Әлеуметтік желі ашсақ жаңалықтың неше түрін көресіз. Күні кеше Алматы облысында кәуап пісіретін темір істікті сыныптасының жүрегіне тығып өлтірген жасөспірімнің оқиғасы балық елді дүр сілкіндірді. Мектеп бітіру күнін тойлаған түлектерге ересектерден ешкім бас-көз болмаған. Түлектердің жиын жасап, той тойлағанынан мектеп әкімшілігі хабарсыз болған. Ата-аналарға мұндай кештерді ұйымдастырмау жөнінде ескерту жасалып, тіпті қолхат та алынған екен. Бірақ болары болды, бояуы сіңді. Қазіргі сәтте сыныптасын өлтірген күдікті қамауға алынған. Бір жиынның салдарынан екі тағдыр, тас-талқан болды. Алдағы апта еліміз бойынша 11-сынып түлектеріне ресми түрде аттестат табысталады. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің дегендей, сойқанның не түрі енді болып жүрмесіне кім кепіл?! Оның үстіне түлектер тойының шығына да аз емес.

Portrait of cute good-looking funny funky millennial formal wear lights, dance floor spotlight raise hands fellows buddies indoors enjoy meeting
Сурет: istockphoto.com
Мектептің 11-сыныбын тәмәмдап қолына аттестан алу үшін жас түлектердің ата-аналары аз шығындалмайды. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр. Күнде бүйірден қымбатшылық қысып бара жатырғанда бір күнгі қызық үшін қыруар ақша шашу қаншалықты дұрыс? Биылғы жылы банкет жасап, түлектер кешін тойлаудың құны қанша болып жатыр? Осы сұрақ төңірегінде аз-кем ізденіп көрдік.
Жалпы түлектер тойын жасауды еліміздің оқу-ағарту министрлігі тиым салып жатыр. «Қандай да бір іс-шара мектеп ішінде не сыртында өтсе де, ең алдымен ата-аналар мен үлкендердің жауапкершілігі қажет. Бұл – балалардың амандығы үшін маңызды. Оқу жылының аяқталуы – ерекше сәт. Осы кезең оқушылар үшін мұғалімдерге, ата-аналарға және Отанына алғыс білдіру күні ретінде есте қалғаны дұрыс. Қазіргі таңда министрлік жергілікті басқару органдарымен бірлесіп әрекет етіп жатыр. Егер құқықбұзушылық фактілері бойынша нақты ақпарат түссе, заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Жалпы, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Ең бастысы — алдын алу», – деді Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Алайда оған құлақ асып, қоя салған түлектер де, ата-аналар да жоқ. Баяғы жартас сол жартас. Біздің ауданда да соның ар жақ бер жағы. Өйткені көп мектептердің түлектерінің алды ресторандарға банкетке брон жасап, күнін белгілеп, тіпті тамада шоумендермен келісіп, бірі тамада таппай жанталасып жатқанын естіп қалдық.
Сөздің басында келтіргендей қазір қызмет көрсету саласы күннен күнге қымбатап бара жатыр. Әсіресе сәндеу, әрлеу, әсемдеу деген сұранысқа ие қызметтердің бағасы у. Осыған байланысты мамандармен сөйлесе отырып бір қыз баланың түлектер тойына дайындау үшін қанша шығын кететінін анықтап шықтық. Біздің естуімізше мектепке ең кемі әр түлек 20 мыңнан жинайды делік. Бұл ойдағы аз сома ғана. Әр мектептің ата-аналардың келісуі бойынша әрқалай сомада болады. Бұны бір деңіз. Әрі қарай қыз баланың бетін әрлеуі, шаш үлгісін жасауы, тынағын сәндеуіне шамамен 25-30 мыңның кетеді. Бұл да аз мөлшермен есептегіндегі баға. Одан қымбатқа жасататындар да болуы ықтимал. Екінші шығын осы. Үшінші көйлекке кететін ақша. Сайт деген сұңғыладан сұрап едік, түлектер кешіне арналған көйлектің бағасы 50 мыңнан жоғары дейді. Сұраныстағы көйлектердің бағасы осының айналасы екен. Ал жалға алуды құп көретіндер аздау. Дегенмен де оның да бағасы арзан емес екенін аңғардық. Ал тіпті арнайы мата алғызып, тігіншіге өзі сәнін таңдап тіктіретіндер де бар екен. Сөйтіп біздің бағамдауымызша орташа есеппен бір қыз баланың түлектер кешін есті қалардай, өзгелерге ұқсамай аса сәнді етіп өткізуіне 200 мың теңге кетеді екен.
Бәрін жиып қойып тойды тізгіндейтін асабалармен де хабарласып көрдік. Барлығы дерлік бос болып шықты. Бағалары күйіп тұр. Түлектер кешін басқарудың бағасы асаба мен музыкантқа 150 мың теңгеден жоғары. Оған кешті естелікке таспалап түсіретін видеоператор мен фотографтың ақысын тағы үстемелеңіз. Оған кейбіреулердің қымбат көлік жалдап, кортеж жасайты тағы бар. Есті шығарған екі жүз мыңның үсіне мыналардың шығынын және қосыңыз. Сонда бір кешке бола түсіңізге кірмеген теңге төлеуіңіз мүмкін.
Жиындардың бәрі мектептен аттестат алып кеткеннен кейін болады екен. Оған ұстаздар тарапы қатыспауы керек. Бұл педагогокалық талапты бұзуға алып келеді. Түлектер кешін ұйымдастыру қажет еместігін барлық мектеп әкімшілігі ата-аналарға ескертіп айтқан. Мектеп түлектерінің кешін тойлау бойынша ата-аналарға жиналыс өткізілді, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқушылар аттестат алуға мектеп формасымен келетінін және ата-ана баланың қауіпсіздіге өзі жауап беретіні айтылған. Түлектер кешін ресторандарда тойлауға болмайтынын және барлық жауапкершілік ата-анада болатыны тағы ескертіліпті. Дегенмен осңғы кезде әлеуметтік желіде заңгердің түлектер кешіне мектеп әкімшілігі ешқандай шектеу сала алмайды деген пікірі кең тарап жатыр.
- Барлық бітіру кештері мектепте емес, түрлі кафе, мейрамханаларда өтеді. Тіпті зәулім үйлерді жалдайды. Ол жерлерде не болатынына тыйым жүрмейді. Өйткені олар аттестат алып қойған, енді оқушы да емес. Мектеп әкімшілігінің оларға қатысты өкілеттігі жоқ. Полиция да тыйым сала алмайды, – деген заңгер Сергей Уткиннің пікірін UlusMedia.kz сайты келтіріпті. Өзі әрең көніп отырған түлектерді мына пікір одан әрі есіртпей ме деген ой келеді?!
Түлектер тойының қызығы мен шыжығы туралы ата-аналардың да пікірін келтірелік.
- Менің қызым биыл 11-сынып бітіріп жатыр. Түлектер үшін осы сәт ең қуанышты екені рас. Сондықтан үлкен өмірге қадам басатын маңызды күнді барынша ерекше етіп тойлағысы келеді. Біз де ел қатарлы ресторан жалдап сонда жиналамыз. Кешке әкесі екеуміз бірге барамыз. Сонда ресторан үшін 3 адамға қаржы шығады. Бала үшін тауып отырған ақшаны олардың жолында шашпағанда қайтпек керек. Меніңше бұның барлығы уақыттың талабы. Бәрі қымбаттап жатыр десек те оны тойлауды әзір ешкім қомайды деп ойлаймын. Әкімшілік тарапы түлектер тойын той секілді тойлау дұрыс еместігін ескертуде. Дегенмен бүгін-ертең ешкім қоя салмайды. Бәлкім уақыт өте түлектер тойы қалатын шығар, - дейді жас түлектін анасы Айжан.
Тарқатып айтсақ ата-ана байғұс мектеп бітіруші баласы қатарынан қалмасын деп аз шашылмайды. Тіпті шығынан санап, бас ауыртып жатқандар жоқтың қасы. Алайда үлкен өмірге жаңа қадам басқалы тұрған балғынды еркіне жіберіп есіртіп қоймай расында тізгінді тартып отырған жөн деп білеміз. Әйтпесе әдемілікке толы болады деген түлектер кешінің соңы жақсылыққа ұласпай қалып жатырған оқиғалар да кездесуде. Өткен жылдары түлектер тізгіндеген көлік жол ережесін сақтамай тараздық түлектер көпірден су каналына құласа, Маңғыстауда түлектер мінген көлік аударылып екі оқушы жансақтау бөліміне түскен болатын. Тізе берсек мұндай оқыс оқиғалар көп. Биылғы жылы да алдын алмасақ қайта орын алуы ықтимал. Үлкен өмірге үлкен сенім мен аппақ арманын бетке алып бара жатырған жас түлектерді осы секілді қателіктерден сақтау ата-ананың міндеті.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан кейін түлектер тойын әрі пайдалы әрі өздері үшін сабақ та сауап та болатын қандай шараға алмастыруға болады деп ата-ананың шарадай басы шақшадай болуы мүмкін. Біздер бірді-екілі ұсыныс айтып көрелік. Түлектер аста төк дастархан, қымбат мейрамханадан бас тартып басқалай жасайық десе құба-құп. Мысалы мектепке баспадан енді шыққан, жаңа кітаптардың сериясын сыйлық ретінде ұсынуға болады. Бұл артынан ерген балғындар үшін таптырмас қазына болар еді. Кей түлектер көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын лагерге жаздырса немесе алдағы оқу жылы үшін оқу құралын, киім-кешегін түгендеп берсе нұр үстіне нұр болар еді. Өмірде бір болатын үлкен қуаныштарыңыз есіңізде мәңгі қалсын десеңіз осылай жасап көріңіз, қадірлі жас түлек!
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы