Өңір атбегілері баптап қосқан арғымақтардан бөлек, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстаудан келген ұзын саны жетпіске тарта жүйрік таңда Сырым ауданы, Талдыбұлақ ауылынан Борлытау бөктеріне қарай жүріп кетті. Ақсайға алқынбай бірінші жеткен жүйрікке 1 млн теңге жүлде тігілді.

Бәйгеден бөлек Бөрлі ауданында жаппай көкпар, аударыспақ пен қазақ күресінен, арқан тартыс сайыстары болды. Ұлттық спорт жарыстарын бөрлілік Таженовтар ұйымдастырды. Ат шаптырып, балуан күрестіріп ас беру - далада баяғыдан бар дәстүр. Тәженовтер соны замана жүзінде қайта жаңғыртты.
70 шақырым - ат үшін де, шабандоз үшін де үлкен сын. Әсіресе, Талдыбұлақ пен Ақсайдың арасындағы жатқан қыраттар пен төбелерге мініп - түсу тұлпарлардың бел күшіне салмақ салды. Ал, табанға бататын ақ тасты алқап пен борпылдақ ескі егіс орындары - бәрі де жүріс өнімділігіне тікелей әсер етеді. Бірақ, тер шығармай тегін олжа бар ма?!

Кешегі жарыс - Батыс Қазақстан өңіріндегі жорық аттары үшін оқу - жаттығу болғандай. Айта кетейік, кешегі жетпіс шақырымдық марафонға шапқандардың ішінде маңғыстаулық атсейіс Әлеке Бөлтековтың “Тасқын” атты арғымағымен қызы Айтаңсық шапты. Айтаңсық - былтыр Астана қаласында өткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қыздардан құралған “Суын” командасының қатарында өнер көрсеткен болатын.
Нағыз тарланға жетпіс шақырым алыс болып па?! Ақсайда атшабар алаңда күтіп тұрған ағайын қырдың басынан қос қараны көрді. Мәренің басында ауыздығымен алысып, бірін - бірі жанай шапқан қос жүйріктің тартысына куә болды. Бірінші болып сызықтан тасқалалық атбегі Бауыржан Мәмбетов баптаған Тентекторы өтті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы