14.07.2025, 23:00
Оқылды: 287

Бәйтеректік ардагер футболшылар ел намысын абыроймен қорғады

Шілденің аптабы қаһарына мінген шақта Волга бойындағы Хвалынск қаласы футбол орталығына айналады. Жыл сайын көк майса төсенішін футбол добымен еркелететін бұл қала осымен 28-ші мәрте Ресей құрамасы мен аты аңызға айналған «Дина» (Мәскеу) командасының шабуылшысы Константин Еременконы еске алуға арналған дүбірлі дода жалауын желбіретті.

bad7efd6-9607-49e5-b7f4-bbf002645023

Бұл жолы да жас өрендер мен спорт ардагерлері жасыл алаңда күш сынасты. Дәл осы турнирдің ардагерлер арасындағы сынында Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының Переметное командасы өнер көрсетті.

Көк байрақты арқалап келген қазақ жігіттері жеребеге қарай В тобына түсті. Қарсыластары — Ершов, Хвалынск және Мәскеу облысының «Авангард» командасы. Топтағы алғашқы кездесуде «Авангардпен» айқасып, тең тарқасты. Артынша Ершовты 5:2 есебімен жер соқтырып, Хвалынскті 1:0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша жартылай финалға жолдама алды.

5bd2329b-842d-499a-aaa4-58d22c00e8d9

Алайда жартылай финалда Саратовтың сыр бермейтін саңлақтарына есе жіберіп, алтыннан үміт үзіліп кетті. Бірақ бәйтеректіктер шегінбеді, шайқасты. Қола үшін өткен кездесуде жергілікті Хвалынскті 2:0 есебімен жеңіп, жүлделі орыннан көрінді. Бұл – ерлік. Бұл – намыс. Бұл – қазақ елінің ардагер аяқдопшыларының шекара асып барып, намысты қолдан бермегенінің көрінісі.

Қақпада – қырағы Арман Мұқатаев. Оның сейвтері көрерменнің де, қарсыластың да таңдайын қақтырды. Сондай сенімді ойынының арқасында Арман "Үздік қақпашы" атанды. Ал алда — алда от пен оқтың ортасындай алқызыл алаңда Қанат Мәліков жүрді. Қарсыласты қапы қалдырған Қанат «Үздік шабуылшы» деген құрметке ие болды.

Мұндай байрақты додада марапат алудың өзі — мәртебе. Жүлделерді КСРО футболының көкжалдары – Ренат Дасаев, Вагиз Хидиятуллин, Юрий Гаврилов сынды саңлақтар мен "Дина" клубының ардагерлері Аркадий Белый, Олег Денисов және Александр Вережников өз қолымен табыстады.

3ba84469-cf9c-495f-92aa-ee3bf0f5613b

Міне, осылайша, Бәйтерек ауданының жігіттері өздерімен бірге намыс туын желбіретіп, Хвалынск төрінде қазақ футболының рухын асқақтатты.

Ала доп — шекара танымайды. Ал намысты ұл шекарадан қайтпайды. Былтыр да осы жарыста жүлдеге іліккен ойыншылар келер жылы алтын алсақ деген ойы барын жасырмайды.

Түгелбай Бисен

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале