Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Бұл жолда бас қаланың тазалығы мен жайлылығы үшін күн сайын таңмен таласа тұрып, қар күреп, қоқыс жинап жүрген жандардың еңбегі – көзге көрінбегенімен, елге тигізер пайдасы орасан. Осындай жандардың бірі – «Астана Тазалық» ЖШС мекемесінің жауапты шебері, Гүлнар Ашырбекова.

Гүлнар 2013 жылдың 9 қаңтарында еңбек жолын қарапайым жол жұмысшысы ретінде бастады. Сол жылы қыс қатты болған еді. Ол алғашқы жұмыс күні қолына күрек алып, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалаумен айналысты.
- Еңбек жолының алғашқы күні әркімнің жадында сақталары сөзсіз. Мен үшін де бұл күн ерекше есте қалды. Аялдамаларды қардан тазартып, адамдар жүретін жолдарды ашып беру сияқты қарапайым, бірақ қоғам үшін аса маңызды іспен басталды. Қар күреу, боранда жұмыс істеу, аязға қарамастан халыққа қолайлы жағдай жасау — оңай шаруа емес. Әсіресе боран кезінде табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру көп күш пен төзімділікті талап етеді. Мұндай сәттерде өз-өзіңе деген сенім, төзімділік, сабыр мен күш басты серігіңе айналады, - дейді кейіпкер.
Сол бір аязды күннен бастап адалдығы мен жауапкершілігін айқын көрсеткен Гүлнар алты жыл бойы осы жұмысты табандылықпен атқарып, 2019 жылы бригадир қызметіне көтерілді. Сол жылдың желтоқсан айында «қолмен жинау жөніндегі шебер» лауазымына ұсынылып, бүгінгі күнге дейін осы маңызды қызметті абыроймен атқарып келеді.

Қазіргі қызметіндегі негізгі міндеті – жол жұмысшылары мен арнайы техникаларды ұйымдастырып, қаланың тазалығы мен тәртібіне үлес қосу.
Бүгінде Гүлнар Мырзабекқызы жол жұмысшыларының күнделікті жұмысын ұйымдастырып, техниканың қай көшеде жұмыс істейтінін жоспарлап, қаланың тазалығы үшін жүйелі жұмыс жүргізеді. Қыста – қар, көктемде – лай, жазда – шаң, күзде – жапырақ. Қай мезгілде де тынымсыз еңбек.

– Бұл жұмыстың қиындығы да, жауапкершілігі де көп. Әсіресе боран, көктайғақ күндері техника қозғалысы қиындап, үйлесімді әрекет пен ерекше мұқияттылықты талап етеді, – дейді шебер.
Гүлнар үшін «Астана Тазалық» ұжымы – мақтаныш. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп отырады. Айтуынша, нағыз жақсы шебер болу үшін тек кәсіби шеберлік емес, адаммен тіл табыса білу, ұжымға түсіністікпен қарау, әр еңбекті бағалау өте маңызды.
Ол Астана қаласының Есіл ауданындағы Бәйтерек учаскесінде жұмыс істейді. Күн сайын осы ауданның тазалығы мен көркем көрінісі үшін еңбек ету – үлкен мақтаныш.

Таңмен таласқан тіршілік. Шебердің жұмыс күні таңғы 3:00-де басталады десек артық айтпаймыз. Ал 5:00-де жұмыс орнында болып, қызметкерлерді қабылдап, күндік жоспарды нақтылайды. Астаналық жол жұмысшылары үш ауысымда еңбек етеді:
– 1-ауысым: 06:00–15:00,
– 2-ауысым: 08:00–17:00,
– 3-ауысым: 20:00–05:00.
Барлық қызметкердің жұмысқа келуі мен аман-есен үйлеріне қайтуы – шебердің тікелей бақылауында. Ол бұл режимге 13 жылда әбден бейімделген.

Гүлнар Мырзабекқызы 1971 жылы 9 маусымда Қарағанды облысы Нұра аудан Донской ауылында (қазіргі Құлан Өтпес) дүниеге келген. Негізгі мамандығы – сатушы. Дегенмен ол тазалық саласын жүрек қалауымен таңдағанын мақтанышпен айтады.
– Әйел адам ретінде бұл салада жұмыс істеу оңай емес. Бірақ бұл қиындықтардың арасында жылу мен мейірімділік те бар. Мысалы, ұжым арасында дос, апа-сіңлі табасың. Мен алғашқы рет шебер болып барған бригадамда көбіне әйел адамдар жұмыс істеді. Бірінші күннен бастап олармен тез тіл табысып, бір үйдің адамындай болып кеттік. Сол күннен бастап әзілдеп, бірлікте жұмыс істедік. Сол адамдармен әлі күнге дейін араласамын, – дейді ол күлімсіреп.
– Жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдік – бұл үлкен өнер. Мен үшін отбасы да, жұмыс та маңызды, алайда жұмысқа көбірек көңіл бөлемін. Өйткені бұл – менің қоғамға қосқан үлесім, жауапкершілігім, - деп жалғады сөзін Гүлнар.

Еңбекқор әйел жұмыстан тыс кез гүл өсіріп баптайды екен. Үй гүлдерін отырғызғанды ерекше жақсы көреді. Кеңседе үй гүлдерін толтырып отырғызған, ауласына да гүлдер еккен. Жақындарыммен уақыт өткізіп, дүниедегі ең қымбат жан, тәтті немересі Айсезіммен серуендеуді ерекше жақсы көреді.

Гүлнар Ашырбекованың кәсіби жолы – қарапайым адамның қажырлы еңбекпен биікке жетуінің және «Таза Қазақстан» идеясын өмірімен дәлелдеп жүрген жанның жарқын бейнесі. Ол – адал еңбегімен ел құрметіне бөленген нағыз еңбек адамы. Оның әр күні – тазалық, тәртіп, адамдықпен өрілген. Осындай жандар арқылы қала тынысы тазарып, қоғам тіршілігі жеңілдей түседі.
Динара Насыр
Батыс Қазақстан облысы,
фото кейіпкердің жеке архивінен
zhaikpress.kz