16.07.2025, 16:30
Оқылды: 689

Әр ауылда бассейн болса, бала да шат, ата-ана да алаңсыз

Жаз шықса болды, балалардың асыға күтетін ермегі – суға шомылу. Алайда дәл осы мезгілде ата-аналардың уайымы екі есе артатыны рас. Әсіресе ауылдың іргесінде өзен, каналдар болса, баланың әрбір қадамына алаңдайтының рас. Өзен маңына барды ма екен, суға түсті ме, қасында біреу бар ма – ой сан-саққа жүгіреді-ау. Соңғы аптада бірнеше ауылдан ата-аналардың осы уайымын кеміткен жақсы жаңалықтар естілді.

3

Айталық, Тайпақ ауылындағы спорт кешенінің ауласына су жаңа каркасты бассейн орнатылды. Оған округтің бюджетінен бір тиын да шығарылмаған, ауылдың 1974 жылы туған азаматтары бастама көтеріп, ұл-қызға тарту еткен. «Балалар үшін» деген ниетпен жасалған бұл істің бүтін ауылға ортақ игілік екені анық. Ең бастысы – бассейнде балалар тегін шомыла алады. Ауылдық округ әкімдігі күтіп-ұстау, суын ауыстыруға арнайы бір қызметкерді бекітіп те қойған.

Көпбалалы ана Гаухар Биләлова – алаңы азайған тайпақтық ата-аналардың бірі.

– Балаларымыз Жайыққа қарай кеткен сайын, қорқатын едік. Су тілсіз жау емес пе, қанша таяз жерінде шомылса да, аяғы тайып кетіп, суға кетіп қала ма деп, көзден таса болса болды, өзімді қоярға орын таппайтын едім. Енді, міне, көз алдымызда, бассейнде шомылып, мәз-мейрам болып жүр. Көңіліміз жайланды, – дейді ол бассейнді тарту еткен түлектерге аналық алғысын ақтарып.

Жоғарыда атап кеткеніміздей, осындай бассейндер ауданымыздың тағы бірнеше ауылында орнатылған. Бүгінде Мерген және Қарауылтөбе ауылдарында да балалар жаздың қызығына батып, қауіпсіз бассейнде шомылу мүмкіндігіне ие болды. Ал Чапаевта орталық саябақтың жанынан орнатылады.

Балалардың судағы қауіпсіздігі – бейжай қарайтын мәселе емес. Аудан бойынша төтенше жағдайлар бөлімі мен №6 құтқару жасағы күнделікті сағат 14:00-тен 22:00-ге дейін су айдындарын моторлы қайықпен патрульдеп жүр. Шомылу маусымы  басталғалы бері қауіпсіздіктің күзетіне тұрған мамандар 186 рет рейд ұйымдастырылып, тиым салынған жерлерде суға түскендерге ескерту берген. Тыйым салынған 49 орынға арнайы белгілер орнатылып, 20-дан астам ақпараттық баннер ілінген. Рұқсат етілмеген жерлерде суға түскендерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша айыппұл да салынуда.

Жаздың қызығын суда емін-еркін шомылусыз елестету қиын. Бірақ сол қызықтың артында қауіп күтіп тұрмасын деп тілейік, соған қамданыс жасайық. Тайпақтық түлектердің ізгі үлгісін өзге ауылдарда да бастамашыл азаматтар іліп әкетіп, балаларды солай қуантса, ата-аналардың алаңын азайтып, разыласа, нұр үстіне нұр емес пе?!

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале