9.07.2025, 15:15
Оқылды: 142

Грант сұраныстағы салаға бағытталуы тиіс

Қазақстанда ҰБТ-ның негізгі кезеңі аяқталды. Биыл 216 мыңнан астам мектеп түлегі тест тапсырып, армандаған оқу орнына түсуге үміт артты. Алайда олардың бәріне бірдей тегін білім бұйырмайды: мемлекеттік гранттар саны небары 71 мың деп Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады (https://app.testcenter.kz/auth).

Hands of an Asian woman studying in a coworking space

Сурет: istockphoto.com

Бұл көрсеткіштің өзінде әлеуметтік жеңілдігі бар топтарға (көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетімдер, ерекше қажеттілігі бар жастар, педагогтердің балалары және т. б.) бөлінетін  квоталар да бар.

Бұл – әр үш түлектің біреуі ғана грант иегері атануы мүмкін деген сөз. Ал жеңілдіктерден тыс талапкерлер үшін мүмкіндік одан да төмен. Нәтижесінде тіпті жоғары балл жинаған түлек те грантсыз қалуы ғажап емес.

– Мен 106 балл жинадым. Бірақ IT саласына түскім келеді, ал ол жақта бәсеке күшті. Оқу орнына түсе алмай қаламын ба деп уайымдаймын, – дейді Оралдағы №44 мектептің  түлегі  Айдана.

Биылғы ең сұранысқа ие бағыттар – медицина, IT, менеджмент және заң салалары.

Бұл мамандықтар үшін бір орынға 15-20 талапкер таласады. Ал кейбір сирек таңдалатын бағыттарда гранттар игерілмейді. Бұл – жүйенің сұранысқа сай икемсіздігін көрсетеді.

Қоғамда бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Гранттар нағыз қажет салаға бөлінбейді. Білім беру жүйесінде сұраныс пен ұсынысқа икемделетін икемді механизмнің болмауы – мыңдаған орындардың босқа кетуіне, ал қабілетті талапкерлердің қаржылық  тапшылықтан өз әлеуетін жүзеге асыра алмауына  себеп  болып  отыр.

Грант саны оқығысы келетін жастардың нақты санымен сәйкес келмейінше, жоғалатын нәрсе – тек балл емес, армандар,  мүмкіндіктер  мен  болашақ  болмақ.

Мәдина Асқар,

Ахмет Байтұрсынов  атындағы  №10  мектептің  түлегі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале