9.07.2025, 17:15
Оқылды: 349

Тұтынушының құқығын кім қорғайды?

Жазғы демалыс маусымы басталысымен өңіріміздегі саябақтар, жағажайлар мен демалыс орталықтары демалушыларға құшағын айқара ашты. Алайда осы кезеңде демалыс нысандары мен келушілер арасында азық-түлік өнімдерін әкелуге қатысты шектеулер жайлы даулы мәселелер жиі туындап отыр.  Осыған орай «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың қатысуымен арнайы кездесу өткізді. 

73d91be6-e39c-4f95-a374-5a0efa051ac0 (1)

Департамент басшысы Э. Қиматованың айтуынша, демалушы тұрғын билет сатып алмас бұрын нысан аумағында қолданылатын барлық шектеулер мен тыйымдарды мұқият оқып, танысуы тиіс.

– Кәсіпкер өз кезегінде бұл шектеулер туралы ақпаратты нысан кіреберісіне қазақ және орыс тілдерінде, үлкен әрі оқуға ыңғайлы қаріппен іліп қоюға міндетті, – деді Эльмира Нұрқызы.

Егер хабарландыру болмаса және келуші өзімен бірге тамақ әкеліп, әкімшілікпен келіспеушілік туындаса, онда тұтынушыны уәкілетті құрылым – сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті қорғайды.

Кездесу барысында спикер демалыс орны иелері мен жалға алушыларына арнайы жадынама әзірлеуді ұсынды. Онда от жағуға, тамақ әкелуге, жануарлармен кіруге қатысты тыйымдар мен ережелер айқын көрсетілуі тиіс.

– Мұндай жадынамалар кәсіпкерлер мен келушілер арасындағы түсінбеушілікті болдырмауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектеседі, – деп атап өтті Эльмира Қиматова.

Жиында спикер көптеген демалушылардан демалыс орындарындағы астрономиялық бағаларға қатысты шағымдар түсіп жатқанын да жасырмады. Әсіресе көпбалалы аналар ауыз судың бірнеше есе қымбатқа сатылатынына наразы.

– Егер келушілерге азық-түлік әкелуге тыйым салынса, онда сатылатын өнімдердің бағасы қолжетімді болуы керек. Әрбір азаматтың қалтасы көтере бермейтін баға саясаты тұтынушының құқығын бұзады, – деді Э. Қиматова.

Бұл мәселеге жауап ретінде кейбір кәсіпкерлер көтерме сауда жасайтын саудагерлердің азық-түлік пен сусындарды тым жоғары ұсынып отырғанын айтты. Алайда департамент басшысы бұл әрекет заңсыз екенін ескертіп, мұндай деректерді уәкілетті құрылымдарға дер кезінде хабарлауға шақырды.

Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, құқықтық тұрғыда нақты жауаптар алғандары үшін ризашылығын білдірді. Олар алынған ақпаратты өз қызметінде міндетті түрде қолданатындарын айтты. Айта кетейік, демалыс орындарындағы шектеулер мен баға саясаты тұтынушының құқығына тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіпкерлер де, келушілер де өз құқықтары мен міндеттерін жақсы білуі тиіс. Басты мақсат – заң талаптарын сақтай отырып, жайлы әрі қауіпсіз демалыс жағдайын жасау.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале