Казталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында Қазақстан Республикасының елордасы – Астана күніне және ұлттық Домбыра күніне арналған «Астана – Арман қала, рухтың үні – домбыра» атты мерекелік шара өтті.

Саябақтағы сахна төрінде Ұлттық Домбыра күніне арналған музыкалық композиция көрсетілді. Күйшілер тобы Құрманғазының «Адай» күйін орындап, шараға жиналған көпшілікті бір серпілтіп тастады. Ортаға термешілер тобы шығып, әдемі термелерді әуелетті. Елімізге белгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблі шараның шырайын аша түсті.
Композиция соңы Оралхан Ерғалиев пен Алтынбек Жасқайраттың «Домбырасыз ән қайда» әнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шарада сөз алған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жиналған көпшілікті қос мерекемен құттықтады.

— Қадірлі жерлестер!
Бүгін біз ел тарихында маңызы зор қос мерекені – Астана күнін және Ұлттық Домбыра күнін салтанатты түрде атап өтудеміз. Баршаңызды айтулы мерекелермен шын жүректен құттықтаймын!
Астана — халқымыздың тарихи тағдырымен сабақтасқан, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мен елдігіміздің бейнесіне айналған Елорда. Бұл — бір ғана қаланың емес, бүкіл ұлттың арманына айналған алып орда.
Сонымен қатар шілде айының алғашқы жексенбісі – Домбыра күні. Домбыра – халқымыздың жаны, ұлт рухының терең тамыры. Екі ішектің үнімен елдің тарихы, тағдыры, шежіресі өрілген. Домбыра – тек музыкалық аспап қана емес, ол – ұлттық болмыстың нышаны, рухани мұрамыздың мәңгілік жәдігері.
Ардақты ағайын!
Астана мен Домбыра – екеуі де елдіктің нышаны. Бірі – мемлекетіміздің келбеті болса, екіншісі – халықтың рухани жүрегі. Осындай мерекелі күнде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел бірлігі мен ынтымағы жолындағы істеріңізге табыс тілеймін,- деген тілегін жеткізді аудан басшысы.

Шарада марапатқа кезек берілді. Асланбек Ахметоллаұлы «Жұмысшы мамандықтар жылына», Астана күніне және Домбыра күніне орай бір топ азаматтар мен жанұяларды марапаттады. Сонымен қатар аудан әкімі Қараоба әкімі аппаратына жаңа
Нива автокөлігінің кілтін табыс етті.
Мерекелік шара С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздары дайындаған концертке ұласты.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы