17.07.2025, 16:15
Оқылды: 251

20 адам суда ажал құшқан

Облыстық төтенше жағдайлар  департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Бақытжан  Ихсанов су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейетінін айтты.

Pair of Female Hands In Blue Sea Water stock photo.

Сурет: istockphoto.com

2023 жылы су нысандарында бұқаралық демалыс, туризм және спортпен айналысу үшін 31 арнайы орын бекітілген. Оның 10-ы – коммуналдық жағажайлар (соның ішінде 5-еуі – балалар лагерьлерінің аумағында), ал 21-і – жеке жағажайлар. Қазіргі таңда жаңа қаулы жобасы әзірленіп, келісу үшін облыс әкімдігіне жолданған. Онда шомылуға рұқсат етілген 34 орын қарастырылған. Бұған қоса, жаңадан бес жағажай ашылмақ. Оның екеуі – Орал қаласында, қалған үшеуі – Бәйтерек, Жәнібек және Теректі аудандарында.

– Су айдындарының түбін тексеру мен тазалау жұмыстары арнайы кесте бойынша өтініштерге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта 19 жағажай иесінен өтініш түскен. Білім басқармасы тарапынан да қауіпсіздік шараларына баса мән берілуде. Ата-аналарға судағы қауіпсіздік талаптары мен жазатайым жағдайлар туралы ақпарат жазылған жадынамалар таратылуда. Бұл – ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін маңызды қадам. Бүгінде облыс аумағында 35 рамалық-модульдік бассейн жұмыс істейді. Оның 21-і – қала сыртындағы балалар лагерьлерінде, 14-і – мектеп жанындағы лагерьлерде орналасқан. Шомылу маусымында төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін бес мобильді сүңгуір тобы, 28 жүзу құралы (екі құтқару қайығы, 15 металл моторлы және 11 үрлемелі қайық) мен 34 жиынтық сүңгуір жабдығы дайындалған. Қауіпті және жабдықталмаған су айдындарында патрульдеу жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып отыр. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері халық арасында түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізуде. Бүгінге дейін 650 рейд ұйымдастырылып, 8 мыңнан астам үгіт материалдары таратылған. Сондай-ақ 279 тыйым салу белгісі мен 44 ақпараттық баннер орнатылған. Мектеп жанындағы және қала сыртындағы барлық лагерьлерде судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары өтті, – деді Бақытжан Мағзомұлы.

Спикердің сөзінше, жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, биылғы жылдың басынан бері су айдындарында 20 адам көз жұмған. Оның үшеуі – кәмелетке толмағандар (Оралда – 1, Бәйтерек ауданында – 2). Қаза болған 10 адамның өлімі шомылу кезінде тіркелген. Салыстырмалы түрде, 2024 жылы 16 адам суға кеткен, оның алтауы бала болған. Судағы қайғылы оқиғалардың басты себептері – тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылу, мас күйде суға түсу, жүзе алмау, балаларды қараусыз қалдыру. Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес 54 жеке және үш заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы сомасы 814 374 теңге айыппұл салынған.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале