Орал қаласындағы Д. Қонаев көшесіндегі №77 үйдің қабырғасына ҰОС ардагері, қоғам қайраткері Ғаббас Ғалиевке арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақтанының ашылу рәсіміне Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, жұбантанушы, ақын Үзілдік Елеубайқызы және қайраткер тұлғаның көзін көрген азаматтар, туыстары мен ұрпақтары қатысты.
Ғаббас Ғалиев 1921 жылдың 19 қаңтарында сол кездегі Орал облысына қарасты Ақжайық ауданы Шалқар ауылында жарық дүниеге көрінген. Бала күнінен тұрмыс тауқыметін көрген Ғаббас Ғалиұлы әкеден жеті, анадан тоғыз жасында айырылып, жетім қалады. Бауырына басар ет жақындары болмағандықтан, ол 1930 жылы Орал қаласындағы балалар үйіне орналастырылады. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді Ақтөбе қаласына ауыстырады дегенді естігенде өзін Шалқардағы мектеп-интернатына жіберуді өтінеді. Оның бұл өтініші мақұлданып, туған жерінде білім алады. 1942 жылдың алтыншы қаңтарында әскер қатарына алынып, майдан даласына аттанады. От пен оқты қатар кешкен майдангер Жеңіс жолында жаумен жан аямай күреседі. 1946 жылдың маусымында майдан даласынан амансау оралып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, коммунистік партия құрамында қызмет атқарады. 1948 жылы өмірлік серігі Ұмсындық Мұхамедқалиевамен отасып, Күләнда, Гүлнәр, Гүлжиян есімді үш қызды тәрбиелеп өсірген.

Ескерткіш тақта орнатылған Д. Қонаев көшесі 77 мекенжайындағы тұрғын үйде Ғаббас Ғалиұлы 1991-1999 жылдары аралығында тұрған. Бұл ескерткіш тақта баспана тұрғындары мен маңынан өткен азаматтар марқұм майдангерді еске алып тұрсын деген ниетте қондырылған. Ашылу рәсімінде Ғаббас Ғалиевтің көзін көрген ардагерлер Сейілхан Мыңжасов пен Шатлан Мұрадымов ескерткіш шымылдығын түріп, естеліктерін айтты. Одан кейін жиналған қауым гүл шоқтарын қойды. Қызы Гүлжиян Ғаббасқызы ескерткіш тақтаның ашылуына қолдау білдірген барша азаматқа алғысын білдірді. Айта кетелік, аталмыш рәсімге Ғаббас Ғалиевтің қыздары Күләнда мен Гүлнәр Алматы қаласынан арнайы келген. Бүгінде қыздарының барлығы дерлік зейнет жасында.
Нұрым Қайырболатұлы,
Орал қаласы