19.06.2025, 16:00
Оқылды: 377

Бақша баптайтындар көбейді

Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылдық округіндегі 11 тұрғын ұжымдық бау-бақша еккен.

ЖП дала казталов (2)

Сурет сайт архивінен 

Бау-бақша егу ауылдық округ әкімі Мереке Ізтілеуовтің бастамасымен қолға алынған. Әкімнің өзі демеуші тауып, бақшаға қажет жабдықтарды жеткізіп, жерді де жыртып берген. Округ басшысының игі ісін пугачевтықтар да қолдап, іліп әкеткен.

– Мұндай ұжымдық бақшаның Тасқала ауданында бар екені белгілі. Біздегі бақшаның басты ерекшелігі – тамшылатып суарылатынында. Суды үнемдейді. Су арна бойымен ағыл-тегіл ағып кетпей, көкөністің түбін ғана суландырып тұрады.  Алғаш рет бақша егуді 2023 жылы қолға алдық. Ол кезде 7-8 адам біріккен еді. Биыл 11 адам қосылып, бір гектар жерге картоп, пияз, сәбіз секілді көкөністер екті. Ұжым болып бау-бақша салу арқылы халықты құнарлы да табиғи тағаммен, көкөніспен қамтимыз. Сонымен қатар бұл ауыл халқының ауызбіршілігін нығайтып, берекесін арттыра түседі, – деді әкім Мереке Нұрланұлы.

Адал еңбекпен нәпақасын тауып отырған жандар бау-бақшаны ала жаздай өздері күтіп-баптайды. Іргедегі Шыңғырлау өзенінен мотормен су тартады. Бақша баптаған тұрғындардың көпшілігі өнімдерін өздері тұтынады екен. Ал алда-жалда саттыққа шығаратын болса, өнімдері әп-сәтте өтіп кетеді. Себебі табиғи өнімге қызығушылық жоғары. Округ әкімі осы ретте бір қиындықтың бар екенін де жасырмады. Ол – бағусыз жүретін малдың бақшаға түсіп, таптап кететіні. Сондықтан азаматтардың алты ай қыс бағатын малына жазда да бас-көз болғандары жөн дейді. Себебі бау-бақша да біреудің ала жаздайғы есіл еңбегі.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале