Батыс Қазақстан облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы, «Жеті жарғы», «Үш би», «Мінсіз қызметі үшін» (екі мәрте) медальдарының иегері Тұрсын Оразова 1965 жылы 25 наурыз күні Сырым ауданының орталығында өмірге келген. 1981 жылы Жымпиты ауылындағы қазіргі Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта білім беретін мектепті үздік тәмамдаған. 1982-1987 жылдар аралығында А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетінде білім алған.

Мамандық таңдар алдында мұғалімдік қызметті атқара алатынын, көркем туындылардың мән-мазмұнын оқушыларға жеткізе білетінін түсінсе керек, ол филологияға бет бұрды. Алайда кішкентайынан заңгер болуды армандаған еді. Тұрсын Сапашқызы студент атанған шақтарда заң факультеті екі жоғары оқу орнында ғана болған екен. Оның бірі – Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік университеті (ҚазМУ), бірі – академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (ҚарМУ). Кейіпкеріміздің айтуынша, конкурстан өту қиындық туғызған. Заң факультетіне көбіне тәжірибесі бар мамандар, әскерге барып келгендер қабылданған көрінеді.
А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірген Тұрсын Оразова еңбек жолын Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта білім беретін мектепте мұғалім ретінде бастап, орыс тілі мен орыс әдебиетінен сабақ берген. Кейін Сырым аудандық сот мәжілісінің хатшысы болып қызметке орналасқан. 1992 жылы ҚарМУ-дың заң факультетіне оқуға түскен. Осылайша оның бала күнгі арманы орындала бастаған.
Тұрсын Сапашқызы 1995 жылы облыстық әділет басқармасы сот бөлімінің маманы ретінде қызметке кіріскен. Осы басқармада 1998 жылға дейін тынымсыз еңбек етіп, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша статистикалық есеп жүргізген. 1998 жылдың 29 қаңтарында ҚР Президентінің Жарлығымен Орал қалалық сотының судьясы болып тағайындалған. Судья қызметін атқарған жылдарында істі екі тарапқа тәптіштеп түсіндірген болуы керек, әріптестері: «Сіздің мұғалім болғаныңыз сот барысында аңғарылып тұрады» деген екен.
Кейіпкеріміз адалдықты алдыңғы орынға шығарып, әділдікті ту етіп, қызмет бабында өрлей берді. Ол 2002 жылдан бастап облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы лауазымын атқарды. 2014 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы болды. 2022 жылдың шілдесінен бері Батыс Қазақстан облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы ретінде қызмет етіп келеді. Судьяның жалпы сот саласындағы еңбек өтілі 28 жылға жуықтайды.
Жуырда облыстық сотқа арнайы барып, Тұрсын Оразовамен сұхбаттасып едім. Әңгіме барысында оның мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше екенін байқадым. Мектепте орысша оқыған. Жоғары оқу орнының екеуінде де сабақтар орыс тілінде жүргізілген. А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында орыс филологиясын тереңірек зерделеген. Солай бола тұрса да, ол құжаттарды қазақ тілінде толтырады. Қазақ тілінде хатталған істерді қарайды. Мемлекеттік тілді жоғары дәрежеде меңгерген. Ана тілінде көркем сөйлейді. Ең бастысы, судья шешімді қазақ тілінде шығарады. Оның кәсіби білікті маман болып қалыптасуына Жүгініс Көптілеуов, Сергей Сергиенко, Болат Нұғманов, Ғизатолла Қырықбаев, Бек Әметов сынды заңгер тұлғалар үлкен септігін тигізген. Бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсеткен.
– 1998 жылы облыста мамандандырылған соттар болған жоқ. Облыстық және қалалық сот болды. Қалалық сотта 10 шақты судья жұмыс істедік. Ол кезде бүгін қылмыстық істерді қарасаң, ертең азаматтық, әкімшілік істерді қарайсың. Маған қылмыстық істерді қарау ауыр болды. Асылында адамдардың тағдырын шешу өте қиын. Кейбіреуін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру қажет болады. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Баяндап берейін. Нашақорлықпен үлкен күрес жүргізіліп жатқан кезең еді. Бір кісі көшеден сіріңкенің қорабын тауып алыпты. Оның ішінде есірткі болған. Жаңағы кісі құқық қорғау қызметкерлеріне ұсталған. Тергеу барысында оның бұдан бұрын қылмыс жасап, жазасын өтегені анықталған. Жазасын өтеп шыққан соң түзеліп, жанұя құрған. Кішкентай қызы бар. Отбасын асырау мақсатында жұмыс істеп жүрген жан екен. Көшеде, шырпы қорабын қалтасына салып алып, кетіп бара жатқан жерінен ұсталған. Құжаттарымен толық танысып шықтым. Енді шешім шығаруым керек. Ол уақытта сот мәжілісін өткізетін бөлек зал жоқ. Аядай ғана бөлмеге жаңағы кісінің жұбайы мен кішкентай қызы келіп отыр. Заң бойынша оны 6 ай болса да, бас бостандығынан айыруға міндеттіміз. Мен оны бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығардым. Сотталушының қолына кісен салынған сәтте қаршадай қыз: «Әкемді қайда алып бара жатырсыңдар?! Әке, ешқайда кетпеші...» деп ағыл-тегіл жылады. Оған анасы қосылды. Хатшыға: «Сотталушыны шапшаң алып кетсін» дедім. Бұл көрініс адамның көңілін босатпай қоймайды. Сол уақытта мен де жанарыма жас алдым... Бұдан кейін талай істі қарадық. Тәжірибе жинадық. Қатайдық. Дегенмен қылмыстық істі қарау әйел адамға қиынға соғады. Азаматтық істерді тексеру эмоциялық тұрғыда жеңілдеу, – дейді Тұрсын Сапашқызы.
Судья тағы бір қылмыстық іс туралы баяндап өтті. Бұрын сотталған жас жігіт бірнеше метр электр сымын ұрлады деп айыпталған. Айыпталушы: «Мен сымды ұрлаған жоқпын» деп азар да безер болатын көрінеді. Тұрсын Оразова шешім шығаруға асықпаған. Қырағы судья айыпталушының кінәсіздігін көзінен аңғарып қойғанға ұқсайды. Дереу ұрлықтың айғағы ретінде ұсынылған электр сымын кабинетке алдыртып, арнайы маман шақыртқан. Маман сымды тексеріп, оның құрамында қандай металдар бар екенін нақтылаған. Сосын ұрлық орын алған жердегі сымның қиылған тұсы мына сыммен мүлде сәйкес келмейтінін жеткізген. Жас жігіттің ісі қайта тексеруге жіберілген. Бұл іс бұдан кейін кері Тұрсын Сапашқызының алдына келмеген. Осылайша судья жан-жақты зерттеу жүргізіп, жазықсызды жазадан арашалап қалған...
– Істерді тексеру кезінде айыпталушының мінездемесіне назар аударылады. Бұрын құқық бұзған болса, соған қатысты құжаттар да қаралады. Кейде әлеуметтік желілерге адамдардың ар-намысын таптайтын жазбалар жарияланады. Біз біреуге моральдық зиян келтіргендердің, қарызға ақша алып, оны қайтармай жүргендердің, алимент төлеуден жалтарғандардың істерін қараймыз. Тек осылар ғана емес. Жер дауы бар. Көп қой. Ең маңыздысы – жан-жақты зерттеу, мұқият зерделеу. Қылмыстық істер құжаттары дайындалып, судьяларға әзір түрде келеді ғой. Ал азаматтық істерге тергеуді өзіміз жүргіземіз. Батыс Қазақстан облыстық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасында қазіргі таңда мені қосқанда 8 маман бар. Бұрындары жұмыс барысында шаруашылық, экономикалық істерді де қараған сәттерім болды. Судья үнемі ізденісте болуы қажет. Ол өз-өзін қашанда дамытып отыруы тиіс. Неге екенін білмеймін, жастар арасында судья болғысы келетіндер аз. Шектеу көп деп ойлайтын шығар. Мүмкін, айлықты да азсынады, – дейді Тұрсын Сапашқызы.
Айта кетейін, судьяның әкесі – Сапаш Шәкіровтің мамандығы мұғалім. 1934 жылы дүниеге келген ол партия жұмыстарымен шұғылданған. 1990 жылы өмірден өткен. Анасы Тойған Жұмағазиева сауда саласында еңбек еткен. 2018 жылы 85 жасында о дүниелік болды. Жалғыз әпкесі Жаннат Шәкірова ұзақ жыл бойы ұстаз ретінде тер төкті. Орал қаласындағы академик Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия директорының орынбасары болды. Қазіргі таңда зейнеткер. Ал Жұбайы Бақытқали Оразов – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Ол зейнеткерлік жасқа жеткенше Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жұмыс істеген. Үлкен қызы Жұлдыз ҚазҰУ-ды бітірген. Бүгінгі таңда «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бас маман. Ол – ұшақ қозғалыстарын нақтылайтын карталарды сызатын дизайнер, картограф. Кіші қызы Айдана Қарағанды медициналық академиясын тәмамдаған. Бүгінде Астана қаласында АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында дәрігер-эпидемиолог. Ұлы Абылай қазіргі таңда Чехияда білім алып жүр, студент. Мая есімді жиені бар. Ол 2 жаста.
Тұрсын Оразова тұрғындардың заңды құқығы мен ар-намысын қорғау бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Оның еңбек жолы, тәжірибесі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
– Апта сайын алқа отырысы болады. Әр отырыста 50-60 іс қаралады. Оның бәрін есте сақтау мүмкін емес. Біраз жыл бұрын Орал қаласындағы сауда орталығын жекешелендіруге қатысты бір істі қарадық. Бұл ғимараттың қосымша қоймасы бар екен. Сауда орталығын жекешелендіру барысында қойма құжатқа енбей қалған. Құжатқа қойма енбесе де, оны жекешелендіруді көздеп, заңды тұлға сотқа арыз берді. Сот шешімімен ғимарат жекешелендірілген жоқ. Талап қоюшының өкілі: «Сізге үлкен рақмет. Мен сізді байқамай қалар деген оймен заңды тұлғаға көмектескім келіп еді. Сіз алданған жоқсыз. Керісінше, құжаттарды тереңірек зерттедіңіз. Дұрыс әрі заңды шешім қабылдадыңыз» деді. Сотта жеңілсе де, әділдіктің салтанат құрғанына риза болып, алғыс жаудырды. Жұмыс барысында осындай да оқиға орын алған еді. Бүгінде тараптар жеңіліп қалған соң шағым жазып, ашу-ызасын ақтарып, шешіммен келіспей жатады. Ал бұл кісі жеңуді де, жеңілуді де біледі екен, – дейді Тұрсын Сапашқызы.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»