдерді дүниеге келтірген, өлеңдегі өрісі кең, аз жазса да, саз жазатын, Ақ Жайықтың айтулы ақыны, өшпес өнер иесі. Алдыңғы жинағынан араға он жылдай уақыт салып, оқырманымен сағындырып қауыштырған «Сағыныш» атты жыр жинағы осы бағамыздың бұлжымас айғағындай. «Шабытты аңсау» деген өлеңінде: «Шабыт келіп «ұйқымнан» бұл оятса-ау, Жүрегімді шымшылап» деп жырлаған Айтқали ақынға айтарымыз: шабытың шалқыған шақтарың мол болсын, ғұмыры ұзақ жырларыңның жинақтарымен жұртыңды қуанта бер.
Болатқали Төлебаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі