4.07.2025, 21:00
Оқылды: 323

Казталовта тұрғындарға баспана кілті табысталды

Бүгін Астана күні мерекесі қарсаңында Казталов ауданы орталығында және Бірік ауылдық округінің Әжібай ауылында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищанов, еңбек ардагерлері, қос ауылдың тұрғындары қатысты.

IMG_0176

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспана мәселесін шешу қажеттігін айта келе: «Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыру қажет. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне барынша жағдай жасауымыз керек» – деп Үкіметке тапсырма берген болатын.

Президенттің тапсырмасына сәйкес былтырғы жылы Казталов ауданы бойынша 28 елді мекенде үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап қос пәтерден 142 үйге қаржы бөлініп, салынып, қолданысқа берілген болатын. Ал биылғы жылы осы бастама тағы жалғасын тауып жатыр.

IMG_0147

Аудан басшысы баспанаға ие болған азаматтарды құттықтап, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыс етті.

«Қадірлі жерлестер! Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмалары аясында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді табыстау – мемлекеттік қолдаудың жарқын көрінісі.
Бүгінгі күні Әжібай және Казталов ауылдарында кезекте тұрған бірқатар азаматтарға жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстап отырмыз. Бұл баспаналар – жай ғана қабырғасы бар құрылыс емес, бұл – жаңа өмірге, жаңа үмітке бастар жол. Бұл – Президент пен Үкіметтің қамқорлығының нақты көрінісі.
Халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Ауданымызда тұрғын үймен қамтудан бөлек, жол, ауыз су, білім, денсаулық салаларында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Бүгін қоныс тойын тойлап жатқан әр отбасының шаңырағында шаттық пен жылылық орнасын. Жаңа үйлеріңіз тек ырыс пен берекенің ордасы болсын! Отбастарыңызға амандық, зор денсаулық, шаңырақ шаттығын тілеймін!» деген тілегін жолдады Асланбек Ахметоллаұлы.

Әжібай ауылында жаңа баспана кілтін торқалы тоқсан жасқа келген тыл ардагері Сәния Ғазизова мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Гүлназ Мақашева алса, Казталов ауылында жас отбасы Амангелді Сариев пен жалғызбасты ана Нұрзия Ғазизжановаға табыс етілді.

Айта кету керек, аудан орталығындағы тұрғын үйдің құрылысын кәсіпкер Самат Шакуов салса, Әжібай елді мекеніндегі тұрғын үйдің құрылысын Руслан Тілеуғалиев жүргізіп, сапалы түрде тапсырып отыр.

Баспана иелері мемлекеттік бағдарламаның ауданда жүзеге асуына ықпал еткен аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.
— Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл-аймақтарды дамыту бойынша берілген тапсырмасының арқасында баспаналы болып жатырмыз. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына ат салысқан барша азаматтарға және жаңа баспана салып берген балаларыма ризашылығымды білдіремін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, - деген ақ батасын жеткізді тыл ардагері Сәния Ғазизова.

IMG_0171

Жас отбасының отағасы Амангелді Сариев мемлекеттік бағдарламаға ризашылығын білдірді.
— Былтырдан бастап ауданымызда тұрғын үйлердің салынуы қуантарлық жәйт. Алдымен халық баспаналы болып қалмақ. Содан соң жаңа үйлер ауылдың ажарын келтіреді. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен жаңа баспаналар бой көтергеніне баршамыз куәміз. Мен отбасыммен он жылдың үстінде пәтер жалдап келдім. Үй кезегінде тоғыз жыл тұрдық. Аудан орталығынан үйлер салынып жатқанын көріп: «Қашан біздің осындай үйіміз болады екен» деп армандайтынбыз. Бүгін әкімшіліктен хабарласып: «Үйдің кілтін аласыз» дегенде, төбеміз көкке жетіп қуандық. Көптен күткен арманымыз орындалды десек болады. Осындай игі жұмысты ұйымдастырған барша ауданның атқамінер азаматтарына және үй салған мердігерге отбасымның атынан алғыс айтамын! Баспанаға ие болып отырған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, берекелі баспанада бақытты ғұмыр кешіңіздер! - деді ол.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале