10.07.2025, 17:45
Оқылды: 208

Батыс Қазақстанда суға батып кеткендер саны 20-ға жетті

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері су айдындарында 20 адамның батып кету дерегі тіркелді, - деп жазады kaz.inform.kz.

жп су

Сурет сайт архивінен

БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бақытжан Ихсановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде үшеуі (Орал қаласы — 1, Бәйтерек ауданы — 2) — кәмелетке толмағандар.

Бақытжан Мағзомұлының сөзіне қарағанда, 10 оқиға (үшеуі — бала) шомылу кезінде болды.

— Биыл суға кеткендер саны едәуір көбейіп отыр. Айталық, өткен жылы осы себептен барлығы 16 адам көз жұмса, соның алтауы — балалар. Соның ішінде 14 оқиға (4 бала) шомылу маусымы кезінде болған. Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 54 адам және 3 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 814 мың 374 теңге айыппұл салынды, — деді Бақытжан Ихсанов.

Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері күн қатты ысып тұр. Айталық, 10 шілдеде күннің 35-38 градусқа дейін ысып, өрт қаупі күшейетіні туралы ескерту жарияланды.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, 9 шілде күні Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында қайғылы оқиға болды. 6-сыныпты бітірген бала суға кетіп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 600-ге жуық адамға айыппұл салынғанын жазған едік.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале