Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңірлердің дамуы мен тұрғындардың қажеттіліктерін басты назарда ұстауды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов және аудандық мәслихат депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Дулат Рахматуллин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты бастаған делегацияны Ақжайық ауданымен шектесетін аймақтан күтіп алып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Аудан басшысы өз сөзінде аудандағы басты мәселе киіктің басым бөлігінің шоғырлануы мен су қорының аздығы екенін баса айтты. Жоғарыдан келген су қорын жинақтау мақсатында Жалпақтал су қоймасын салу жоспарланып отыр. Жоба көлемі 28 млн текше метрді құрайды. Серік Сәрсенұлы су қоймасының жобасымен танысып, Үлкен өзендегі су қорын бақылады. Аталмыш жобаны «Қазсушар» РМ БҚОФ Казталов учаскесінің бастығы Еркебұлан Ермұханов таныстырды. Мәжіліс депутаты мәселені жан-жақты зерделеп, салалық министрлікке тиісті ұсынымдар беретінін жеткізді.

Халық қалаулысы Ақпәтер ауылына бет бұрып, тарихи-өлкетану мұражайының жұмысымен танысты.

1986 жылы жоспарланып, 1992 жылы ғимараты салынған музейдің негізін қалаған — Ақпәтер ауылының тұрғыны, Жаңақала, Казталов аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кәрім Тәжмағанбетұлы Өтеғұлов. 2013 жылы іске қосылған музейде қазақ халқының тұрмысы мен әдет-ғұрпынан, еліміздің, ауданымыздың тарихынан сыр шертетін жәдігерлер, құнды деректер жинақталған. Ашық аспан астындағы музейде 60-тан аса техника, ХІХ ғасырға тән құрал-жабдықтар, партия көсемдерінің, қоғам қайраткерлерінің бюст мүсіндері және он екі қанатты киіз үй халық назарына ұсынылған.

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары ауданымызға жұмыс сапары барысында «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің балық шаруашылығын дамыту жобасымен танысты. Жеке кәсіпкер Әлібек Сартаев «Сокрыл» көлі маңынан демалыс аймағын іске қосып, қонақ үйдің құрылысын жүргізуде. Сонымен қатар кәсіби мамандардың қатысуымен балық шаруашығын дамытуға ден қойып отыр. Серік Сәрсенұлы кәсіпкердің идеясы қолдауға тұратынын атап өтті.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде балық шаруашылығын дамытуға ден қою қажеттігі жөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Парламент қабырғасында да балық өсіру шаруашылығын дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Ауылдық жерде балық өсіру кәсібін іске қосу өте орынды бастама. Заң кабинетте отырып қабылданбауы тиіс. Сондықтан біз өңірлерге жұмыс сапарымыз барысында халықпен, кәсіпкерлермен, жергілікті атқарушы органдар және өкілетті органдармен кездесіп, ұсыныстарды жинақтаудамыз. Сіздердің ауданда балық өсіруге, дамытуға қатысты ұсыныстарыңызды Мәжілісте көтеріп, салалық министрліктермен бірлесе жұмыстанатын боламыз, — деді халық қалаулысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитет мүшесі Серік Ерубаев ауданымызға жұмыс сапары барысында «Казталов-Фомин» өткізу бекетіне барды. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы депутатқа аталған өткізу бекеті жөнінде ақпарат беріп, бекетті жөндеуден өткізу, қоршау, шекараға дейін жолды асфальттау жөнінде мәселелер көтерді. Ал аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин шекарадағы қоршаудың жоқтығы шаруаларға да қиын соғып отырғанын жеткізді.
— Шекара стратегиялық маңызы бар аймақ. Ал шекара маңындағы ауылдар мен елді мекендердегі шаруалар қоршаудың жоқтығынан зардап шегуде. Өйткені шекара маңындағы ағайынның малы Ресей Федерациясына өтіп кетіп жатыр. Оның үстіне жолды жөндеуден өткізу де қажет. Шекарашылардың да материалдық-техникалық базасын жаңарту, нығайту керек. Бұл халықтың қауіпсіздігі, құқығын қорғау үшін маңызды. Осы орайда геосаяси ахуалды ескергеніміз жөн, — деді ол.

Қазіргі таңда «Казталов-Фомин» өткізу бекетінен жұма, сенбі, жексенбі күндері күніне шамамен 20-дан астам азамат шекара арқылы көрші мемлекетке өтеді. Ал жергілікті атқарушы орган мен өкілетті органның пікіріне құлақ түрген Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев мәселені шешуге атсалысатынын жеткізді. Содан соң аудан орталығында сот ғимаратының жобасымен танысты.

Айта кетейік, ауданымызға жұмыс сапарымен келген делегация құрамында «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының аппарат жетекшісі Айсұлу Қондыбаева, «СМ Клиника» ЖШС директоры, партия мүшесі Жасұлан Исмағұлов, партия мүшесі Мұханбет Бөлеков, «Ақ жол» ҚДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Айгүл Туркина, облыстық мәслихат депутаты Ержан Хасанов, Орал қалалық мәслихатының депутаты Айбек Қайырғалиев, Бөрлі аудандық мәслихатының депутаттары Серік Дүйсенов, Бахытжан Гадельшиев болды.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі