Бірнеше күн бойы Нидерландтың Эйндховен қаласын дүбірге бөлеп, күні кеше ғана мәреге жеткен мәртебелі «Eindhoven Boxcup» халықаралық турнирі аяқталды. Еуропаның мықтылары мен Азияның арыстандары, Африканың арландары қолғап түйістірген доданың бәсі биік. Сол сында Қазақ елінің көк Туы бес рет көкке көтеріліп, ел құрамасы жалпы есепте бірінші орынды еншіледі.

Осы жеңістің ішінде бір жігіттің еңбегі ерекше. Ол – Оралдан шыққан оғлан, намыс пен жігердің баламасына айналған Даниял Сәбит. Жас та болса, бас бола білген 50 келі салмақтағы былғары қолғап шебері Эйндховен төрінде ел абыройын асқақтатты.
Даниял доданы Еуропа шемпионатының күміс жүлдегері, украиналық Максим Рудикпен бастады. Талай жарыста топ жарған тәжірибелі қарсылас қазақ боксшысының қарқынына төтеп бере алмады. Төрешілердің 4:0 есебімен берген жеңісі – соның айғағы. Келесі кезеңде Даниял Бельгияның үміті – Асаихи Редуанды жолдан тайдырды. Осылайша біздің жігіт қазақ мектебінің қарқынын тағы бір дәлелдеп, сенімді түрде финалға өтті. Ал финалда Моңғолияның маңдайалдысы, жойқын жұдырық иесі Баттулга Алдархишигпен кездесті. Бұл жекпе-жек шаршы алаң емес, нағыз майдан болды. Бірақ Даниял майдан даласында туған сарбаздай сауатты қимылдады. Қарсыласын қуалап жүріп сабады. Әр соққысын есеппен, әр қимылын шеберлікпен орындады. Ақыры рингтегі төреші оның қолын көтерді. Осылайша Оралдың оғланы Еуропаның дәл төрінде алтын медальға ие болды.

– Болгарияда өткен турнирдің финалында төрешілер жеңісті түрік боксшысына берген еді. Сол сәтсіздіктен сабақ алып, Даниял осы жарысқа тыңғылықты дайындалды. Алғаш кездесуінде ғана сәл қиналды. Қалған екі жекпе-жекте қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Моңғол боксшысын да, бельгиялықты да есеңгіретіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті, – деді боксшының бапкері Саттар Сұлтанғали.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»