11.07.2025, 12:30
Оқылды: 293

"Creation league" жарысы мәресіне жетті

Мамыр айында басталған "Jaiyq ligasy" турнирі аясынлағы "Creation league" жарысында тер төккен түрлі сала мамандары бәсекесі мәреге де жетті. Мәдениет, заңгерлік қызмет көрсету, БАҚ пен спорт саласының өкілдері жасыл алаңда жолығып, доп қуған екі айлық дода жай ғана жарыс емес, көпшілікті спортқа жұмылдырған жарқын үлгі болды.

IMG_0218

Әдетте кеңсе төрінен табылатын, қолына қалам мен құжат ұстаған мамандардың жасыл алаңдағы тартысы "Жайық Арена" маңындағы алаңда анық байқалды. Апта сайын алаң жиегінде қиқу салып, трибунада толқыған көрермен тартыстың шын мәнінде жанды дүние екенін көре алды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткен бұл бастама спортқа деген қызығушылықты, достық пен бәсекелестік рухты оятты.

IMG_0268 (2) IMG_0279 IMG_0321

Сегіз команда сынға түскен доп дода нәтижесіне келсек, үшінші орын – "ТүгелLive" youtube арнасы командасына, күміс жүлде – "Мәдениет Орал" командасына, ал алтын тұғыр – спорт басқармасы мамандарына бұйырды.

IMG_0250

Жеке шеберлік те ескерусіз қалмады. Әдемі ойынымен көзге түскен Серік Ихласов – "Ардагер ойыншы", Нұрбол Құмарша – "Үздік қақпашы", Ержол Наурызғалиев – "Үздік қорғаушы", Ержан Рахымжанұлы – "Үздік шабуылшы", Азамат Ұзақов – "Сұрмерген" аталымына ие болды. Ал турнирдің ең шоқтығы биік ойыншысы – Тарас Жауымбаев атанды. Бұл  құр атақ емес, тер мен табандылықтың өтеуі.

IMG_0334

Жарыстың жабылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов арнайы қатысты.

– Турнир бірнеше ай бойы қызық пен тартысқа толы өтті. Президентіміз бұқаралық спортты дамытуды жиі айтып жүр. Бұл бастама соның нақты көрінісі. Осындай жарыстар халықтың спортқа деген ықыласын оятып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етеді. Алдағы уақытта да мұндай бастамалар жалғасын табады, – деді Мирболат Нұржанов.

"Creation league" – жай ғана лига емес, ұжым мен ұйымдардың ынтымағын, ұлт денсаулығына қосқан үлесін көрсеткен ерекше дода болды.

 

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале