24.06.2025, 17:30
Оқылды: 171

Біздің Ерекең    

Ермек Темірғалиұлы Жұмағалиевпен таныс болғанымызға  ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Біздің «Жайық Пресс» ЖШС-да жарнама бөлімінде жұмыс істейді. Бір мекемеде қызмет атқарып, бір ғимараттың ішінде жүрсек те, Ерекеңді біз сирек көреміз. Өйткені ол кабинетінде отырмайды, үнемі газетке жарнама беретіндерді іздеп, екі аяғына тыным бермей, қаланы кезеді. Арасында аудандарға да тартып кетеді.  Қашан көрсең де, қалыңдығына ұрын бара жатқан күйеу жігіттей мұнтаздай киініп жүретіні оны өзгелерімізден ерекшелеп тұрады. Аяқасты кездесіп қалсақ, біреулер құсап салдырлап ала жөнелмейді, бәсең дауыспен амандасып, әрбір сөзін сатып алып жатқандай салмақтап, сыпайы амандық-саулық сұрасады. Сол кезде шалбарының қыры сынбай сықырлап, галстугі қаңылтырдан қиғандай қақшиып тұрады. Бұлай киінуінде сыр бар. Ерекең талай мекемеге ат ізін салып, емен есіктердің арғы жағында отырған талай дөкейлердің алдына барады.  Ондай жердегілердің «дұшпан көзі» әуелі, сенің киіміңе түсетіні белгілі, сосын барып ақыл-ойыңа, сөз саптасына құлақ түреді. Кіммен сөйлессе де, әр сөзін нықтап сөйлеп, ырғала қимылдайтын Ерекеңнің сыптай болып киініп жүретіні сондықтан-ау деп ойлаймыз.

WhatsApp Image 2025-06-24 at 13.06.39

Енді сол Ерекең – Ермек Темірғалиұлымен жақынырақ танысайықшы. Ол осыдан тура 70 жыл бұрын анау Ақжайық ауданындағы Ілбішін ауылының Қаршы елді мекенінде (27 маусымда) дүние есігін ашады. Ермек тоғыз жасқа толғанда әкесі Темекең жұмыс бабымен «Первомай» кеңшарына қоныс аударған. Міне, осы ауылда ол сегіз жылдық мектепті тәмамдайды. Ол кездегі ауыл балалары шетінен алдыңғы толқын ағалары сияқты дүрілдетіп трактор, зуылдатып аутомобиль айдағысы келіп тұратын. Осы арманнан Ермек те құралақан емес еді, сөйтіп Первомай ауылындағы №83 ауылдық кәсіптік-техникалық училищеге (СПТУ) оқуға түсті. Оны 1971 жылы тәмамдап, үш жыл бойы трактор айдады. Үш жылда тракторымен сонау Первомайдың шықпаған қыры, түспеген ойы, бармаған түкпірі жоқ. Жастайынан зерек, бір көргенін қағып алатын, үлкендердің айтқанын сол бойда орындайтын Ермек тыным таппайтын, еңбекқорлығымен сақа механизаторлардың назарына бірден ілікті. Тіл алғыштығы мен мұқияттылығына қарап, ағалары мұны жақсы көрді. Қандай күрделі, жауапты жұмыс болса да, «Ермек қатырады!» деп арқадан қағып, бұған тапсыратын. Шынжыр табанды «Т-74» тракторының кабинасы Ермек үшін қысы-жазы жеке «кабинетіне» айналды. Көктемде тұқым себу, жазда шөп шауып, жинап, тасып, іскірт үю, сүдігер жырту, қыста қар тоқтату, алыс қыстақтарда жатқан шопан-малшыларға алақұйын боранмен алысып, керек-жарақтарын жеткізу деген Ермектің талмай атқаратын шаруалары еді. Сол еңбектері ескерусіз қалған жоқ, жас механизатор шаруашылықтың алқалы жиындарында талай марапат-мақтауларға ие болды. Одан да әрі асып, облыстық комсомол комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталғанын да айта кетейік. Сөйтіп жүргенде азаматтық борышын өтеуге, әскерге шақырылды. Мурманскіде  өткен екі жыл жас жігітті бұрынғыдан да шыңдап, қол-аяғы балғадай азаматқа айналдырған үлкен мектеп болды. Әскерден келген бойда Чапаев қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге өндіріс шебері (мастер) болып жұмысқа орналасты. Осында еңбек ете жүріп, Оралдың ауыл шаруашылығы техникумында агрономдыққа оқып, бітіріп алды. Ол кезде жұмыста көзге түсіп, озат атанып жүрген жігіттерді ішкі істер құрылымына қызметке жолдайтын үрдіс болатын. Толып жатқан мінездемемен, комсомолдың жолдамасымен әртүрлі сүзгіден өткізіп барып, жұмысқа қабылдайтын. Ермек те солардан сүрінбей өтіп, 1982 жылы милиция қызметкерлері қатарына қабылданды. Жұмыс істей жүріп, Алматы қаласындағы арнаулы милиция мектебін сырттай оқып бітірді. Мұнда да ол жиырма жылға жуық мінсіз қызмет атқарып, доғарысқа шықты. Сол жылдарда алған медальдары мен мақтау марапаттары да Ерекең үшін бүгінде өте ыстық көрінеді. Доғарысқа шықтым деп үйде жатып алмады. «Прикаспий» РГП «Резерв» мекемесінде кадр бөлімінде қызметкер болды. Кейін бұл мекеме тарады, міне, осы кезде бұйырмыс қой, оны «Жайық Пресс» ЖШС-ға бастап әкелетіні. Ол кезде жаңадан құрылып, екі облыстық, он екі аудандық газетті қарауына алып жатқан серіктестіктің тұңғыш директоры Қаршыға Қосанов болды. Марқұм жақсы азамат еді, серіктестіктің жұмыс істеп кетуіне зор еңбек сіңірді. Ерекең осы серіктестікке жарнама бөлімінің қызметкері болып қабылданды. Қарапайым тілмен айтқанда, газетке ақылы жарнама, материалдар тартатын агент. Бұл қызметті атқаратын адам ең әуелі, қаланы бес саусақтай, ондағы мекеме, ұйымдарды өзінің ата-тегіндей, басшы-қосшыларын күнде көріп жүрген жақсы танысындай білуі керек. Бүгінде Ерекеңді шырт ұйқыдан оятып алып, бір мекемені сұраңыз, осы қазір сол жерден өргендей айтып береді. Жоғарыда бір сөзімізде Ермек Темірғалиұлының серіктестікте қызмет атқарып келе жатқанына ширек ғасырдай уақыт болып қалды деп едік қой. Осы уақытта оның басынан талай қызық жайттар өтті. Соның біреуін  ғана  баяндасақ...

*   *   *

«Жайық Престің» қазанында қайнап жүргеніне бір жылдан жаңа асқан кез болатын. Тәжірибе әлі аз, ысылып үлгермеген шағы. Ол жылдарда аутокөлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қазан айының соңғы жексенбісінде кеңінен тойланатын. Бұл Кеңес дәуірінен бұлжымай келе жатқан үрдіс еді. Қазір ол елімізде жылда тамыз айының бірінші жексенбісінде тойланып жүр. Сол мереке келіп қалыпты. Оралда мүйізі қарағайдай жеті аутокәсіпорын бар болатын. Ірі ұйымдар, облыстың аутотасымалын қайыспай атқарып жүрген олардың басшылары – орыс ұлтынан, шеттерінен дөкейлер. Ерекең солардың бәріне арнайы барып, қабылдауларында болды. «Төл мерекелеріңіз келіп қалыпты, облыстық газеттерге құттықтау беріп, қызметкерлеріңізді құттықтасаңыздар қалай болады?.. Сондай-ақ тындырған жұмыстарыңыз, болашақтағы жоспарларыңыз туралы сұхбат берсеңіздер, оған жарнама материалдар ретінде ақы төлесеңіздер?..» деп өтініш салды. Бір қызығы, жеті кәсіпорынның басшылары Ерекеңнің ұсынысына шеттерінен бірі қалмай келіскені. Бәлки, жақындап қалған кәсіби мерекелерінің әсері ме екен, сол жерде бәрімен де келісімшартқа отырды. Мереке есік қағып тұр. Ал жеті кәсіпорынның жеті материалын сол аутотасымал қызметкерлерінің мерекесі күнгі нөмірге беру қажет. Яғни жеті материалды дайындап жазатын жеті тілші керек. Ерекеңнің міндетіне мақала жазып, дайындау кірмейді. Оның міндеті – жарнама, ақылы материалдар беретін мекеме-ұйымдарды іздеп табу,  басшыларымен келісу, келісімшартқа отыру, арғы жағын, матералдарды дайындауды газет тілшілері өздері атқарады. Жұмысқа келсе, тілшілер іссапарда, жиналыстарда, кезекті мақалаларын дайындау үстінде, бос адам жоқ. Енді қайтті, осыдан үлгермесе, серіктестікке өз аяғымен келіп, кіргелі тұрған қарайған ақшадан қағылады. Сосын келісімшартқа отырып тұрып, уәдесін орындамаған адамға ол мекемелер енді қайтып сене ме?.. Сенбейді ғой, сөйлесуден қашады  ғой... Сасып, серіктестік директоры Қаршыға Ғалиасқарұлына кірсін. Комсомол, партия жұмысында ысылған азамат қой, мүмкіндікті жіберіп алмау керек екенін бірден түсінді. Редакторларды, олардың орынбасарларын шұғыл жинап, «Ермек Темірғалиұлына көмектесу керек, жеті кәсіпорынды бөліп алып, осы қазірден бастап, материалдар дайындауға кірісіңіздер. Владислав Петрович (бұл азамат «Приуралье» газетінің бас редакторы еді), сіз Ермек Темірғалиұлына сұрақтар дайындап беріңіз, ол өзі де бір кәсіпорынның басшысынан сұхбат алсын!» деді. Содан бас редакторлардан бастап, қатардағы тілшілер де мерекелік сұхбаттарды дайындауға шұғыл кірісіп кетті. Ерекеңе сұрақты Владислав Ярлов дайындап беріп, өзі бір кәсіпорынға шұғыл аттанды. Осы арада Ерекеңнің сасқаны өз алдына,  директор Қосановқа кіріп, елдің бәрін дүрліктіргеніне шындап қысылды. Бірақ бәрі ойдағыдай болды, жеті кәсіпорынның басшысы да бірі қалмай, жарыса сұхбат беріп, ақылы материал үшін серіктестікке ақша аударып, екі жақ та бірдей риза болды. Сонда ғой, кешегі механизатор, озат комсомол, өндіріс-шебері, милиционер аяқ астынан, «қысылғаннан қыз болып» дегендей, «тілші» болып  (бас редактор Ярловтың арқасында), №1 жолаушы-көлік кәсіпорнының басшысы Семён Хаймович Кустановичтен сұхбат алатыны... Әрине, оны газетке шығарарда бас редактор Владислав Ярлов қатырып тұрып өңдеп берді ғой.

Міне, сол Ерекең бүгінде 70-ке толып жатыр. Жан жары Күнсұлу Балтабайқызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, үшеуінде оқытып-тоқытып, қалаған мұраттарына жеткізіп, олардан немере-жиен сүйіп отыр. Құдайға шүкір, әлі тың, қуатты, «Жайық  Пресс» медиахолдингінің сапында келе жатыр. Оған қоса, қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасынан табылып, Желаев кентіндегі ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін алты жылдан бері талмай тартып келеді. Тарта бер, алға қарай, Ереке!

 

Есенжол  Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале